Мәдениет

Жас дирижерлердің байқауы

Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылды

Ақтөбе қаласының 155 жылдығы, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 80 жылдығы аясында Базарғали Жаманбаев атындағы «Алтын камертон» хор дирижерлерінің I республикалық ашық байқауы алғаш рет ұйымдастырылды. Байқаудың іріктеу кезеңіне Әзірбайжан, Ресей мемлекеттерінен, еліміздің Ақтөбе, Астана, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал, Павлодар, Талдықорған, Шымкент, Тараз қалаларынан 40-қа жуық өтініш қабылданды.

Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі Мербол Құспановтың айтуынша, байқау дирижерлік өнерді қолдауға, дамытуға, насихаттауға бағытталған және ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Базарғали Жаманбаевтың ұстаздық қызметіне арналды.

Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында халық артисі Базарғали Жаманбаевтан тәлім алғанымды зор мақтанышпен айтамын. Ол — Күләш Байсейітова атындағы Алматы мамандандырылған музыка мектебінің хор дирижерлеу бөлімінің алғашқы түлегі. Ол осы жолы байқауда қазылар алқасының төрағасы ретінде қатысып, жас дирижерлерді бағалады. Одан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хорының негізін қалаушысы, алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері Тұрым Алагөзов (Алматы), Антонина Нежданова атындағы Одесса ұлттық музыка академиясының студенттік хорының көркемдік жетекшісі және дирижері Галина Шпак (Украина), педагогика ғылымдарының докторы, композитор, Даугавпилс симфониялық және үрлемелі аспаптар оркестрінің, аралас және ерлер хорының көркемдік жетекшісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Евгений Устинов (Латвия) және тағы да басқа әлем мемлекеттерінен келген қазылар алқасының мүшелері мықтыларды анықтады. Қашықтан тыңдау нәтижесі бойынша «А» санатында 17, «В» санатында 11, «С» санатында 9 үміткер іріктеу кезеңіне жолдама алды. Байқаудың негізгі мақсаты — хор дирижері мамандығының мәртебесін көтеріп, дарынды және жас хормейстерлердің кәсіби дамуына көмек көрсету, — дейді Мербол Құспанов.

Қазақ камералық хорының алғашқы көркемдік жетекшісі болған Тұрым Алагөзов байқау қатысушыларының іс-шараға жоғары даярлықпен келгендігін айтады. Ол 2005 жылы Алматыдан қайта оралып, камералық хордың алғашқы көркемдік жетекшісі ретінде қызмет атқарды. Оның айтуынша, ауқымды іс-шараның Ақтөбеде ұйымдастырылуы дирижерлік өнерді дамытып, жас таланттардың өнерін шыңдауына мүмкіндік береді.

— Хор дирижерлерінің байқауы Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байқау қатысушылары «А», «В», «С» санаттары бойынша іріктелді. «А» санаты бойынша «Бастаушы дирижер» — арнаулы немесе мамандандырылған музыкалық оқу орындарының, «В» санаты бойынша «Жас дирижер» — жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынады. «С» санаты бойынша 35 жасқа дейінгі «Шебер»  — кәсіби дирижерлер, көркемдік жетекшілер, хор класының жетекшісі, хормейстерлері қатысты. Байқау қатысушылары Ғазиза Жұбанованың шығармаларынан бастап әлемдік деңгейдегі күрделі музыкаларды сүйемелдеді. Осы қатысушылардың арасынан болашақ хор дирижерлері мен мықты хормейстерлер шығатынына сенімім мол. Себебі үлкен ұжыммен жұмыс жасау, гастрольдік сапарларға шығу, камералық хордың концертін ұйымдастыру осындай жас дирижерлерге қойылатын басты талап деп білемін, — дейді ол.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың «А» санаты бойынша І дәрежелі лауреат дипломы — Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжінің 4-курс  студенті Әлихан Мұратқа (Астана),  «В» санаты бойынша І дәрежелі лауреат дипломы П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының  5-курс студенті Алмаз Раисовқа (Ресей) және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2-курс студенті Дәулет Жәнібекке (Алматы) табысталды. «С» санаты бойынша бас жүлде — Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хорының хормейстері Мәди Әбішевке (Ақтөбе) бұйырды. Сондай-ақ Базарғали Жаманбаев атындағы арнайы жүлде, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хорының артистерінің таңдауы, 2024-2025 жылдар аралығында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хорымен дирижер ретінде концерт өткізу бойынша номинация иегерлері анықталып, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Барлық жас дирижерлерге қатысқаны үшін арнайы диплом табысталды.

Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған Әлихан Мұрат болашақта мықты хормейстер болып, өз ісін жақсы көретін кәсіби мамандармен жұмыс жасауды армандайды.

Жас дирижер үшін осындай ауқымды байқауда өнер көрсету —  үлкен жетістік. Көптеген республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрмін. XXV халықаралық «Шабыт» фестивалінде 3-орынды жеңіп алдым. Қазір Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің 4-курсында оқимын. Байқау талабы бойынша жеребе арқылы түскен төрт шығарманың бірін фортепианода ойнадым. Екінші турда Ғазиза Жұбанованың «Жалғыз емен», Георгий Свиридовтің «Поёт зима» шығармаларын сүйемелдедім. Оқушы кезімде «Илигай» хорында өнер көрсеткен едім. Домбыраны шебер тартатынмын. Сөйтіп, байқаулардың бірінен оралған сәтте хор дирижері боламын деген ойымды ата-анама айтып, колледжге оқуға түстім. Осы жолы байқауға дайындаған ұстазым мәдениет саласының үздігі Юлия Зенковаға айтар алғысым шексіз. Бұл жеңісім — менің өнер жолындағы алғашқы қадамым, — дейді байқау жеңімпазы.

Хор дирижерлерінің байқауына алғаш рет қатысқан әзірбайжандық өнерпаз Назрин Талыбова жеңіліс пен жеңіс қатар жүретін өнер майданында батыл, қайтпас қайсар мінезді болу керек дейді.

Байқауға Әзірбайжан мемлекетінен арнайы келдім. Бұл — менің Ақтөбеге алғашқы сапарым. Узеир Гаджибейли атындағы Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық академиясында хор дирижерлеу мамандығы бойынша оқимын. Алғашқы кезеңде Ахмет Жұбановтың «Күй» және Кеңес Дүйсекеевтің әніне жазылған «Сәлем саған, туған ел» шығармаларын фортепианомен сүйемелдедім. Байқау қызықты да тартысты өтті. Ауқымды іс-шарадан мол тәжірибе жинақтап, жаңа достар таптым. Байқауда жеңіске жетпесем де, екі күн бойы кәсіби мамандардың алдында өнер көрсетудің өзі мен үшін жетістік.

Маған күш-жігер беріп, қолдаған ата-анама, жанкүйерлеріме алғысым шексіз, — дейді ол.

«Алтын камертон» байқауына қатысқан ең жас қатысушы Ақмерей Абрахманова Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің хор дирижерлеу мамандығында оқиды.

Жасым — 16-да. Хор дирижерлерінің байқауының алғашқы кезеңінде композитор Латиф Хамидидің өңдеуіндегі Абайдың «Мен көрдім ұзын қайын құлағанын» шығармасын сүйемелдедім. Байқаудың кейінгі кезеңдеріне өте алмасам да, жас дирижер ретінде бағымды сынап көргеніме қуаныштымын. Мейрамгүл Жаманқұлова, Наталья Фоменко сынды ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button