Тарих

Жүргенов аштырған мектептерге 85 жыл!       

Туған өңірдегі алғашқы мектептер

Мемлекет қайраткері, жерлесіміз Темірбек Жүргенов өнер саласымен қатар білім беру ісін өркендетуге де зор қызмет қылған үлкен тұлға еді. Оның «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928г.), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, 1935, №4), «Задачи школ Казахстана в новом учебном году» (Большевик Казахстана, 1935, №9), – тізе берсе көп-ақ, – осындай мәні үлкен т.б. еңбектері бұған нақты дәлел. Сөзімізді «Темірбек Жүргенов» атты кітаптағы (Зерттеулер, мақалалар, естеліктер мен арнау, жыр-толғаулар. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2014. – 580 бет.) мына ғылыми зерттеулер де бекіте түседі, былай делінген онда: «11 января 1934 г. VIII Казахстанская краевая конференция ВКП(б) рассмотрела вопрос о состоянии казахских начальных и средних школ, школ-интернатов и детских домов. Обсуждались вопросы материального положения учителей, особенно сельские школы, повышения их квалификации, обеспечения учебниками.

Самое главное – школы-интернаты способствовали вытеснению карликовых аульных школ, созданию полнокровной начальной школы, а это, в свою очередь, стало основной предпосылкой для ликвидации неграмотности и малограмотности на селе, создания базы для всеобщего семилетнего образования.

Анализ Т.Жургенова по вопросам народного образования свидетельствует о том, что он свободно владел информацией по всей системе просвещения, глубоко изучал практические вопросы школьной жизни, заботливо относился к проблемам учительство и школьников, хорошо видел перспективу.

В результате грамотного организаторского руководства школьное образование приносит положительные результаты. Если в 1935-1936 учебном году количество неполных средних школ было 674, то в 1936-1937 учебном году оно увеличилось до 881, число средних школ взросло со 116 до 270, а неполных казахских средних школ – с 215 до 349 число полных казахских средних школ увеличилось с 17 до 68.

Т.Жургенов особое внимание уделял строительству школ. Этот вопрос он старался решить за счет бюджета и предприятий, колхозов. …С 1933 по 1939 гг. правительством было направлено на строительство школ в животноводческих район 113106,5 тыс. рублей, на которых было построено 2614 школ. (Астын сыздық. – Б.К.) В 1936 году в Алма-Атинской области силами трудящихся было построено 550 школ. В 148 районах Казахстана 936 новых школ на 87915 учебных мест и пристроено 427 классных комнат на 19735 учебных мест. Планом на 1936-1937 учебный год было задумано строительство 31 городской школы на 12300 мест, 14 интернатов, 46 аульно-сельских школ на 7200 учебных мест. Все это позволяет говорить об активном участии Т.Жургенова в решении вопроса строительства школ, расширении материально-технической базы школьного образования в республике, — дей келіп мынадай қорытынды жасайды, – …в период работы Темирбека Жургенова на посту Народного комиссара просвещения КазАССР с 1933 по 1937 г. при его непосредственном участии казахстанская система народного образования за короткий срок оформилась как единое целое и достигла больших успехов в своем развитии. Так, в 1937 году в республике насчитывалось 21 высшее учебное заведение, 85 техникумов, в которых обучалось 7369 студентов и 23517 учащихся, из которых казахов соответственно 3971 в вузах и 11355 в техникумах. По республике около 1,5 млн человек обучалось в школах, вузах, на различных курсах. Осуществить полностью свои идеи Т.Жургенова не удалось, так как он был необоснованно репрессирован как «враг народа» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 103-104, 107-беттер).

Айтайық дегеніміз, Қазақстанның оқу-ағарту ісіне Темірбек Жүргенов басшылық жасаған тұста Ырғыз ауданына қарасты Жабасақ, Сарыбұлақ ауылдарында да мектептер салынған. Бұл да жоғарыда келтіріліп отырған дерек-сандардың айқын бір куәлігі. Осыған қатысты мына мәліметті зейнеткер Қуаныш аға Алтынбаев (1943 ж.т.) бүй деп баяндаған-ды: «Әкем Әбіш Елеусінов 1909 жылы туған, 1991 жылы дүниеден өтті. 1937 жылдан 1957  жылға шейін ел басқарған адам. Сарықопа, Үшінші бесжылдық, Қарақай, Жиырма жылдық Қазақстан, Ленин колхоздарының басқармасы болды. 1957 жылдан кейін ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Жабасақ өңірінің шежіресін жақсы білетін еді. Әңгіме қылатын тарихының бірі – Жабасақтағы мектеп. Әкем: «Жақсы білем. О кезде жасым жиырма бесте. Мына мектеп Темірбек Жүргеновтің нұсқауымен салынды. Бастауышқа жобаланған еді. Құрылысы 1934 жылы басталды. Тұрғызу жұмысына Досмағанбет, Қарасақал Серікбай (тағы біреуінің есімін Қуаныш аға ұмытыпты.-Б.К.) деген ағаш шеберлері басшылық етті. Қостанайдың Аманқарағай аталатын орманды жерінен дайындап тасыды бөренелерді. Құрылысқа елдің адамдары да жұмылды»,  – дейтін. Бұл білім орнында сауат ашқан Байназаров Айдархан (1929 ж.т.), Жұмахметов Тәштілеубай (1932 ж.т.), Кенжеғұлова Сәлима (1932 ж.т.) деген аға-апаларымыз сау-сәлемат  жүріп жатыр. Үшеуі де ұзақ жылдар мұғалім болды. Мұнда мен де оқыдым. 1961 жылы он жылдықты осы мектептен бітірдім. Жүргенов салдырған бұл жай 1976 жылға дейін қызмет етті. Құрылысының сапалығынан осы күнге шейін жақсы сақталуы. Қабырғаларының қалыңдығы бір метр. Өкініштісі, қазір қаңырап, азып-тозып  бос тұр, қамқорлыққа алынса деймін тарихи ескерткіш ретінде».

Сонау заманда Темірбек Жүргеновтің еліне қылған қызметінің бірден-бір куәсі, тарихи жәдігер – оның кіндік қаны тамған өңірі Жабасақтағы көне мектептің нақты дерегі осындай. 90-жылдары аудандық газетте қызметте жүргенде, қызығушылықпен осы шежіре-жайға әдейі ат басын тірегеніміз бар.

Енді осы кезеңде, қазіргі Басқұдық ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ елді мекенінде де салынған жеті жылдық мектеп жайына көшейік.

Қарпық аға Жетібаевтың қолжазбасына сүйенсек, бүй деп таңбалапты, қаз-қалпында ұсынайық: «Сарыбұлақтағы мектеп 1951 жылға дейін Басқұдық, кейін Мамыт мектебі болды.

Директорлары:

  1. Сейтбақов Сейіл б/мектеп 1934 ж.
  2. Тағаев Әкеш 1935.
  3. Ешниязов Балнияз.
  4. Сәрібаев Бекнияз
  5. Қойшыбаев Әбдірахман 1937-1939, 1951-53.
  6. Әбетов Әбдуали 1940, 1952-64.
  7. Бәйтенова Күлапия 1941.
  8. Бердияров Өсер 1942, 1946.
  9. Борамбаев Тұрман 1943-44.
  10. Әлжанов Қуаныш 1948-49.
  11. Отаров Муса 1952.
  12. Досмұратов Сұлтан 1964.
  13. Ерғалиев Бауыржан.
  14. Балмаханова Ләззат».

Бұдан кейін 1934 жылы ашылған осы мектепті алғаш бітірушілердің де  аты-жөндерін тізіп, атап өткен: «Мамыт орталау мектебін 1941 ж (тұңғыш) бітірушілер:

  1. Абдолов Базарбай 1923 (Ұлы Отан соғысынан қайтпады)
  2. Айдынова Бибіжан (Ырғызда)
  3. Айтмағамбетов Шүйіншалы (қайтыс болды)
  4. Бағымбаев Бақтыгерей (ҰОС қатысты)
  5. Бақтыбаева Батима (қайтыс болды)
  6. Бақтыбаев Смағұл
  7. Бекпанова Ібіния 1925 (Тымабұлақ)
  8. Дүйжанов Қайыр 1924 (қайтыс болды)
  9. Жүсіпбекова Қаншай
  10. Неталина Зайда
  11. Тоқабаева Жамал 1923
  12. Шайманова Ұштоп (баласы Нұрмағамбетов Батырбектің айтуынша 1923 ж.т. – 1973 ж.қ.б. Б.К.)
  13. Шаңкина Қаншай
  14. Шәукенбаев Сәбетай (ҰОС)
  15. Шоқпытов Найман,  Үсенов Әубәкір (қайтыс болды)
  16. Пірманов Құлахмет (Арменияда)
  17. Балманов Сағат (Северный)
  18. Омаров Әпапия (А-Ата)».

Қарпық ағаның мектептің тарихына ден қоятын да жөні бар. Түсінікті болу үшін өмірбаянына аз-маз бөгеле кетейік.

Жетібаев Қарпық 1929 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы №14 ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1936 жылы Сасықкөл ауылдық советіне қарасты Басқұдық жеті жылдық мектебіне 1-класқа барады.  Жақсы оқиды. Кейін Ырғыздағы Сталин атындағы орта мектепке ауысып, мұны 1948 жылы үздік бітірген. Алғыр түлекті мектеп директоры Т.Баудияров 1948-49 оқу жылында 8-класқа математика, физика пәндерінің мұғалімі қылып ұстаздық қызметке қалдырады.

1949 жылы Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы екі жылдық мұғалімдер институтына сырттай оқуға түсіп, «Физика және математика» мамандығы бойынша 1952 жылы тәмамдайды. Осы жылдар аралығында, 1949-53 жылдары,  Сарыбұлақтағы жеті жылдық мектепте сабақ береді.

1953-1954 оқу жылында Ырғыз аудандық халыққа білім беру бөлімінің жолдамасымен келіп, Жаңадәуір орталау мектебінде физика және математика пәні бойынша оқытушы болады. Бұдан кейін  «Басқұдық» совхозына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы Мамыт сегіз жылдық мектебіне (бұрынғы Басқұдық жеті жылдық мектебі) ауысады. Осы білім ұясында зейнеткерлікке шыққанға дейін оқу ісінің меңгерушісі һәм ұстаздық қызметтер атқарады. Оқу-ағарту саласы ісінде талай жетістікке жетеді, талай марапатты иеленеді.

Абыройлы ғұмыр кешіп, 2003 жылы қарашаның 11-інде дүниеден озады. Ұрпағы өскен, өнген…

Жоғарыда баян етілген мәліметті әлі де толықтырып, бекіте түсейік. Кеңес аға Орынбеков былай деп айтқан-тын бізге: «Сарыбұлақтағы 1934 жылы салынған жеті жылдық мектепті бітірушілердің бірі Бекпанова Ібіния апайдың мына дерегін тыңдап едім. Бүй деген-ді сонда ол: «1941 жылы он бір оқушы бітірдік. Емтиханды тек екі бала «төртке», қалғанымыз «беске» тапсырдық. Бұлай болуы мүмкін емес деп Ырғыздан арнайы тексеру комиссиясы келіп, бізді сынақтан қайта өткізді. Бірақ нәтижесі тағы да сол бұрынғы тапсырғандай боп шықты. Мектеп директоры Әбетов Әбдіуәли деген кісі еді. Оқушылардың осындай жақсы жетістігі үшін содан оны Алматыда өтетін мұғалімдер съезіне делегат қылып сайлады. Колхоз алғашқы мектеп бітірушілерге арнап жылқы сойып, той жасады. Маусымның 22-інде соғыс басталды. Әбдіуәли аға бастаған мұғалімдер әскерге алынды, кейін бір аяғынан айырылып, елге оралды».

Ібіния апа атаған осы жылдары мектеп бітіргендердің аты-жөндерінің бірқатарын Кеңес аға есіне түсіріп: «Ібіния апайдың айтуынша, мектепті 41-жылы тәмамдағандар Неталина Зайда, Есен, фамилиясы есіме түспей отыр, ол – Бабанаев Ортай дегеннің әйелі, сосын Жұбанова Раушан, Әбдин Тәжи, Бағымбаев Бақтыгерей, Өткелбаев Манатбай, Шоқпытов Найман… қалған үшеуін ұмытттым», – деді.

Ібіния апа мінезге бай, жақсы адам еді! Қолынан талай дәм таттық. Баласы Саматпен бір класта оқып ек…

Кеңес Орынбеков Әбдіуәли Әбетовтың руы – Тоқа, оның Қалағы дейді. Қызы – Рая кластасым еді, қазір Ақтөбеде тұрады дейді.

Айта кетер жайт, келтірілген мағлұматтарда қайшылықтар да бар: бірі он тоғыз, енді бірі он бір оқушы бітірген дейді. Оқиғаға тікелей куәгер Ібіния Бекпанованың дерегі Қарпық Жетібаевтың қолжазбасындағы адамдар қатарын толықтырып тұр… Мектеп бітірушілердің аты-жөндерін әлі де індете тексеріп, анық-қанығына жету қажет деп ойлаймыз.

Ібіния апаның мағлұматында аты аталған Тәжи Әбдин турасында да мәлімет беріп өтейік. Басқұдықта үйіміз көрші отырды. Мінезі жылы, жақсы кісі-тін. Біздің әкеймен қалжыңы жараса қалатын. Шаруашылықтағы жеңіл-желпі жұмыстарға, қой тоғыту, қырқым т.б. ауыл балаларының тілін тез тауып, тартушы еді. Өзі қасында жүріп, мақтап, көтермелеп қоятын, о кезде бөлімшенің зоотехнигі еді…

Баласы Беркінбектің (1961 ж.) айтуынша, 1926 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Сасықкөл деген жерде дүниеге келіпті.

Тәжи әкей 1944 жылы күзде әскерге шақырылады. Содан елге 1950 жылы оралыпты. Білім алу үшін Ақмола шәріндегі байланыс техникумында оқиды. Бұдан кейін Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумына түседі.

1961 жылы «Басқұдық» совхозы құрылғанда алғашқы тұрғын үйлер құрылысы жұмыстарына жетекшілік жасау міндеті жүктеліпті. Кейін шаруашылықтың байланыс саласында, ферма меңгерушісі, есепші, зоотехник, кадр бөлімінің бастығы, директордың орынбасары болып қызметтер атқарады. Әлденеше рет облыстық, республикалық дәрежедегі марапаттарды иеленген.

Ұрпақ өрбітті. Ортасына сыйлы болды. 1998 жылы ақпан айының 5-інде дүниеден озды.

Мәліметте есімі аталғанның бірі – Шоқпытов Найман, ол 1923 жылы  Ырғыз ауданының Сасықкөл ауылында туған. 1955-75 жылдары «Басқұдық» совхозының Басқұдық бөлімшесінде бригадир болды. Кейін шаруашылықтың орталығы – Тұмабұлаққа көшті. Ауылшаруашылық техникасын сақтау қоймасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Соғысқа қатысқан. Тұтқынға түскен. Қарпық аға мынадай естелік айтады екен: «Нәкең тұтқынға түскен айыбын өтеу үшін Кузбассқа жіберіледі.  Маркшейдерлік іске тартылады (жерасты қазбалар кенін игеру үшін геодезиялық өлшеу жұмыстарын жүргізетін адамды маркшейдер дейді.-Б.К.). Міндеті – жер астындағы көмірдің мол қоры бар тұсты анықтау көрінеді. Шахтадағы инженерлер оны арнаулы құрылғымен іздейді дейді. Ал бұл саладан арнайы оқу-тоқуы жоқ Нәкең ешқандай құралдарды пайдаланбай-ақ өз есеп-болжамымен дәл үстінен түседі екен. Оның осы қасиетіне тәнті болған басшылар айыбын өтеу мерзімі аяқталған соң Кузбасста қалуын өтінеді. Бірақ оған ыңғай танытпай ағамыз елге оралғанды жөн көреді».

Найман ақсақал 2005 жылы дүниеден өтті.

Туған өңірдегі алғашқы мектепті бітіргендердің бәрі хал-қадарынша абыройлы еңбек еткен. Тағы да дәлел келтіріп өтейік пікірімізге.

Бағымбаев Бақтыгерей 1923 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. Осы туған жеріндегі жеті жылдық мектепті үздік аяқтаған соң колхозға есепші боп орналасады. 1941 жылы соғысқа шақыртылады, қасап қырғында жарақат алып, 1945 жылы елге оралады. Ырғыз аудандық мал дәрігерлік басқармасының бас бухгалтері қызметін атқарған. 1977 жылы зейнеткерлікке шығады. Еңбегі еленген. Алған марапаттары бар. Ұрпағы жалғасқан.

Мағлұматтарды одан әрі тізе түспекпіз кейінгілер үшін. Білсін деп, көңіліне түйсін, кейін қажеті болар деп.

Қарпық Жетібаевтың өзінің қолжазбасында Сарыбұлақтағы мектепке Тағаев Әкеш есімді кісінің де 1935 жылы басшылық еткенін атап өткенбіз-ді әлгінде. Анықтауымызша, ол – Шөмекей руы Аспан тайпасы, оның Сырым аталығынан екен. 1905 жылы Ырғыз уезінде дүниеге келген… Жаңадәуірде, Қырыққұдықта мектеп директоры болыпты. Әйелінің есімі – Ақыл дейді. Ол да білім саласында қызмет қылған. Басшылық та жасапты. Ұлы Аққазидан (1948) өрген немерелері бар. Әкеш 1953 жылы дүниеден озған.

Әкештің атасы Тағайдан – Елентай, Көшек, Айтжан, Өсек есімді балалар тарапты. Елентайдан – Әкеш, Мақан (1909-1989).

Мақан 1956 жылы Сарыбұлақта салынған жаңа мектептің құрылысына қатысқан екен, баласы Нұрқазының (1963) куәлік етуінше. Біздің үй Қамыссор деген жерде тұрған, ағаларым Ерқазы (1953) мен Еркінқазы (1955) сонда дүниеге келген дейді. Сол үш шақырым жерден қатынап жұмыс істеген. Әкеміз 1941 жылғы орыс пен немістің соғысына қатысқан, 1943 жылы отбасы «қара қағаз» алған қаза тапты деген, алайда 1946 жылы тірі оралған дейді. Ғұмырының біраз уақыты құрылыс саласында өтіпті.

1934 жылы салынған, пікіріміздің өзегі болып отырған мектепте білім алған соңғы лекке тоқтала кетейік енді. Бұл турасында Назарбек аға Уәйісов (1938 ж.т.) бүй деп куәлік береді: «Біз де ауылда алғаш ашылған сол мектепте оқыдық, 1953 жылдан бастап. Мұнда төртінші класты Қожакөлден бітіріп келгенмін. Менімен бірге оқығандар: Шоттыбай Сүлейменов, Өтеген Бекпанов, інім Базарбек Уәйісов, ағалы-інілі Қартаңбай, Ізтай Жабағиндер, апалы-сіңлі Мария, Сәрия Ысқақовалар, Кәрібаева Кәбира, Нәгеннің әйелі – Зәбира, Байбосынов Тәтімнің әйелі – Мүләйім, Жақастың қызы – Несібелі, Бағжан Райымбаева, Аманкелді Ярова, Амандық Яров, Батырхан Пірмағамбетов, Орысбай Тортаев… қалғандары есіме түспей отыр. Мұнда 1956 жылға шейін білім алдық, мектеп жеті жылдық еді о кезде. Әрі қарай жалғастыру үшін Ырғызға кеттік…

Айта кетейін, 1956 жылы жаңа мектеп салынды. Оның қабырғасын қалап, тұрғызғандар – менің әкем Үмбетбаев Уәйіс, Тұрымтаев Берсігүр, Шаңбаев Бұқарбай, Алихов Кемалша, тағы басқа кісілер. Жеңгем Күнсім Жексенбаева да құрылысқа қатысты. Пештерді Қарасақал Серікбай салды. Бұл уақытта колхоздың төрағасы Айдаубаев Жақып деген кісі еді… Ана ескі мектепті кейін тұрғын үй қылды. Әлтаев Мұхтар, Жаңабергенов Әкімжан, Кенжеш деген кемпір сонда тұрды».

Ескі бұл жайды бала кезімізде, 1972-73 жылдары көріп ек. Ұзынша етіп салынған. Ахмедияр қарттың үйіне тақау-тұғын ұмытпасам. Ауыл іргесіндегі бұлақтың шығыс жақ тұсы еді… Кеңес Орынбеков төрт бөлмелі-тін деп куәландырады. Оқушылар жаңа мектепке көшіп босаған соң мұнда  Айдаубаев Жақып та біршама уақыт отбасымен тұрыпты.

Сарыбұлақта 1934 жылы алғаш ашылған білім ұясының шама-шарқымызша біз түгендеген тарихы осындай. 85 жыл толыпты бұл оқиғаға да. Ғасырға жуықтапты. Кейінгілер зердесінде сақтап жүрсін деп қағазға таңбаладық.

Білім шырақшысы Т. Жүргенов жайлы бірер сөз

Әлгінде тілге тиек еткен Жабасақ пен Сарыбұлақ өңірлеріндегі мектептердің салынуына себепкер болған Темірбек Жүргенов жайына да аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Есімін құлағымның алғаш шалуы қарттардың айтуынан еді, үйге келіп атаммен қауқылдасып кететін. «Е, ол кейін халық жауы боп атылды ғой» деп аяқтай-тұғын сөздерін. Бес-алты жастағы маған үлкендердің әңгімесі ұғынықсыз еді. Әйтсе де, жадымда сақталған осы жайттардың ықпалы шығар, кейін ес біліп, қара танитын дәрежеге жеткен жасөспірім шағымда-ақ ел аузынан тастамай жиі айта беретін «Нарком Темірбек Жүргенов» деген кісі турасындағы нақты мәліметтерге назар аударып, өмірбаянына, елге жасаған қызметіне қатысты деректерге қаныға бастадым. Көзін көрген белгілі адамдардың газеттерде, кітаптарда жариялаған мақалаларын, естеліктерін оқыдық. Тұлғалық болмысын тани түстік.

…Әскер қатарынан оралған соң туған ауылым Басқұдықтан Алматыға жол тарттым. Құрылыста істедім, зауытта токарь болып, темір жондым. Сөйтіп жүргенде бағым жанып, 1983 жылы Республикалық эстрада-цирк өнер студиясындағы атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің класына қабылдандым. Шоң ұстаз да осы Темірбек Жүргеновтің есімін жиі атайтын. Басын шайқап, мықты кісі еді дейтін, өнер десе ішкен асын жерге қоятын дейтін. 1984 жылы  өз аузынан естіген мына деректі баяндай кетейін, ардақты атамызбен үйінде сұхбат құрып отырғанда: «Театрдағы алғашқы әртістер ішіндегі жастауы едім, – деген-ді бірде. – Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үлкен кісілер бос уақыттарында бір жерге қыдырса, ылғи мені де ерте жүретін. Карта ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құратын барған үйлерінде. Арасында маған ән салғызады. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айтшы» дейтін. Бастай жөнелем. «Жо-о-оқ , анаусын айт, анаусын айт» дейді. «Анаусын айт» деп отырғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайылау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршылар күлкі тудырып, көңіл көтеру үшін сөздерін әдейі өзгерткен білем. Енді соған көшем. Жарықтық, Темірбектер әйде кеп күледі. Ішектері қатып, төрден есікке шейін домалап қалатын…»

Ағаларына деген көңіл түкпірінде жиналып сақталған қимас сағынышы болар, әнші атаның жанарына жас толып, бір сәт үнсіз қалып еді сонда.

Ғарифолла Құрманғалиев дарынының жарқырай көрінуіндегі, шығармашылығындағы жаңа қырлардың ашылып, алаш жұртына кеңінен танылуындағы сүрлеу-соқпақтың бастауы – Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің тікелей ұйытқы болуымен ұйымдастырылған 1934 жылғы қазақ өнерпаздарының тұңғыш слёті еді. Осы слётте Ғарекең бас бәйгені жеңіп алған-тын.

Естеліктен Темірбек Жүргеновтің қарапайымдылығы, өнерді аса қадір тұтатындығы айқын аңдалады.

«Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз бар қазақта. Әйтсе де осы лепестің терең мағынасын ұғына алмай жүрген кейбіреулер сол тұлғаға ортақ болудың амалы оны өз елімде туды қылып, уағыздап көрсету деп түсінеді екен. Осындай жағдайдың бірі – Т.Жүргеновке қатысты бұрмалаулар. Соңғы жылдары еш дәйексіз оны дүниеге Қызылорда облысында келді деп жанұшыра үздіксіз насихаттауда. Дегенмен түйсіксіз бұл далбаса әрекеттер Темірбек Жүргеновтің жарық дүние есігін Ырғыз даласында ашқанын растайтын өзінің баян етуімен таңбаланып қалған Мәскеу архивіндегі бұлтартпас деректерді ешқашан жоққа шығара алмайды. «Темірбек Жүргенов» атты кітапқа енгізілген сол негізгі тарихи құжаттардың (қараңыз: 325, 328-329, 334-335, 341-342, 355, 382-беттер)  бірқатарын атай кетейік:

а) Моя автография;

ә) Личной листок по учету кадров;

б) Анкета арестованного;

в) Определение № 4 н – 921021/ 16 Военная коллегия Верховного суда СССР;

г) Дәмеш Ермекова-Жүргенованың Тыныштыққа жазған хаты;

ғ) Темірбек Жүргеновтің паспорты.

Аталған осы құжаттардың бәрінде Темірбек Жүргенов дүниеге 1898 жылы Ырғыз уезінде келді деп түзілген. Қызылорда жақта туды дейтін біреулердің бөстекі гөй-гөйлерін ақи-тақи терістеп тұр.

Қазіргі кез Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы қарамағындағы Жабасақ ауылдық округіне қарасты территория аумағындағы Жүргеновтер әулетіне қатысты жер-су атаулары, белгілер күні бүгінге дейін сақталған. Атап айтсақ, Басықараның қопасы делінетін жер, соған тақау орналасқан Темірбектің арғы атасы Жәрімбеттен тарайтын Сарықасқалар қорымы. Бұған Шөмекейдің осы аталығына жататын Үдербай есімді кісінің Бибібатима атты қызынан туған, Жүргеновтерге жиен болып келетін аққұмдық Байназаров Айдархан ақсақал (1929 ж.т.): «Темірбектің бабасы Қуаңның бәйбішесінің мүрдесі Толыбай сайы мен Қызылжар сайының қиылысқан тұсында Ақсу деген үлкен төбенің басында, ол жер «Бәйбіше қорымы» аталады», – деп тағы бір айғақты үстемелейді. Нақты шындық – осы!

…Темірбек Жүргенов атамыздың ұрпақ үшін еткен қызметі текке кетпепті. Мұраты үзілмепті. Жалғасын тауыпты. Ойласам, оның шапағатын тек сол замандағылар ғана емес,  беріректе, совет дәуірінде туған мен де көріппін. Бала кезден радиодан шырқалатын Ғарифолла Құрманғалиевтің әніне елтіп өстім. Кейін атақты дарынның алдынан тәлім алдым. Ол үйреткен ән-термелердің насихаты менің санамды оятып, сөз өнерін, тарихты зерделеуге үйретті. Көкірегіме сәуле құйды. Мұның себебі мен салдары, тағы да қайталап айтамын, Ғарифолла Құрманғалиев дарынының жарқырай көрінуіндегі, шығармашылығындағы жаңа қырлардың ашылып, алаш жұртына кеңінен танылуындағы, дәстүрлі ән мектебін қалыптастырудағы сүрлеу-соқпақтың әуелгі бастауы болған – мемлекет қайраткері, Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің тікелей басшылық етуімен ұйымдастырылған 1934 жылғы қазақ өнерпаздарының тұңғыш слёті еді.

Сондай-ақ, алғашқы негізі 1934 жылы қаланып, туған өңірде білім бастауы болған Сарыбұлақтағы мектептің қабырғасында беріректе, 70-жылдары мен де 5-6 класты оқып едім…

Жә, жақсы. Осы тұстан сөзімізді үзейік. Темірбек Жүргенов (1898-1938) туған ұлтына қас үлектен туған кәтепті қара нардай қызмет еткен. Бұған өзі білім мен мәдениет саласына басшылық еткен тұста салынған Жабасақ пен Сарыбұлақтағы мектептер, одан білім алып, хал-қадарынша атажұртында еңбек қылған ел азаматтарының ғұмыры – айғақ!

                                                                   Бөрібай КӘРТЕН,

                                                                         өлкетанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button