Білім

Назарбаев зияткерлік мектебі түлектерін ұшырды

Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен соңғы қоңырау мерекесіне қала әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Облыстағы ең таңдаулы мектептердің бірі Назарбаев зияткерлік мектебінде 700-ге жуық оқушы бар. Биыл 76 оқушы қолдарына аттестатын алып, үлкен өмірге аттанды. Олардың ішінде 3 оқушы «Алтын белгіден», 7 оқушы «Ерекше аттестаттан» үміткер. 20 түлек Италия, Эстония, Финляндия, Қытай, Венгрия, Оңтүстік Корея және Ресей секілді алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленіп отыр.

Биылғы соңғы қоңырау шарасын мектеп «Назарбаев зияткерлік мектептерінің 10 жылдығы» мен «Астана қаласының 20 жылдығына» арнады. Осы оқу жылын білім ордасы үлкен жетістіктермен аяқтап отыр: Назарбаев зияткерлік мектептері республикадағы «Үздік олимпиадалық команда»,  «Үздік жобалық команда» деп танылды.

— Елімізде жиырмаға жуық Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Олар бүгінде көшбасшы мектептер қатарында.  Елбасымыз айтқандай, Назарбаев зияткерлік мектептері басқа білім ордаларына үлгі болуы керек. Түлектер жаңа белестерді бағындыру үшін үлкен жолға аттанды. Сіздер алтын ұяларыңда қанаттарыңды қатайтып, ұшқалы отырсыздар. Сіздерге алдағы маңызды жолда сәттілік тілеймін! — деді қала әкімі.

І.Испанов «Жылдың үздік мұғалімі» номинациясы бойынша жеңімпаз болған мектеп мұғалімдері Мейрамбек Мұқаш пен Жанна Хайбулинаға, «Жылдың үздік ата-анасы» атанған Самат Өзбекбаевқа дипломдар тапсырды. «Мектеп жұлдызы» дипломымен Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми конкурсында бас жүлдеге ие болған Айман Жалмұхамбетова мен «Дарын-2019» республикалық олимпиадасында мектеп тарихында тұңғыш рет география пәні бойынша алтын медаль иеленген Рустам Валеев марапатталды. Сондай-ақ, дәстүрлі «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетану экспедициясына жолдама «Болашақ» шаңырағына табысталды, кезекті экспедицияда оқушылар Тараз қаласына аттанбақ.

Шара барысында оқушыларды  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова, мектеп директоры Сабыржан Садуақасовтар да құттықтады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button