Мәдениет

«Amanat music» конкурс-фестивалі өтіп жатыр

Ақтөбе қаласында «Amanat music» ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің облыстық кезеңі өтуде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісованың бастамасымен биылғы жылы екінші мәрте өткізіліп жатқан байқауға облыс бойынша дәстүрлі ән, жыр-терме, вокал, аспапта орындаушылық, халықтық ансамбльдер, актерлік өнер және ұлттық би номинациялары бойынша 5-21 жас аралығындағы талантты жастар қатысуда.

Сәуле Жанпейісованың айтуынша, облыстық кезеңнің алғашқы күні  40-қа жуық жас дәстүрлі ән мен вокал, аспапта орындаушылық жанрлары бойынша өз өнерлерін көрсеткен. Ал байқаудың екінші күні, яғни бүгін халықтық ансамбльдер мен ұлттық би ұжымдары өзара сынға түседі. Байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы алдағы уақытта белгілі болмақ.

Өнерлерін ортаға салған жас талапкерлерді Сәуле Жанпейісова бастаған қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов, белгілі әнші Светлана Айтбаева, т.б. бар.

Айта кету керек, «Amanat music» ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің облыстық кезеңі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің ғимаратында өтіп жатыр.

Биыл Жастар жылына орай елімізде екінші мәрте ұйымдастырылып отырған конкурс-фестиваль үш кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, 1-кезең 16 наурыз-16 маусым аралығында еліміздің барлық облысында өткізіледі. 1-кезеңнен өткен өнерпаздар Алматы қаласында Ұлттық домбыра күніне орай маусым айында өтетін республикалық сайысқа, ал республикалық сайыстан өткен жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында қараша айына жоспарланған халықаралық қорытынды кезеңге жолдама алады. Бұл шешуші кезеңде еліміз бойынша іріктеліп алынғандар шетелдік өнерпаздармен сайысқа түседі. Шет мемлекеттегі өнерпаздар шілде-қыркүйек айларында іріктеуден өтіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайысқа шақырылады. Қазіргі кезеңде Түркия, Германия, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Монғолия, т.б. мемлекеттерінде бірінші іріктеу кезеңін өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде.

«Amanat music» ІІ халықаралық конкурс-фестиваліне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық әкімшілігі, сондай-ақ «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы қолдау білдіруде.

Сонымен қатар аталмыш жобаның тағы бір ерекшелігі, фестивальдің екінші күні байқау жеңімпаздарымен бірге дәстүрлі әнші, өнер орталығының басшысы Сәуле Жанпейісова халыққа «Өнер жолы» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button