Ақтөбе — 95

«Социалдық жол» — өз уақытының шежіресі

Бірде талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген кейуана әжеймен әңгімелесудің реті келді. Соғыстың алдында бес ағасы болған екен. Ел басына күн туғанда шетінен майданға алыныпты. Содан біреуі ғана елге жаралы болып оралып, бес жылдан кейін ол да дүние салған. Соғысқа аттанып бара жатқан сол ағаларының жолына отбасынан құрбандық шалып, шығарып сала алмағандарын еске алып айтқанда, әжей оқиға бүгін болып отырғандай, ағыл-тегіл жылады.

— Қиын уақыт қой. Қолда мал болмаған шығар? — деймін жұбатып.

— Қорада мал бар. Әке-шешемнің шаруасы күйлі. Бірақ өкіметтің сол кезде қан шығаруға болмайтын заңы бар. Қораңдағы жеке малыңды сойсаң да, жауапқа тартып, соттайды, — дейді әжей.

Мен колхоздастырудың бастапқы дәуірінде ұжымдық малды союға тыйым салынған заң қабылданғанынан хабарым бар еді. Бірақ мынадай әр отбасының жеке бір-екі қарасын не жандығын союға тосқауыл қойылғанын естімегенмін…

Содан бері қанша уақыт өтті. «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына байланысты облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған «Социалдық жол» газетінің 1934 жылғы тігіндісін парақтап отырып, «Мал союға жол берілмесін» деген мақаланы оқығанда, осы кейуана әже айтқан әңгіме ойыма оралды. Өмірдің шындығы екеніне көзім жетті.

Кеңестік саясаттың алғашқы қадамдарында алдағы заманның қалай қарай құбылатынын болжап білу мүмкін емес еді. Алайда сол тұстағы өмір — өз уақытының шежіресі болған «Социалдық жол» газетінің бетінде сайрап тұр. Біз қаласақ та, қаламасақ та бүгінде біздің тарихымызға айналған бұл жайттарды тағы бір еске алғанның, білгеннің, ой елегінен өткізіп, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыздың көзімен салыстыра қарағанның артықшылығы жоқ сияқты көрінеді.

Әрине, сол тұста қазақ зиялылары, ұлт қайраткерлері дәуірдің өзгерістерінен жаңа үміт күткені даусыз. Облыстық газеттің бастапқыда араб қарпімен, оның қазақ тіліне бейімделген  «төте жазу»  жолымен шығуы, одан латын алфавитіне көшуі санаға түскен осы жарық сәулені нұрландыра түскендей  болғаны түсінікті. Алайда бұл үміт ұзаққа бармады, кеңестік құйтырқы саясат жөргегінде тұншықтырып, кириллица әрпіне көшіріп жіберді. Халқымыздың бұл арманы арада сексен жылға жуық уақыт өткенде ғана қайтып оралды. Елбасының Жарлығымен бүкіл әлемдік қауымдастыққа жақындастыратын латын әліпбиіне қауыштық. Амандық болса, қырқыншы жылдарға дейін латын алфавитімен шыққан «Социалдық жол» сияқты, біздің «Ақтөбе» газетінің де осы халықаралық латын графикасымен оқырманға жететін күні қашық болмас.

Әзірге мен «Социалдық жол» газетінің 1934 жылғы латын қарпімен басылған тігіндісіндегі мақалаларды кейде ежіктеп, ауыр оқып отырмын. Олай болатыны, бізге мектепте ағылшын тілін емес,  неміс тілін оқытты. Неге олай? Бұл да кеңестік қоғамның ішке бүккен бір сыры болса керек. Дегенмен, мектепте сол неміс тілін оқығанымның да бұл жерде азды-көпті пайдасы тиіп отыр.

«Социалдық жол» бұдан аттай 85 жыл бұрын не жазғанын зердеме түйіп қоямын. Міне, 1934 жылдың қаңтар айының басында облыстық екінші партия конференциясы өткенін, ізінше облыстық партия комитетінің пленумы болғанын жазыпты. Осы пленумда «Социалдық жол» газетінің жауапты редакторлығына Жақсылықұлы сайланған. Сонымен бірге, ол облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне өтіпті. Тек осының өзінен баспасөзге ерекше мән берілгені көрінбей ме? Ал бұған дейін газетте жауапты редактор болған Қожамұратов, сірә, басқа жұмысқа ауысқан болу керек.  Бұл жылдардағы бір ерекшелік — газетте жарияланған ресми материалдарда басшылардың есімдері жазылмай келген.

Газет бетіндегі көп материалдар негізінен ресми. Соның ішінде  1934 жылғы жергілікті алым-салықтарды белгілеген Қазақстан Орталық Кеңес комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің құлаш-құлаш қаулысы көп орын алған. Олардың ұзақ болатыны — алым-салықтардың түрі сан алуан және орасан көп. Үй-қора салығы, жер салығы, май салығы, тасымал құралдарынан алынатын салық, курорт салығы, ойын-сауық көрушілерден алынатын салықтар, қала мен жұмысшы поселкілерінде алынатын тіркеу алымы, ат жарыстыратын орында бәйге тігу, ойынға қатысушылардан алынатын алым, міне, осылай жалғаса береді. Салықтар мен алымдардың өз мөлшері, өлшемі бар.

Газет ресми тақырыптардан кейін, бірыңғай саяси-шаруашылық жұмыстарын жазуға бағыт ұстағанын көреміз. Ән-күй шеберлерінің өлкелік слеті болады деген сынды мәдени өмір оқта-текте көрінеді. Мысалы, жылдың ішінде, 1934 жылы 20 қаңтар күнгі номерінде «Көркем әдебиет социалдық құрылыс майданындағы күнбе-күнгі жұмыстарда өткір құралымыз болсын» деген  үлкен тақырыппен  әдебиет бетіне орын берген. Осында «Әдебиетіміз жаңа дәуірде» деген мақаланы, «17-съезд алдында» айдарымен берілген Ахмет есімді ақынның «Жорық» атты ұзақ толғауын оқуға болады. Бұл беттің орайластырылып берілуінің тағы бір себебі бар екен. Осы тұста «Қазақ әдебиеті» газеті жарыққа шыққан. Сонымен байланысты Қазақстан өлкелік партия комитетінің құттықтауы жарияланған.

Енді «Социалдық жол» газетінің бетінде жарияланған кейбір материалдарға оқырмандардың өзінің көз жүгіртуіне мүмкіндік жасайық:

БҰДАН 85 ЖЫЛ БҰРЫН

Облыстық партия комитетінің бірінші пленумы

Облыстық  2-партия конференциясы жабылғаннан кейін 3 қаңтар күні облыстық партия комитетінің бірінші пленумы болды.

Пленум облыстық партия комитетінің бюро мүшелерін сайлады. Бюро мүшелеріне Жармұхамбетұлы, Степанов, Жанысұлы, Адамович, Гравер, Жасағанұлы, Федоров, Жұмашұлы, Тасболатұлы, Тернавая, Тыжранов, Жақсылықұлы, Гусов, Нұғыманұлы, Новиков жолдастар өтті.

Бюро мүшелігінің кандидаттығына Майлыбайұлы, Колкин, Сүлейменұлы, Кериленко, Асқарұлы жолдастар белгіленді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бірауыздан Жармұханбетұлы, екінші хатшысы болып Степанов, ұйымдастыру бөлімінің бастығына Жанысұлы, кадр бөлім бастығына Жасағанұлы, көпшілік үгіт бөлім бастығына Тернавая, әйелдер секторына Семенова, «Социалдық жол» газетінің жауапты редакторлығына Жақсылықұлы жолдастар сайланды.

(«Социалдық жол» , №6, 6 қаңтар 1934 жыл).

АУЫЛ МЕН ҚАЛАДАҒЫ КОМСОМОЛ ЖАСТАР ЖАРЫСҚА ТҮСТІ

Облыстық жер бөлімі жанындағы комсомолдар ұясы 17-партия съезін қарсы алуда даярлық жасаумен қатар, Ақтөбе аудандық «Гервонная поле» колхозы жанындағы комсомолдар ұясымен социалды жарыстың шартын жасады.

Облыстық жер бөліміндегі комсомолдар облыстық жер бөліміне қарайтын барлық ұйымдардың жұмысын бақылауды, көктемгі егістің әзірлігінің барысын бақылап отыруды, осы бағыттағы жұмыстың нашар жеріне көмектесуді, комсомолдардың бәріне және комсомолда жоқ жастардан  25 жасты саяси оқуға тартып, техниканы меңгеруге толық қосылуға уәде берді. Бұдан да басқа бірнеше міндеттер алды.

«Гервонная поле» колхозының комсомолдары егіс науқаны басталғанша барлық саймандарды ремонттауды, жегін күштерін әзірлеуді, тұқым қорын толық  қамдауды міндеттеріне алды.

Қаласова.

(«Социалдық жол», №11, 12 қаңтар 1934 жыл).

 АУДАНДЫҚ ЖЕР БӨЛІМІ КЕДЕРГІ ЖАСАП ОТЫР

Табын (Өз тілшімізден). Ауданда көктем егісінің әзірлігі ойдағыдай емес. Аудандағы 14 әкімшіліктегі ауылдың қайсысында болса да,  құрал-сайман ремонттау жұмысы қолға алынған жоқ. Сол 14 ауылдағы серіктестіктерді қамтитын екі МТС әзірлік жұмысы кезінде түк бітірген жоқ.

Кемшіліктің өзі аудандық жер бөлімінде, жер бөлімінің өзі көктем егісінің әзірлігіне кеселдік жасап отыр. Мәселен, 5 ауылды қамтып отырған Доңызтау  МТС-нан шартпен жұмыс жасап отырған ұстасын жұлып алып бір ғана серіктестікке бекітіп қойды. Егер сол ұстаны МТС пайдаланған болса, 5 ауылдағы 24 серіктестіктің құрал-сайманын оңдау жұмысы ойдағыдай өткізілген болар еді. Жер бөлімінің бұл озбырлығына тыйым салып, барлық серіктестіктерді де ұсталармен қамту керек.

Ысқақ.

(«Социалдық жол», №11, 12 қаңтар 1934 жыл).

МАЛ СОЮҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕСІН

Меңдіқара, 4-ауыл «Құмтөбе» колхозының кейбір колхозшылары жекеменшігіне алған малдарын сойып алып жатыр. Оған факт: Айтқожаұлы Рамазан, Мараұлы К, Нысанбайұлы К, Жұматайұлы А, Айжанұлы Д. дегендер жеке пайдалануына алған малдарды сойып алды. Сондықтан біздің айтарымыз, мал шаруашылығын өркендету жөнінде партия мен үкіметтің қаулысын, мал өсіруші екпінділерінің үндеуін колхозшыларға жете ұғындыру керек. Қандайда болса мал союға жол бермеу керек. Аудандық ұйымдар бай-кулактардың үгітіне қарсы күресе отырып, жекеменшігіне алған малын сойып отырған колхозшыларды колхоздан шығаруға, берілген малдарды қайтып алуға дейін қатаң шара қолдану керек.

Көз салған.

(«Социалдық жол», №12, 14 қаңтар 1934 жыл).

«ТҰМАЛЫКӨЛ» СЕЛЬПОСЫ АҢ ДАЙЫНДАУДА АЛДА КЕЛЕДІ

Шалқар. 4,19-ауылдың аралығында Тұмалы атты жер бар. Бұған 33 жылдың 4-тоқсанында 3427 сом 99 тиындық аң терісін дайындауға жоспар берілген еді. Соны сүрегінен бұрын орындап, 3893 сом 68 тиындық аң терісін дайындап отыр. Бұлайша 113 процент орындады. Бұл жұмысқа ерекше еңбек сіңірген мына жолдастар: Құрманбайұлы 81 бас, ақша есебімен 463 сом 59 тиындық дайындады. Сарыұлы 41 бас, ақша есебімен 247 сом 25 тиындық дайындады.  Орынбасарұлы 86 бас, ақша есебімен 215 сом 80 тиындық дайындады, Ахметұлы 28 бас, ақша есебімен 150 сом 10 тиындық дайындады. Табынбайұлы 25 бас, ақша есебімен 165 сом 25 тиындық дайындалды.

Бұл мезгілде серіктестік мүшелері биылғы 34-жылдың 1-тоқсанының аң терісін дайындау жұмысына қызу кірісіп жатыр. 1-тоқсанның жоспарын да мерзімінен бұрын дайындаймыз деген уәде беріп отыр. Басқа сельполардағы серік мүшелері де «Тұмакөл» сельпосының ауылдағы жоғарыда аттары аталған екпінділердің үлгісінен өнеге алулары керек.

Алшын.

(«Социалдық жол», №20, 24 қаңтар 1934 жыл).

САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ ЖҰМЫСЫ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛЫП БАРАДЫ

Торғай ауданында сауатсыздықты жою жұмысы өте нашар. Аудандық оқу бөлімі бұл жұмысқа көңіл бөлмей отыр. Соның нәтижесінде ашылған 10 мектептің жұмысы аяқсып барады. Сауат ашу жұмысына арналған 27 мың сом қаражат тиісті орнына жұмсалмай отыр.

Осы күні оқу бөлімінің сауатсыздықты жою жұмысына мүлде басшылық жоқ, жұмыс саматөкке салынып кетті. Бұл қалыппен тұрғанда сауат ашу жұмысы көңілдегідей қаражат бөлінсе де, нәтиже болмайды. Сондықтан аудандық партия ұйымдары бұған мейлінше көңіл бөліп, кемістікті жоюы керек.

Ә-Қ.

(«Социалдық жол», №24, 29 қаңтар 1934 жыл).

 Облыстық мемлекеттік архив материалдары бойынша дайындаған

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button