«Ақтөбе» тәуелсіздікті айта келді
Ширек ғасырға жуық «Коммунизм жолы» аталған газеттің аты өзгеріп,1990 жылғы 6 қазанда оқырманның қолына «Ақтөбе» болып тиді. Газеттің осы күнгі қалың оқырманға арналған беташар сөзінде айтылғандай, басылымды жаңа атаумен шығару,ең әуелі, осыгазет оқырмандарының ұсыныстары, пікірлері мен тілектеріне орай ұйғарылды.
Соның өзінде бірден болмай, бұл мәселе газеттің беттерінде жарты жылдан астам уақыт талқыланды. Көптеген ой-пікірлер, талап-тілектер түсіп, ол газетте жарияланып отырды. Бұдан соң, жарық көрген де, жарық көрмеген де хаттар, өтініштер редакция алқасында жан-жақты талқыланып, іріктеліп, сұрыпталды. Бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмады. Олардың ішінде талай-талай көңілге қонатын атаулар айтылды. Алайда бұл жолы редакция алқасы бұрынғыдай уақыттың талабына ғана жауап беретін атау іздемей, тұрақты, мәңгілік атауды қалады. Бұл біздің ежелден ата-бабаларымыз қоныстанған құтты мекен—қасиетті аймақ Ақтөбенің атауы еді. Сол күннен бастап «Ақтөбе» газеті қалың оқырманның, ағайынның тілегін арқалап, батасын алып ақ жолға түсті, оған биыл тура 29 жыл, алдағы жылы 30 жыл толады екен.
Осы жылғы газет тігіндісін парақтағанда, елдегі жағдайдың қиындай түскенін аңғарамыз. Экономикалық байланыстар үзіліп, қымбатшылық жайлады. Одақ тарапынан жасалған саяси қадамдар жеміс бермей, жаңа құрылымдар жаңалыққа жалғаспады. Бұл кезде сол жаңа құрылымның облыстағы басшысы—облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары облыстық Советінің төрағасы Е.М.Золотарев еді.
Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті мен халық депутаттары облыстық Советінің органы саналатын облыстық газеттерге де қатер төнді. Осыған дейін 30-35 мың таралыммен шығып келген газеттің алдағы жылға жазылу бағасы аяқ астынан үш есе қымбаттады. Мемлекет тарапынан қаржыландыру төмендеп, ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтардың демеушілігіне, оқырмандардың белсенділігіне сүйенетін болды. Дегенмен, газет әлі де сол бұрынғыша үлкен форматпен төрт бет болып, аптасына бес рет—сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндері шығып жатты.Редактор, редактордың екі орынбасары, жауапты хатшы, секретариат және алты бөлім,аудармашылар, кітапхана, машбюро, фототілші, кешкі редакция, корректура жұмыс істеді.Бұдан бөлек облыстың барлық аудандарын қамтып меншікті тілшілер ұстады. Бір сүйсінерлігі, осы тұста газет редакциясының құрамында түгелге жуық ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген кәсіби журналистер болды.
Бұл тұста елдің экономикасының құлдырауы өз алдына, тұтастығының өзі таразыға түсіп, болашағы бұлыңғыр болып тұрды. Соны айқын сезіп одақтың құрамындағы әр республика ертеңін ойлай бастады. Қазақстан да жол айырығында тұрды. Алғашқы маңызды құжат— Егемендік туралы Декларация жобасы талқыланып жатты. Осымен байланысты жаңа атауға ие болған газет басты айдарын «Ел ертеңі—егемендік» деп ашты.
Ел ертеңін ойлау, егемендік , ұлттың қадірін арттыру мәселелеріне сын көзбен қарау газет бетінде жарияланған осы тұстағы әр материалдан аңғарылады.
Біздің болашағымыз
Біздің қазақ халқы әкімшілік-әміршілік басқарудың шылауында ұзақ жыл көзін аша алмай келді. Суверенді, дербес республика деп қағаз жүзіндежазылғанмен негізінен жоғарыдан басқарылды. Одақтық ведомстволық бұғаудан әлі адымын жаза алмай келеді. Содан құтылудың, егемендікке ұмытылудың бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырған Декларация жоба соның алғашқы қадамы ғана. Сондықтан мен оның әрбір жолын қолдаймын және ешбір дау-далабайсыз сессияда қабылдануы керек деп есептеймін.
Жобада жазылғандай, республика қазақ тілінде сөйлеуі керек. Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл болмаса, оның несі республика?
Республика экономикалық жағынан одақтан толық дербестік алу керек. Өзінің жер байлығына, еліне қожа болмай, қашанғы өмір сүруге болады. Қазақстанда өндірілетін шикізаттан елге бір тиын пайда түспейді екен. Мұнай, темір, көмір, басқа да толып жатқан қазба байлықтары текке кетіп жатыр. Бұған мұнан әрі төзуге болмайды.
Қай елмен, қай республикамен болмасын біз тиімді келісімшарт арқылы байланыс жүргізуіміз қажет. Егемендік туралы декларация соған мүмкіндік береді.
Б.БІРЖАНОВ,
құрметті теміржолшы.
(«Ақтөбе», №192. 10 қазан 1990 жыл).
Алауыздық қажет емес
«Ақтөбе» газетінде (29 қыркүйек 1990 ж.) жарияланған «Есіктен кіріп, төр менікі деу қалай?» деп аталатын З.Байдосовтың мақаласына мен де өз үнімді қосқым келеді. Сондай-ақ «Социалистік Қазақстан», «Жұлдыз», «Арай», «Парасат» басылымдарын оқыған кісіге де жер, тіл туралы дәлелді, тарихи мақалалар әбден таныс. Оларды оқи отырып, мен Солженицин, басқа да кейбір оқымыстылардың қазақ жеріне ауыз салуын түсінбей қойдым. Бұлар тарихтан хабары аз, білігі төмен адамдар деген ойға тірелдім. Ал енді оларға халықтар арасында алауыздық туғызудың қандай қажеттігі болды екен? Тіпті қазақ халқы Ресейге өз еркімен қосылды ма? Ертеректе бір жолдасым «Әбілқайыр —шекпенге сатылған адам, Тевкелев —екі жүзді алаяқ, патшаның тыңшысы. Орта жүз бен ұлы жүз Россияға қосылған жоқ» деген әңгіме айтып еді.
Тың игеру деген сылтаумен Хрущев көрші республикалардан қанша миллион адамдарды әкеліп қоныстандырды. Бұл қазақтың өз жеріндегі процентін азайту емес пе? Енді келіп әлгі келімсектер «біз жергілікті халықтан көппіз, мелекеттік тіл орыс тілі болсын» деп ұран салып жүр. Ленин мен Калинин бірнеше рет қарап, Қазақ АССР-інің территориясын белгілеп, қол қоймап па еді.
Мен ұлтшыл емеспін. Бірақ орыстарға сенімім жоғалды. Облыс басшысының өзі қазақ тілі туралы баспасөз бетінде жарытып ештеңе айтпай келеді. Себебін өзі біледі ғой. Қазақ тілін бір жылда үйреніп шығам деген Колбин қазақты ұлтшыл деп, желтоқсаноқиғасын бұрмалап тайып тұрды. Міне, есіктен кіріп, төр менікі деу осы.
Ә.РЫСМАҒАНБЕТОВ,
Новоресей ауданы.
(«Ақтөбе» газеті, №210. 3 қараша 1990 жыл).
«Жақсы» дейді де жүре береді
Бұрынғыдай емес, жаңа Заң бойынша сайлау мерзімі ұзарды, 5-6 адам болып бір орынға таласып, ақыры уәдені қарша боратқан, сайлаушыларды сөзіне сендіргендер депутат болып сайланады. Әр Советке әр округтен түскен осындайбірнеше халық қалаулылары бар еді. Солар қазір көзімізге түспейді, әлде бізді шағын ауылдағылар депменсінбей ме екен? Себебі Жылан станциясында 40 шақты үйде 200-дей семья еңбек етеді. Қыста сапасыз құмы көп көмірге жыли қоймайтын, казарма тәріздес үйлері бар, айналасын құм басқан, тал-шыбығы аздау. Станция, аудан бастықтары жылына 2-3 рет келіп, жұмысымызды тексеріп кетеді. «Вагондар жүгі түсірілді ме?» дейді. Жағдайды, көңіл күйімізді сұрап «әуре» болмайды. Моншаны, қызыл бұрышты көрмейді. Сыртына қарап «жақсы» екен деп кете барады. Келіп, көріп жүргені қарасқаны шығар деп қала береміз.
Алайда бізді күйдіретіні, қатты ренжітетіні —депутаттарымыздың келмеуі. Олар «ендігі сайлауға дейін кім бар, кім жоқ, сайлаушылар өз аманаттарын ұмытып та кетеді деп ойламай ма екен? Жоқ, бізештеңені де ұмытпаймыз.
Қази АМАНБАЕВ,
Шалқар ауданы.
(«Ақтөбе», №212. 7 қараша 1990 жыл).
Қазақша кітап жоқ
Сүйікті газетім, саған хат жазуға себеп болған бір жай болды. Біздің ауылдың кітап сататын дүкенінен бірде-бір қазақша кітап таба алмайсыздар. Дүкенде кітап жоқ емес, бар. Бірақ оның бәрі орыс тіліндегі кітаптар. Өзіміз Қазақстанның жерінде тұрсақ та, дүкенімізден ана тіліндегі кітап сатып алып оқи алмайтынымыз мені қатты қынжылтады. Ана тіліміздің соңғы кезде арнасы тарылып, құрып бара жатқаны айтылады. Осыған орай «Тіл туралы» Заң қабылданды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Өз халқымыздың көсегесін көгертіп, беделін көгерту үшін алдымен ана сүтімен бойға сіңген ана тілін жетік білуіміз керек. Бұл — әрбір қазақ азаматының қарызы. Ал ана тілін біліп, оны құрметтеп-қадірлеу үшін де үлкен күш керек, ол үшін қазақ тілінде қызықты және адамға тәлім-тәрбие беретін кітаптарды көбірек оқуға тура келеді. Ал ондай кітаптар, өкінішке қарай, бізде жоқ.
Қарлығаш ЖЕТЕСОВА,
Тоқмансай орта мектебінің оқушысы.
Алға ауданы.
( «Ақтөбе», №218. 16 қараша 1990 жыл)
Атаулары өзгерді
Өздерінің ежелгі атамекендерінің атаулары туған өлкелеріне ешқандай қатысы жоқ адамдардың есімдерімен айтылатыны Дмитров атындағы совхоздың тұрғындарын көптен толғандырып жүрген-ді.
Мәселен, селолық Советке Бронштейн, ал совхозға Дмитров есімдерінің берілуі жергілікті халықтың, ел тарихының мүддесін ойлағандық па?
Осыған байланысты ұйымдастыру шараларын жасап, селолық Совет пен совхозға қандай есімдердің лайық екендігі туралы конкурс жарияланып, тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтадық,—дейді селолық Советтің төрағасы, совхоз директоры Атлаш Жұмағалиев,—Жыл басында өткен Советтің кезекті сессиясында бірсыпыра депутаттар асығыстыққа салынып, совхозға «Қазақ» деген есім беру жөніндегі шешімді қабылдаған еді. Ол сессияға өзім қатыспаған едім. Шаруашылықты бұлай атаудың ыңғайсыз екендігін түсіндіріп, кейін депутаттармен әңгімелесуге тура келді. Сөйтіп, ол шешімнің күшін жойдық.
Жақында Бронштейн селолық Советінің сессиясы өткізіліп, онда совхоз тұрғындарынан түскен селолық Совет пен совхоздың есімдері хақындағы ұсыныстар талқыланды.
Селолық Советтің депутаттары Бронштейн селолық Советін Еңбек селолық Советі, осы Дмитров атындағы совхозды «Талдысай» совхозы деп атау жөнінде бірауыздан шешім қабылдады. Сессияның бұл шешімі жоғарғы совет органдарына бекітуге жіберілді.
Е.КЕНЕБАЕВ.
(«Ақтөбе», №230.4 желтоқсан 1990 жыл).
Жеделхат
Байғанин ауданы Абай атындағы совхоздың еңбек коллективі «Ақтөбе» газетінің экономикалық жағдайын нығайтып, оның оқырмандарына көптеп тарауына көмек беру мақсатында газеттің 80 данасына жазылуға 1200 сом ақша аударды.
Газет коллективіне халық игілігі үшін жемісті еңбек ете беруіне тілектеспіз.
Совхоз директоры Б.ҚАРАҚОВ, партком хатшысы Б.ТӘЖЕНОВ, еңбек коллективі кеңесінің төрағасы М.МЫРЗАБЕКОВ.
(«Ақтөбе», №240. 18 желтоқсан 1990 жыл).
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
(«Ақтөбе Медиа» ЖШС мұражайының материалдары бойынша әзірленді).