Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» газеті ойылдық оқырмандарымен кездесті

Ойдағы елдің ықыласы

Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газеті  95 жылдық мерекесіне орай   Ойыл ауданына барып, оқырмандарымен кездесіп қайтты. Бұл сапардың барлық шарасы «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында өтті. Ғасырға жуық уақытта қос дәуірдің куәсі болған облыстық басылымнан қол үзбеген  ойдағы елдің оқырмандары газет ұжымын ерекше ықыласпен қарсы алды.

Әкімшілік үйінде қонақтарды қабылдаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев өңірдің бүгінгі тынысына шолу жасап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын және алдағы жоспарларын айтып, аудан көлеміндегі бірқатар мәселелерімен таныстырды. Облыс орталығынан шалғай жатса да кәсіпкерліктің көшіне ілесіп, жаңа бағдарламаларға қатысып, жемісін көріп жатқан шағын ауданның шығыны жоқ. Табысы көп. 7 селолық округі, 24 елді мекені, 17 мың халқы бар Ойылдан қалаға көшу тоқталды. Оның үстіне барлық мектептері жаңаланып, бала саны тұрақтанған аудан ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте ауылдарды жалғайтын жол мен көгілдір отынды жеткізу жоспары тұр.

Село орталығында Байсалбай Жолмырзаев атындағы көрікті көше бар. Ауданды ұзақ жылдар басқарған, Қазақ КСР депутаты болған, Ойылдың экономикалық-әлеуметтік деңгейін көтеруге өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның көшесіне «Ақтөбе» газетінің ұжымы тал егіп, қарағай көшеттерін отырғызды. Облыстың бас газеті Ойыл жеріне деген құрметін осылай білдіріп, естелік қолтаңбасын қалдырды. Бұл «Ақтөбе» ағашының өсіп, бой түзеуі ауданның жаңа белестерін насихаттап, абыройын көтеруге бағытталса, тамыры оқырманымен тығыз байланыста болатынын білдіреді. Аудан қонақтары сол көшеде орналасқан Б.Жолмырзаевтың бюстіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

«Ақтөбе» газетінің мерекесіне орай ұйымдастырылған ауылшаруашылық жәрмеңкесі бұрынғы Көкжар жәрмеңкесі өткен сауда қатарларында болды. Онда қонақтар жергілікті тұрғындармен бірге сатушылардың табиғи ауылшаруашылық өнімдерімен толтырылған сөрелерді аралап, шаруа қожалықтары өкілдерімен сөйлесті. Шөп тиеліп тізіліп тұрған көліктердің көптігіне қарап ауданда мал азығы тапшылығының болмағандығын байқауға болады. Ауданның ауылшаруашылық саласы мамандарының айтуынша, өзге өңірлерге қарағанда шөптің сапасы да жаман емес. Бір бума шөптің бағасы — 350 теңге. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскінбаевтың айтуынша, аудандағы 329 шаруа қожалығының барлығы да мал азығын дайындаумен айналысады. Бүгінгі таңда қысқа 189 мың тонна шөп жиналған.

Иесін тапқан сыйлықтар

Кездесудің негізгі бөлімі аудандық Мәдениет үйінде болды. Ойылдықтар арнайы жасақталған «Ақтөбе» газетінің көрмесімен танысты. Жұртшылық ескі жазу машинкалары мен фоотаппараттарды ұстап көріп, қызығып жатты. Әр оқырманға ауданның жағымды жаңалықтары басылған газеттің жаңа нөмірлері таратылды. Осы жерде «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының қызметкерлері баспасөзге жазылу жұмыстарын ұйымдастырды. Бейне экраннан сонау «Кедейден» бастап бүгінге дейінгі облыстық газеттің жүріп өткен жолдары көрсетілді.

Алғаш сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл кездесудің басты мақсаты оқырманға құрмет көрсетіп пікір алмасу, ойлы жоспарлармен бөлісу екенін айтты.

Қадірлі ойылдық оқырмандар! Бұған дейін де газеттің мерейтойларында сіздермен кездескен болатынбыз. Ал, бүгінгі шара жақсы бастамалармен басталып жатыр. Ойыл өңірінде талай белгілі тұлғалар дүниеге келген. Солардың бірі белгілі ғалым, академик Рабиға Сыздықованың 95 жасы мен біздің мерекеміз тұспа-тұс келіп тұр. Одан басқа оқырмандарымызға арнайы сыйлықтар дайындадық. Біздің газетті облыстың барлық өңіріндегі әр саланың өкілдері мен тұрғындары алып оқиды. Аудан тұрғындарының газетке жазылу ықыласы жақсы. Кезінде радио, телевидение эфирге шыққан уақыттарда газет тасада қалады деген пікірлер айтылса, қазіргі әлеуметтік желі дамыған кезде де газет оқырмандарынан ажырап қалған жоқ. Дамыған елдердің бірі алып мемлекет — Қытайда журналистер форумына қатысқанымызда ол жақтағы газеттердің көп таралыммен шығып жатқанын көрдік. Оларда газет күніге екі рет шығады екен.  Біздің газетімізден байланысын үзбеген сіздерге де алғысымыз шексіз!, — деді Раукен Сағызбайұлы.

Оқырманымен аптасына үш рет қауышатын облыстық «Ақтөбе» газетін ойылдықтар асыға күтеді екен. Ойыл ауданының құрметті азаматы, тұрақты оқырман Ғазиз Займолданың айтуынша, облыстық газеттің әр нөмірінде ауданның жаңалығы жарияланып тұратынын, жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселелер көтеріліп, көптің тілегімен біте қайнасатынын айтты.

«Ақтөбе» Ойылға құр қол барған жоқ. Қай кезде де оқырманына құрметпен қарайтын басылым жергілікті оқырмандарына сыйлықтар, жүлделер, Алғыс хаттар тағайындап, көптің көзінше мерейін өсірді.

Ойыл десе әйгілі ақ тарысымен еске түсетін Шығанақ Берсиев атындағы сыйлықты ардагер журналист Идош Асқар  «Жақып» шаруа қожалығының басшысы Жұма Жақыпқа табыс етті. Бірнеше жылдан бері атақты тарышының ізін жалғастырып, үзіліп қалған атакәсіпті алғаш қолға алған Жақыптың тарысы қазір үлкен сұранысқа ие. Арнайы пакетке салынып қапталған тарысы аудан, облыс көлемінде сатылып жүр.

Академик Ишанбай Қарақұлов атындағы сыйлық ұзақ жыл аудандық ауруханада қызмет етіп келе жатқан Күләнда Досоваға берілді. Ойыл ауданын өтпелі кезеңде басқарған, шебер ұйымдастырушы, «Қазақстан кәсіптік-техникалық саласының үздігі» Ғазиз Займолдаға республикалық ардагерлер қауымдастығы атынан «Сауап» медалі тапсырылды.

Ақын Ертай Ашықбаев Сүлеймен әулие атындағы сыйлықты халық емшісі Жұмабай Дайрабаевқа табыс етті. Аудандық «Ойыл» газетінің тілшісі Мұса Әділбайұлы бас редактор Бауыржан Бабажанұлының қолынан жазушы Құрал Тоқмырзин атындағы сыйлықты алды.

Байсалбай Жолмырзаев атындағы сыйлық қаржы саласының үздігі Қайнарбай Ұлықпановқа ұсынылды. Бұл марапатты аудан басшылығында жауапты қызмет атқарған, ауылшаруашылық саласының ардагері Түлкібай Сәдірбаев берді. Байсалбай Жолмырзаевтың зайыбы Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, білім саласының ардагері Қаракөз Қосаева Ойыл жеріндегі дүбірлі тойлардан бірде-бір қалған емес. Облыстық газеттің 95 жылдық мерекесінде шашбауын көтеріп, ұжымның қасынан табылып, оқырмандармен жүздесті. Газеттің байырғы оқырманы «Белсенді жазылушы» номинациясымен еңбек ардагері Шәйзада Қлипанованы марапаттап, бір кезде ауданда бірге жұмыс жасаған кездерін еске алды.

«Жанашыр оқырман» номинациясы еңбек ардагері Исағали Тәжібаевқа, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаевқа және «Жас тілші» атағы Саға мектеп-балабақшасының 11-сынып оқушысы Адина Тимуроваға берілді. Одан бөлек бірнеше оқырмандарға Алғыс хат беріліп, құрмет көрсетілді.  Оларға Алғыс хатты ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрмұхамбет Дияров, Қазақстанның құрметті журналисі Аманғос Орынғалиұлы және «Актюбинский вестник» тілшісі Абат Қаратаев тапсырды.

Бұл сыйлықтың барлығы республикаға танымал тұлғаларды дәріптеп, өскелең ұрпаққа олардың ісін, еңбегін, өмір жолын таныстырып, насихаттауға бағытталған. Газеттің мақсаты да интернет заманында өткен тарих пен құнды жәдігерлерден ажырап қалған жастарды туған жерінің тарихи тұлғаларымен табыстыру.

Соңғы кезде жастардың белсенділігі артып келеді. Газет беттеріндегі жетістіктерде жастардың көптеп орын алуы соның айғағы. Өйткені ауданның атағы, абыройы мен жетістіктері жастармен жанданды. Ең үлкен олжа — биыл тұңғыш рет Ойылдан әлем чемпиондары шықты. Ұлан Мұқашев ауданның арманын алтын медальмен орындаса, жақында Бекзат Мұханбетов  күміс медаль алды. Олар облыстық газеттің назарынан тыс қалмай дер кезінде жарияланды.

Бір кездері тілшілердің ордасына айналған жергілікті «Ойыл» газетінен ұшқан қаламгерлер көп. Табыл Құлияс, Сырым Бақтыгереев, Сәрсен Жұмағалиев, Аманғос Орынғалиұлы, Алмат Пангереев секілді журналистер облыстық газетте  абыройлы қызмет атқарды. Ал сол адамдармен бірге жұмыс істеп, облыс газетінің бас редакторы болған Ойыл ауданының құрметті азаматы Идош Асқар ойылдық оқырмандарына лебізін арнады.

Ойыл — мәңгілік сағынышым.  Бұл 95 жылда ұжымның үш ұрпағы ауысты. Осы кезеңдерде көптеген адамдар жұмыс істеді. Жалғасы үзілмеген ұжым. Қазіргі үлкені — біздер. Біздің де тілегіміз — жақсы адамдармен, жастармен толыға берсе дейміз. Газеттің айтатыны — елдің жайы. Осы жерде жастығымыз қалды. Сол жастығымызды, басқан іздерімізді көргіміз келеді. Ойыл мен үшін таусылмайтын әңгіме, — деген ол аудандық орталық кітапханаға өзінің жеке кітапханасынан кітаптар тарту етті. Олардың арасында Ойылда туған ақын, «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтемістің өлеңдер жинағы да бар.

Ойылда тұңғыш Президентпен бір жыл, бір ай, бір күнде дүниеге келген құрдасы Қазбек Нұрымгереев мерекеге арнап өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

— «Ақтөбе» газетін қалт жібермей оқимын. Бексұлтан деген баламды Елбасының құрметіне орайластырып қойған болатынмын. Дәл сіздер келер тұста Айсұлтан атты немере сүйіп отырмын. «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығымен қатар дүниеге келген немеремді жақсылыққа, жақсы ырымға балаймын, — деді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Ойыл оқырмандарына алғыс айта отырып, аудан әкіміне газет пен оқырман арасындағы тұрақты ынтымақтастығы үшін Алғыс хат тапсырды.

Көркімен көзге түскен колледж

Түстен кейін қонақтар Ойыл аграрлық колледжінде болып, оқу ғимаратының жағдайымен танысты. Келесі жылы «Ветеринария», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша  109 түлек бітіреді. Ауданға ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын оқу орнын бітірген түлектердің 88 пайызы жұмысқа орналасады екен. Бір қуанарлығы, мамандарға көрші облыстардағы аудандардан да сұраныс болып отыр. Ойыл аграрлық колледжі  13 гектар жерде орналасқан.  500 орындық  оқу ғимараты,  2 спорт-зал, 60 орындық жатақхана бар.  Оқу-тәжірибесіне арналған техникалармен қамтамасыз етілген. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығына арналған 50 орындық  шеберхана, Машиналарға техникалық қызмет көрсету орталығы, «Ветеринария» мамандығына арналған 75 орындық ветеринарлық клиника, ветеринарлық кешен  орналасқан. Қосымша 3000 гектар шаруашылық аймағының 1000 гектар егістік, 2000 гектар жайылым,  мал ұстайтын баз және үй-жайлары бар. Модульдік оқыту жүйесі негізінде 2017 жылдан бастап  «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы 3 мамандықтың біліктілігін  қатар алатын жүйемен оқытылуда. Білім алушы алдымен «Слесарь-жөндеуші» жұмысшы біліктілігін, «Механикаландырылған ферма операторы» орта буынын және «Техник-механик» болып шықса, өткен жылдан бастап «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша «Аспаз», «Кондитер» , «Даяшы» жоғары біліктілігін алады. Колледжде 63 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде 31  педагог қызмет етеді. Колледж директоры Серік Займолдиннің айтуынша, 8 миллион теңгеге екі пәтерлі үй салынып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған студент Жұмажанұлы Амантұрлы мен колледж қызметкеріне берілген. Сонымен қатар ақ тарынын атасы, атақты рекордшы Шығанақ Берсиевке арналып «Шығанақ мектебі» жасақталды. Мұндай материалдық-техникалық базасы жақсы дамыған колледж облыста санаулы ғана…

Оқырмандар пікірі

Адина Тимурова,

«Жас тілші» номинациясының иегері:

— Аптасына үш рет шығатын «Ақтөбе» газеті күн сайын қолымызға тиеді десе де болады. Аудандық басылымнан ауылдың  жайы көтерілген мақалалар, ауылдастарымның жетістіктері шығып жатса, ондағы таныстарымды көріп қуанып қаламын. Ал облыстық газетке ауылымыздың аты аталып, немесе жағымды жаңалықтары шықса бойымды мақтаныш билейді. Мен көбіне эссе жазамын, түрлі жарыстарға қатысамын.  Соған жақынмын. Ұстаздар күніне орай апайыма арнап эссе жазғам. Мектеп бітірген соң журналистика мамандығына түсетін ойым бар. Өзімді дамыту, шыңдау мақсатында мақалалар жазып тұрамын.

Өркен Ақеділ: жас кәсіпкер,

«Мұрагер» шаруа қожалығының төрағасы:

— Әрине, қазір бәрі әлеуметтік желіде отырып, газеттерді оқымайды деген пікірлер бар. Кез келген сауаты бар адам  облыстық, республикалық басылымдарды шолып шығады. Газеттің әр санын күтетіндердің бірі өзіммін. Неге дейсіз ғой?. Әлеуметтік желі нақты, шыншыл ақпараттарды бермейді. Кейде жеке адамдардың ар-намысына тиіп жатады. Ал «Ақтөбе» газетінен қазіргі жастарға берілетін мүмкіндіктер, жеңілдіктер, сонымен қатар қарапайым халықтың мұң-мұқтажын көтерген мақалаларды оқимын. Ондағы  журналистер оқырманға ұғынықты етіп жазады. Біз секілді жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге толық ақпаратты түсінікті тілмен жеткізеді. Мысалы, қазіргі тұрғындардың ең көп білгісі келетін тұрғын үй туралы материалдар жиі жазылып жүр.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ақтөбе-Ойыл-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button