Ақтөбе — 95

Қадірлі әріптестер!

Сіздерді ұлттық баспасөздің байырғы басылымдарының бірі — «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

1924 жылдан бері «Кедей», «Алға», «Социалды жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» сияқты түрлі атаулармен жарық көрген шежірелі газет еліміз егемендік алғаннан кейін «Ақтөбе» болып өзгерді.

Газеттің кемеліне келіп, қазақ баспасөзінің іргелі басылымдарының біріне айналуына Ж.Тілепбергенов, Қ.Қожамұратов, С.Мұқашев және басқа да аға буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде ғасырлық шежіресі бар басылым шаңырағында кәсіби шығармашылық мектеп қалыптасты. Шеберліктерін шыңдаған жүздеген журналистің қастерлі шеберханасына айналды. Газеттің сарғайған беттерінде қазақ журналистикасы жүйріктерінің, ақиық ақындар мен көрнекті жазушылардың қаламының ізі қалды.

Тоқсан бес жылдан бері ұжым тілшілері өңірдің тағылымды тарихын зерделеп, облыс көлеміндегі мәселелерді ғана емес, рухани құндылықтарды да халыққа кеңінен насихаттап келеді. Осы уақыттың ішінде ұлт руханияты мен ұлттық рухтың туын берік ұстап келе жатқан газет оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген басылым ретінде танылды. Әрқашан қазақ баспасөзінің биігінде келе жатқан газетке еліміз үшін маңызды міндетін абыроймен атқара беруіне тілектестік білдіреміз.

«Ақтөбе» газетінің 95 жылдық торқалы тойы құтты болсын!

Оқырмандарыңыз көбейе берсін! Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін!

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button