Тарих

Ізгілікті із қалдырған аға еді…

Ел сыйлаған абзал ағалардың бірі Әліби Қойлыбаев тірі болғанда 87 жасқа толар еді.

Жалпы бұл кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелер санамызда өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында орныққан-ды. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінде облыстық партия комитеті мен облыстық кеңес атқару комитеті өткізген жиын-кеңестерден көлемі ауқымды есептер жиі жарияланады. Сонда ауыл шаруашылығына қатысты тарауда Отар Қылипанов, Естілеу Құлшынбаев, Нағым Қобыландин, Әліби Қойлыбаев басқаратын «Жетікөл», «Оймауыт», «Тоғыз» және Шевченко атындағы кеңшарлардың озық істері өзгелерге үлгі ретінде баяндалатын.

Ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай еңбек сіңірген ағам Қартбай Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында Әлібимен бірге оқығанын айтып: «Студент кезінде-ақ ұстамды болды, ойына алған шаруаны орындағанша тыным таппайтын» деп, қысқаша сипаттады. Арада біршама уақыт өтті. Облыстық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы ретінде Қарабұтақ ауданынан бір-ақ шықтым.

Мұнда ең алдымен танысып, араласқан азаматтар санатында Әліби аға болды. Қарабұтақ орман шаруашылығының директоры қызметіндегі Қойлыбаевты үлкен-кіші қатты сыйлайтыны бірден аңғарылды. Аудан басшыларының өзі бұл кісінің түйсік-пайымымен санасады екен, түйінді мәселелерге келгенде ой-пікірін сұрайды. Әліби Қойлыбаев тарапынан кеудемсоқтықты, көзге түсуге құмарлықты байқамаппыз, қашан көрсең де байсалды қалпында, ортақ шаруа турасында ұстанымын ой сарабынан өткізіп барып айтады.

Ағалы-інілі қатынасымыз нығая түсті, мерзімдік басылымдарды жібермей оқитын қасиеті тіпті ұнады. Әңгіме барысында білгеніміз — Ырғыз өңірінде ну тоғайлы Шабаған түбегінде тары өсірумен даңқы шыққан Қойлыбай Белесовтің үшінші перзенті екен. Кейін ағалары Қалиды, Ағытайды көрдік, дәмдес болдық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ырғыз ауданының алғашқы әкімі болған Лайық Шоқпаров Әлекеңнің туған бауыры екен.

1949 жылы Ырғыз ауылында Сталин атындағы орта мектепті бітірген Әліби Қойлыбаев Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға қабылданады. Жалпы соғыс аяқталғаннан кейінгі дүрбелең кезеңде студент атанған ырғыздық қыз-жігіттер сол тұстағы Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұловтың қамқор көңілін аузынан тастамай жүрді. Мына сәйкестікті қараңыз, Әліби 1954 жылы институтты тәмамдап, жоғары білімді мал дәрігері дипломымен және арнаулы жолдамамен Қарабұтаққа келгенде алдынан тағы да сол Бердіқұлов шығыпты. Сөйтсек, әйгілі тұлға, Социалистік Еңбек Ері Нұрекең Қарабұтақ ауданының бірінші басшысы қызметіне ауыстырылған. Абзал азамат тың игерумен қатар мал өсіруді де қолға алу керектігін айтып, жас маманға жеті ұжымшарды қамтитын Қарабұтақ МТС-інің бас мал дәрігері қызметін ұсыныпты.

Осылайша Қойлыбаевтың саналы өмірінің ендігі 43 жылы Қарабұтақ өңірінде өткен. МТС таратылғаннан кейін Әлекең 1959 жылы «Қарабұтақ» кеңшарына директор болып тағайындалды, арада жеті жыл өткен соң Үкімет қаулысымен кеңшар атауы Шевченко болып өзгертілді. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Партияның XX съезі атындағы кеңшар директоры, Қарабұтақ орман шаруашылығының директоры қызметтерінде өзінің азаматтық келбетін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен тіл табысу шеберлігін айқын танытты.

Әлекең үшін есте сақталған мағыналы кезең — Шевченко кеңшарына басшылық еткен жылдары. Директордың шаруаның кілтін таба білуі нәтижесінде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы шапшаң қарқынмен дамыды, Ресейдің Орынбор облысынан қырыққа тарта отбасы көшіп келіп, қоныстанды. Тары, жүгері өсірудегі озат тәжірибе республика аумағында үлгі етілді.

Директордың қажырлы еңбегі бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Омырауына екі мәрте Ленин орденін, «Октябрь революциясы», Еңбек Қызыл Туы ордендерін, бірнеше мемлекеттік медальдарды тақты, «Әйтеке би ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Қойлыбаевпен бірге қызметтес болған адамдардан оның жаңалыққа құмарлығы, барған жерінде көрген жақсы шаруаны өз ауылында жүзеге асыруға ынтызарлығы туралы жылы лебіздер естідік. Директордың қызметтік көлігін жүргізген Қасқырбай Уәйісбаев ағамыз былай деп еді:

— Әлекеңмен сапарға шыққанда шаршағанымыз сезілмейтін. Ол таң бозынан тұрып бригадаларды, малшылар ауылдарын аралайды, кемшілікті немесе жайбарақаттықты көрсе дауыс көтеріп, шу шығармайтын. Бірақ түзету жолын табатын. Айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, нәтижесін жедел шығаратын.

Әліби аға өмірінің мағыналы шақтарын өткізген Қарабұтақты жадынан шығарған емес. Ауылда оның басшылығымен көптеген әсем ғимараттар салынды, мүсінші Шкловскийдің қолтаңбасымен кеңшардың әкімшілік кеңсесі алдындағы алаңда украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченконың ескерткіші орнатылды, айналасы абаттандырылды, ескерткіш тақталар қойылды. Осы жанашырлығы үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Аудан атауын Әйтеке би есіміне өзгертуде кідірістерге жол беріліп, шешімі шығару ұзаңқыраған шақта  Әліби Қойлыбаев, Жалпы Ордабаев, Нысаналы Жаңбырбаев, Жолшы Момынбаев және басқа ардагерлер принциптілік танытты. Аудан көрші Бөгеткөл ауданына біріктіріліп, орталық Комсомол селосына көшірілген  шақта тұрғылықты халықты абыржымай ынтымақты сақтауға шақырғандардың бірі Әлекең еді. Заман түзелді, уақыттың көркем ырғағымен өңір реңі жақсарды: ауыл табиғи газ желісіне қосылды, «Таза су» бағдарламасымен қыруар шаруа атқарылды. Қойлыбаевтың тікелей араласуымен мешіт ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді, тарихи-өлкетану мұражайы қайта ашылды.

Әліби Қойлыбаев мағыналы, ұзақ ғұмыр кешті, бойындағы күш-жігерін, білімін ата-баба жолын жалғастыруға сарқа жұмсады. Соңында алпыс жыл отасқан жары, көркіне ісі сай Зоя апамыз қалды. Қызы Гүлшара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде музей директоры әрі оқытушылық қызметін жалғастыруда, Гүлмирасы Астана қаласында жеке медициналық бизнеспен шұғылданады, Асқары — жеке кәсіпкер, Қайрат — Ақтөбе металл құрастыру зауытының директоры, Райсасы фирмалардың бірінде жұмыс істейді. Әлекең ұл-қыздарынан он бір немере, он үш шөбере сүйді.

Жақсы ағаның артында осындай ізгілікті ізі қалды. Соны көңілімізде медет тұтамыз.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button