Мәдениет

Шалқарда батагөйлер байқауы өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты  сайыс өтті. Қара сөздің құдіретімен жақсылыққа үндеген өміршең салтымыздың мәнін жастарға кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға ауданның ауыл-аймақтарынан елге сыйлы 12 ардагер қатысты.

Батагөйлер бірнеше тақырыпта бата берді, атап айтсақ, жас жұбайларға, жастарға, ел басқарушыларға арналған бата айтудан бағын сынады. Арнайы құрылған қазылар алқасы мүшелері батаның мазмұнына, мүдірмей айтуына сайыскерлердің киім үлгісіне аса мән берді. Әсем бейнеленген сахна төріне үлкендер кезекпен шығып, сайыс шартының шеңберінде баталарын төкті.

Қорытындысында бірінші орынды Мөңке би ауылдық округінен келген ардагер Тарғын Әміралин жеңіп алды. Бас жүлдені Шалқар ауданының Құрметті азаматы Жеткерген Елемес иеленді.

— Бата — ықылымнан жақсылық пен адалдықтың жаршысы. Сондықтан халқымыз батаны қысылғанда — қуат, қиналғанда — медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды  деп пайымдаған. Жастар бата алудың мән-мақсатына тереңірек үңілсе деген оймен аудан әкімінің қолдауымен осы шараны өткізуді жөн санадық. Маржан сөздермен толысқан баталардың астарында да ана тілімізге деген үлкен құрмет жатыр, — дейді   Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының  төрайымы Роза Дәуітова.

Байқауға қатысушылардың барлығына ұйымдастырушылар атынан марапаттар мен сыйлықтар үлестірілді. Жүлдегерлерге арнайы марапаттар тапсырылды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button