МерекеТарих

Тәуелсіздік шежіресі

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 27 жыл толады. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қазақ елін төрткүл дүние танып, әлем мойындады.

Сонау тәуелсіздік алған тұста еліміздің бірден «аяққа» тұрып кетпегені белгілі. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені де рас. Бірақ біздің халқымыз еш уақытта мойыған жоқ. Бұл туралы Елбасымыз: «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын. Қазақстанның өзі түгілі аты әлем елдерінің көпшілігіне бейтаныс еді. Бірақ біз еш уақытта мойыған жоқпыз», — деген болатын.

Бүгінде біз қиын-қыстау кезеңдерді артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.

Сонымен 1991-2001 жылдар аралығында еліміз, оның ішінде облысымыз тәуелсіздіктің арқасында қандай жетістіктерге қол жеткізді? Саралап көрейік… 

БІРІНШІ ОНЖЫЛДЫҚ:

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

1991 жыл

Тамыз айындағы Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді.

24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады.
29 тамызда Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды.

Тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды.

2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13»  кемесімен ғарышқа ұшты.

16 қазанда «Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды.

1 желтоқсанда Қазақ КСР Президентінің сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Республика Президенті болып сайланды.

10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңын қабылданды. Осы Заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.

16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

17 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды.

20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды.

21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды.

Желтоқсан айының соңында Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.

1992 жыл

10 қаңтарда «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданып, еліміздің ішкі істер әскері құрылды.

2 наурыздан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі болды.

7 сәуірде Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында темір-бетон бұйымдары зауытының құрылысы басталды. Сметалық құны 1 млн сомдық су құбырының желісі қолға алынды.

24 сәуірде Ойыл ауданында 50 орындық «Ер Төстік» балабақшасы ашылды.

22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданды.

4 маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ту авторы — суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары — сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.

13 маусымда Ақтөбеде қала әкімінің шешімімен 1200 оқушыға арналған №36 қазақ орта мектебі ашылатын болды. Жаңа мектеп 1 қыркүйекте 1992-1993 оқу жылына барлық сыныптарға оқушылар қабылдады.

2 шілдеде облыста халық батыры Есет Көкіұлының 325 жылдығы кең көлемде атап өтілді.

4 шілдеде Ақтөбеде тері зауытының құрылысы басталды. Жаңа өндіріс орны жүзден аса тұрғынды жұмыспен қамтыған.

8 қыркүйек — 4 қазан аралығында Алматы қаласында  Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.

13 қыркүйекте облыста 1289,3 мың гектар алқаптың егіні орылды. 1548,9 мың тонна астық жиналды. Әр гектардан орташа түсім 12,6 центнер болды.

13 қыркүйекте Байғанин ауданы Сағыз кеңшарында жаңа мектеп ашылды. Оған 70-ке жуық бала қабылданды.

8 желтоқсанда Ақтөбе ет комбинаты жаңа өнім шығара бастады.

11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының мәтіні бекітілді. Мәтінін жазғандар —  Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева. Әуенін жазғандар — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди.

1993 жыл

28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.

6 сәуірде Ақтөбе мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитеттің төрағасы Е.Иманқұловтың төрағалығымен жекешелендірудің жауапты кезеңіне қатысты облыстық кеңес өтті.

10 сәуірде Ақтөбе қаласында тоттанбайтын болат өндіретін электр металлургиялық зауыттың салынатыны туралы ҚР Министрлер кабинетінің Қаулысы қабылданды.

20 сәуірдеАқтөбеде «Шалқыма» балалар филармониясының тұсауы кесілді.

Мамыр айында елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды.

12 маусымда Есет Көтібарұлының 190 жылдығына орай Шалқар ауданында Есет Дәрібай кесенесінің құрылысы басталды

5 шілдеде Ақтөбе ауданында «Елек таңы» газеті шыға бастады.

10 шілдедеХромтауда керамзит зауыты ашылды. Зауыттың алғашқы желісі жылына 1 миллион шаршы метр керамзит плитасын шығарады.

12 қазандаБөгетсай ауылының орталығына табиғи газ жетіп, тұрғын үйлерді жекешелендіруге байланысты үй салушылар қатары көбейді.

19 қазанда «Бұл Ақтөбеде жасалған» деген атаумен «Геотехника» зауыты теледидар шығара бастады.

5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент Жарлығы шықты. Осылайша төл теңгеміз 15 қарашадан бастап айналымға түсті.

12 қарашадаАқтөбеде жаңа ғылыми мекеме — ҚР Инженерлік академиясының бөлімшесі ашылды. Бұл — мұндай бөлімше ашылған еліміздегі төртінші қала.

2 желтоқсандаҚарғалы селосында қазақ мектебі ашылды.

 1994 жыл

6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады.

11 тамызда Ақтөбе қаласында Қазанғап атындағы ұлттық өнер мектебі ашылды. Алғашқы жылы мектепке 120 бала қабылданды.

21 қарашада облыстық ономастикалық комиссия Актюбинск қаласы Ақтөбе аталуы тиіс деген тұжырымға келді.

1995 жыл

1 наурызда Мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган —Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Мақсаты —  қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту.

24 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясы ашылды.

6 сәуірде Шалқар автокөлік кәсіпорнында 4 автокөлік сатылатын болып, аукционға шығарылды. Саудаға 26 адам қатысты.

24 сәуірдеАқтөбеге халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев келді. Аты аңызға айналған тұлға жұмыс сапарында жас курсанттармен кездесті.

26 сәуірде Ақтөбеде халықтардың кіші Ассамблеясының бірінші сессиясы өтті.

29 сәуірде Президент Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізілді. Сайлаушылардың 95,4 пайызы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдады.

3 маусымда Бөгеткөл (қазіргі Әйтеке би) ауданындағы «Қарашатау» АҚ-да жоғары өнімділіктегі модуль-диірмен іске қосылды. Ол Қазақстан, Чехия және Ресей әріптестігі нәтижесінде пайдалануға берілді

30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.

1 қыркүйекте Шұбарқұдық елді мекенінде орталау қазақ мектебі ашылды.

Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесі әскери әуе күштері факультетінің тұңғыш қабылдаған курсанттары ант қабылдады.

16 желтоқсанда Хромтау ауданы Жангелді атындағы ұжымдық шаруашылығына газ тартылды.

1996 жыл

6 сәуірде Мұғалжар ауданындағы «Юбилейное» кенішін экономикалық негізде дамыту және болашақ зауыт кешенін тұрғызу үшін француздық «Кожема» фиомасының бір топ мамандары келді. Геологтар бұрғылау жұмыстарын сәтті аяқтап, оның қорытындыларын Францияға жөнелтті.

7 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Президенттері Каспий бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеру құқығы Қазақстанға берілген, ал Ресей бұл салада барынша жәрдемдеседі деп белгіленген.

30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды.

28 қарашада Ақтөбе мемлекеттік медицина институты жанынан медицина лицейі ашылды.

6 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жылдығына орай «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Монумент авторлары: сәулетшісі —Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі, мүсіншілер: Н.Далбай, Ә.Жұмабав, сәулетшілер: Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев).

1997 жыл

8 ақпанда Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған Орта Азия мемлекет басшыларының Саммиті өтті. Әңгіме Аралды қорғау халықаралық қоры төңіре­гінде болды. Бес мемлекет басшысы Алматы декларациясына қол қойды.

8 сәуірде «Ақтөбе» энциклопедиясын құрастыру жұмыстары басталды.
4 тамызда Қазақстан-Қытай шекарасында Достық стансасы маңындағы бірінші шекара белгісінің ресми ашылуы өтті.

3 қыркүйекте Темір ауданының орталығында Байланыс үйінің жанына 50 метрлік мұнара орнатылды.

13 қыркүйекте Ақтөбеде татар ұлтының балаларына арналған жексенбілік мектептің ашылу рәсімі өтті. Оған алғаш болып 17 бала ата-анасымен жазылды.

10 қазанда Елбасы Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады.

20 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 жел­тоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республика­сының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұ­сау­кесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын.
10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді. Осыған байланысты Ақмола қаласының орталық ала­ңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мем­лекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді.

11 желтоқсанда жоғарғы Қарғалы су жинағышының үшінші тармағы іске қосылды.

1998 жыл

14 сәуірде Ақтөбе қаласындағы Ленин атындағы көшеге Әйтеке би есімі берілді.

6 мамырда Президент Ақмола қаласын «Астана» деп атауға Жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа Астананың ресми тұсаукесері өтті.

1 шілдеде Алға ауданына Жаңажол кенішінің газы берілді.

19 қарашада Жаңажол газы Ақтөбеге жетті.

2 желтоқсанда Елбасы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға қол қойды.

8 желтоқсанда Ақтөбемен шектес жатқан Заречный ауылына газ тартылды.

1999 жыл

10 қаңтарда ҚР Президентінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда Қазақстан Республикасының Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды.
19 қаңтарда
ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде «Отан» партиясы құрылды. Осы күні партияның құрылтай съезі өткізіліп, 12 ақпанда тіркеуден өтті.

22 сәуірдеАқтөбеде «Нұр» бизнес, менеджмент және құқық институтында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымы құрылды

25 маусымда Ақтөбе қаласының 130 жылдығына орай «Нұрдәулет» мешіті ашылды.
Шілдеде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

1 қыркүйекте Хромтау ауданында екі мектеп ашылды. Олар: 540 орындық Қызылқайың орта мектебі, 600 орындық №5 мектеп-гимназиясы.

17 қарашада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің алдында Құдайберген Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіш ашылды.

23 қарашада Ақтөбеге «Алтын адам» келді. 1969 жылы Алматының іргесіндегі Есік қаласынан табылып, 30 жыл бойы жержүзінің түкпір-түкпірін аралаған «Алтын адамды» республика тұрғындарына таныстыруға арналған алғашқы сапар Ақтөбеден басталды.

9 желтоқсанда Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қызылжар ауылына көгілдір отын берілді.

2000 жыл

23 тамызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

10 қазанда Астанада Кеден одағының қатысушы мемлекеттері басшылары Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықты құру туралы мәлімдеме және шартқа қол қойды.

11 желтоқсанда облыс орталығындағы басты көше — Әбілқайыр хан даңғылында, облыс әкімдігінің алдында даңқты қолбасшы Әбілқайыр ханға арналған еңселі ескерткіш орнатылды.

2001 жыл

Бұл жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.

30 қаңтарда Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен әкімдердің республикалық кеңесі өтті. Кеңесте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің он жылдығы жылында экономиканы өркендету, халықтың тұрмысын жақсарту тұрғысында барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойылатын міндеттерді саралап берді.

19 маусымда ақтөбелік былғары қолғап шебері Галиб Жафаров солтүстік Ирландияда өткен Әлем чемпионатында екінші орынды иеленіп, күміс медаль жеңіп алды.

21 шілдеден бастап Мәртөкте қалбырдағы сүт шығарыла бастады.

Тамыз айында Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола кен орны аумағында көне қаланың орны табылды. Ол XV-XVI ғасырлардағы қала деп шамаланып отыр.

29-30 тамызда Алматыда «ХХІ ғасыр: ядролық қарудан азат әлем жолында» атты халықаралық конференция өтті.

16 желтоқсанда Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Онда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ бұл жылы «2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың онжылдық мемлекеттік бағдарламасы» және Мемлекет басшысының бастамасымен «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы жүзеге асырыла бастады.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЕКІНШІ ОНЖЫЛДЫҒЫ: ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

2001 жыл

2001 жылы елімізде тәуелсіз елдің тарихында жазылатын талай елеулі оқиға болды. Бұл жылы республика бойынша автомобиль жылдары болып жарияланды. Экономика саласындағы көрсеткіштер артты: әлемдік статистика бойынша жинақтау нормасы 15 пайыздан асқан кезде сол елдің экономикасында тұрақты өсу басталатынын ескерсек, 2001 жылы Ұлттық табыстың жинақтау деңгейі 25 пайызға артты!

Осы жылы ел астанасының Астана қаласына көшірілуіне үш жыл толуына орай бас қаланың төріне Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткіші қойылды.  Астанадағы  «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» аталатын мәдени орталық та осы жылы ашылды.

Осы жылдың күзінде елімізге арнаулы сапармен Рим Папасы Иоанн Павел Екінші келді. Иоанн Павел Екіншінің біздің Президенттің шақыртуын қабыл алып, елімізге келуі Қазақстанның соғысты емес, тек бейбітшілікті ғана жақтайтын саясатының бір көрінісі болатын.

Осы жылы Алматыда Орталық Азия мемлекет басшыларының Экономикалық коғамдастығының бірінші саммиті, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер үкіметтері басшыларының отырысы өтті.

Осы жылы 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылдық мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының  бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырыла бастады.

Осы жылы Ақтөбеде «Айналайын-2001» балалар шығармашылығына арналған фестиваль өтті. Ал Мәртөкте тұңғыш рет қалбырдағы сүт шығарыла бастады.

2002 жыл

2002 жыл елімізде Денсаулық жылы болып жарияланды.

Тәуелсіздіктің 11-інші жылы Қазақстанның әлемде нарықтық экономикалық ел ретінде мойындалған жылы болды. Наурыз айында Вашингтон Қазақстанға нарықтық экономикалық мемлекет мәртебесін беру туралы мәліметті хабарлады. Бұл мәлімдемеден кейін елімізге инвесторлардың қызығушылығы артты.

Осы жылғы «Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы» Президенттің дәстүрлі Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев ауылға айрықша назар аударып, ауылға қатысты жаңа саясаттың іргесін қалады.

Сыртқы және халықаралық саясатта, экономикалық бағытта да айтарлықтай даму болды. Әлемнің алпауыт елдерімен тең тұрып сөйселе алатын деңгейге жеттік. 2002 жылы БҰҰ бұрынғы басшысы Кофи Аннанның Астанаға сапары да соның бір айғағы секілді болды. Тоқсаныншы жылдардан бері атқарылған істер нәтижесінде Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың теңқұқықты әріптесі ретінде танылды.

Осы жылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтар Түркістанда өткен Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында кездесті.

Осы жылы  Алматы қаласында әлемнің 30 елінен келген жетекші ақпараттық агенттіктердің өкілдері қатысқан бірінші Еуразиялық медиафорум болып өтті.

Ежелгі Тараз қаласының көптен күткен 2000 жылдық мерекесінің ЮНЕСКО көлемінде тойлануы да ұлт рухының көтерілуіне септігін тигізген той болды.

Қазақстан үшін бұл жыл Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументінің пайда болуымен де есте қалды. Елбасы жобасы бойынша тұрғызылған алып мұнара осы жылы халықаралық байқауда ТМД елдеріндегі ең үздік нысан ретінде алтын медальға лайық деп танылды.

2003 жыл

Бұл жыл «Қазақстан‑2030» Стратегиясында айқындалған міндеттерді белсенді іске асыра бастаған жыл болды. 2003-2005 жылдар «Ауылды қолдау жылдары» ретінде жарияланды. Экономика мен саясатта ғана емес, мәдениет саласында да айтарлықтай жұмыстар істелді. Соның бір айғағы: рухани дамуға бағытталған бірқатар шаралардың басын қосатын «Мәдени мұра»  бағдарламасын дайындау қолға алынды. Оның мақсаты ұлттың мол мұрасын жинақтап, біртұтас жүйесін жасау еді.

Қазақстан сыртқы саясат және халықаралық аренада да өз беделін нығайта түсті. Татулықты ту еткен Қазақ елінің достық қарым-қатынас жасаудағы дипломатиялық саясаты Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайында әлемге озық үлгі ретінде жария болды.

Осы жылы Астанада ашылған «Думан» аквариумы дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес кешен ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

2004 жыл

Елде ірі бағдарламалар қабылданды. Мәселен, осы жылы Астанада Қазақстан мен Ресей басшылары Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Екі ел басшылары арасындағы кездесуде мемлекеттік шекараларды делимитациялауды анықтау мәселелері қозғалды. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан мен Қытай арасында Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының құрылысы туралы келісімге қол қойылды.

2001 жыл елімізде Ресейдің Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Ал қаңтар айында ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойды.

Жыл аяғында Астанада Президент резиденциясы — «Ақорданың» ашылу салтанаты болды. Бұған қоса осы жылы Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды.

Ақтөбеде 2004 жылы облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 80 жыл толды. Осы жылы сондай-ақ  облыста «Шағала» балалар санаторийінің және «Новый» кеңшарының аумағында туберкулез диспансерінің құрылысы басталды. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалының тағы бір цехы осы жылы ашылды.

2005 жыл

Еңсесін тіктеп, қиындықтарды еңсерген «алғашқы мүшелден» өткен Қазақстан 2005 жылы елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуын бір қалыпқа түсіріп алып, сыртқы саясаттағы ахуалды одан әрі дамытуға күш сала бастады. Қазақстан Орталық Азия елдерінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де көшбасшы мемлекетке айналды. Инвестиция салуға аса тартымды мемлекет ретінде және инвесторлардың ұзақ мерзімді уақытқа келіп жұмыс істеуіне қолайлы ел ретінде танылды. Нәтижесінде елімізде  индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы қарқын алды.

2005 жылы болған Қазақстанның саяси өмірінде тағы бір елеулі оқиға — Президент сайлауы. Желтоқсан айында өткен сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды.

Қаржы жүйесінде де көрсеткіштер артты. Ұлттық қор қоржыны ауырлап, еліміздің алтын валюта резервтері көбейді.

Осы жылы Астанада Еуразиялық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің Премьер-министрлерінің басқосуы өтті. Онда қауымдастық елдерінің интеграциялық әріптестік мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық, энергетикалық, әлеуметтік, басқа да салалардағы мәселелер талқыланды. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 10-шы отырысында да маңызды әлемдік мәселелер қаралды.

Осы жылы желтоқсан айында Астанада бірнеше ғимараттың құрылысы басталды.

2005 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағындағы Абат-Байтақ кесенесі маңынан табылған алтыннан жасалған бірегей жәдігерлер Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайына берілді. Сондай-ақ осы жылы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туғанына 80 жыл толуына орай бірінші халықаралық «Әлия  гүлі» фестивалі ұйымдастырылды.

2006 жыл

Жаңа жыл басталысымен Астанадағы Ақорда резиденциясында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі болып  өтті. Оған әлемнің 70-тен аса елінен өкілдер қатысты.

Халықаралық аренада мемлекеттің беделін нығайта түскен жылда Қазақстан бәсекеге қабілеттіліктің Давостық индексінде өз көрсеткіштері бойынша 117 елдің ішінде 56-орынды иеленді. Бұл ТМД елдері арасындағы ең үздік көрсеткіш болатын.

Ұлттық қор активі көлемі артып, соның нәтижесінде әлекуметтік салада айтарлықтай реформалар жасалды. Осы жылы білім беру саласына 344 млрд теңге қаржы бөлінді.

2006 жылы Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезі өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары Қазақстанды бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің астанасы деп атады.

Осы жылы ел экономикасының жедел дамуына септігін тигізетін «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды. Ал қараша айында Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге жаңа басылыммен қайта шықты.

Мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің мәтініне  Президент Н.Назарбаев өзгерістер енгізіп, ол Парламентте қабылданды.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 15 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толды.

Академик Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толу тойы  ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Ақтөбеде Ғ.Жұбанова атындағы филармония алдында А.Жұбановтың ескерткіші қойылды. Мамыр айында «Қазхром» ТҰК Ақтөбе ферроқорытпа зауытында газ тазалайтын құрылғының тұсауы кесілді. Бұл — Қазақстандағы осындай екінші құрылғы.

2007 жыл

16 жасқа «толған» Тәуелсіз Қазақстан «есейіп», 2007 жылы әлемдік деңгейдегі экономикалық дағдарыстың салқынынан өзінше қорғануға тырысты. Экономика тұрақтылығы сынға түскен қиындыққа қарсы тұру үшін жыл басында жаңа Үкімет жасақталды. АҚШ-тың ипотекалық нарығындағы дағдарыстың ықпалы еліміздің қаржы жүйесіне тікелей әсер еткенімен, Үкіметтің дер кезінде қолға алған шаралары нәтижесінде ұлттық экономика тұраламай, аман шықты. Отандық экономиканы әртараптандыруға күш салынды. Елде тіпті «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Осы жылы Қазақстан астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты! Статистикаға көз жүгіртсек, осы жылы елімізде тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды.

Еліміздің түкпір-түкпірінде Елбасы Жолдауында айтылған міндет-мақсаттар аясында 100 мектеп пен 100 аурухананың құрылыстары басталып кетті. 2007 жылдың аяғындағы есеп бойынша елімізде 65 мектеп ашылған.

Саясаткерлердің пайымынша, 2007 жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Себебі осы жылы Ата заңға өзгерістер енгізіліп, бұған дейін Мемлекет басшысының құзырында болған кейбір өкілеттіктер Парламентке берілді. Осылайша заң шығарушы органның өкілеттігі кеңейіп, еліміз іс жүзінде президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Осы өзгеріске сай, Мәжіліс өзін-өзі таратып, сайлау өткізді.

Бұл жылғы тағы бір жетістік — Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізуі. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдады. Бұл еліміздің сыртқы сайсаттағы мәртебесінің биіктегенінің бір көрінісі болды.

2008 жыл

Президенттің тапсырмасымен «Жол картасы» бағдарламасы қабылданды. Осыған дейін екі бөлек жұмыс істеп келген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды.

Осы жылы 2009 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезіне, 2010 жылы өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, 2009 жылдан басталатын ЕҚЫҰ-ның басқарушы үштігінің жұмысы және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шараларына әзірлік басталып кетті.

2008 жылдың қаңтар айында  Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығының шығуы алыстағы ағайындар үшін үлкен үміттің отын жаққандай болды. Осы жылдың желтоқсанында Үкімет 2009-2011 жылдарға арналған  «Нұрлы көш» бағдарламасын бекітті.

Сәуір айында  Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің — 2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды.

Ал 6 шілде күні 2008 жылғы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам — Астана күні белгіленді. Астана күнінде елімізге шет мемлекеттердің Президенттері қонаққа келді. Той қарсаңында  Елордада «Қазақ елі» монументі ашылды. Сондай-ақ той барысында Астанада «Әлия» мемориалды кешені ашылды.

Осы жылы Ақтөбеде Т.Ахтановтың туғанына 85 жыл толуына орай «Театр — өнердің ұлы көші» атты облыстық театр фестивалі өтті.

2009 жыл

Президенттің тапсырмасымен 2009 жылы Үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Елдің дағдарыстан дамуға апаратын негізгі экономикалық құжаты аясында жасалатын жұмыстарға қомақты қаржы бөлінді.

Осы жылы Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары арасында құжатқа қол қойылып, Кеден одағы құрылды.

2009 жылы елімізде Тәуелсіздік алғалы бері екінші рет жалпыұлттық халық санағы жасалды. Осы санақ нәтижесі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты! Тоқсаныншы жылдың басында бұл көрсеткіш 42 пайыз ғана болатын…

Осы жылы Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналған  партия Саяси Кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Сәуірде Алматыда Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті ұйымдастырылды.

Тамыз айында Қазақстан Конституциясы күніне орай елордада алғаш рет әскери шеру өткізілді. Осы жылы Астанада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы, футбол стадионы және өзге де ірі нысандар ашылды.

Ал Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында осы жылы Жаңажол кен орнында «Ақтөбемұнайгаз» компаниясының қуаттылығы 45 мВт газ тұрбалы электростансасы ашылды. Сондай-ақ Ақтөбенің «Болашақ» ауданынан  тұрғындарға 444 пәтер берілді.

2010 жыл

Қазақстан үшін 2010 жыл ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мен Астана Саммитінің ұйымдастырылуымен есте қалатын жыл болды. Еліміз ЕҚЫҰ секілді алып ұйымның тізгінін бір жылға өз қолына алып, төрағалықты лайықты атқарды. Қазақстан БҰҰ-нан кейінгі орында тұрған әлемдік ұйымға төрағалық етуге Орталық Азия аумағында ғана емес, ТМД елдерінің ішінен, ислам дінін ұстанушы мемлекеттердің арасынан бірінші болып қол жеткізді. Жыл бойғы төрағалықтың жемісі ретінде Қазақстан Астана Саммитін өткізді. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті  Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де елеулі оқиға болды. Саммитке барлық құрлықтан  — Еуропа мен Азиядан, Солтүстік Америка мен Австралиядан 75 елдің делегациясы қатысты. Басқосуда Астана декларациясы қабылданды. Бұл екі оқиға Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін асқақтатқан шаралар болды.

Осы жылы 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында бір жылдың ішінде елімізде  жалпы құны 800 миллиард теңге болатын 152 ірі индустриялық-инновациялық өндіріс орны іске қосылды.

Үшінші онжылдық:

ҚАРЫШТЫ ҚАДАМ

2011 жыл

Бұл жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басты. 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықтың — 20 жылы» ұранымен өтіп, мерейтой аясында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім, әр адамға шаққанда, 700 доллардан келсе, Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылында бұл көрсеткіш 9 мың доллар болды.

Осы жылдың ел мерейін арттырған, айтулы оқиғаларының бірі — Астана мен Алматы қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындары еді. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өткен жарыстарға 27 елден 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Біздің еліміздің ұлттық құрамасы 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль иемденіп, жалпыкомандалық есепте І орын алды.

Бұл жылы Тәуелсіздік күні мерекесінде Астанада «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы ашылды. «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы — бостандық пен азаттық аңсаған бабалар арманының ақиқатқа айналғандығының көрінісі, тәуелсіз елдің жаңа символы ретінде бой көтерді.

Ақтөбе өңірінде де Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді. Наурыз айында Елбасының қатысуымен «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафонның екінші кезеңінің басталуы; Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласына газ құбырын тарту жұмыстарының аяқталуы сынды оқиғалар ерекше есте қалды.

2012 жыл

2012 жыл айтулы оқиғаларға толы болды. Олардың ең маңыздысы — 14 желтоқсан, яғни Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан — 2050» Стратегиясының жария етілуі болды. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Жолдауда Елбасы: «2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде

жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық» — дей келіп, алдағы мақсатты: «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс», — деп атап көрсетті.

Осы жылы Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жарғылық органдарына және Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті.

Сондай-ақ, 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасы қазақстандық спортшылардың жарқын жеңістерімен жанкүйерлер есінде қалды. Боксшы Серік Сәпиев, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова, велошабандоз Александр Винокуров, т.б. спортшыларымыз Олимпиада чемпионы атанды.

Осы жылы 6 шілдеде, Астана күнінде елордада Қазақстандағы сән-салтанаты асқан, ең үлкен мешіт — «Әзірет Сұлтан» мешіті салтанатты түрде ашылды.

22 қарашада Парижде ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-сессиясы өтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетіндігі жөнінде шешім қабылданды. Жасырын дауыс беру барысында Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекеттің 103-і Астананы қолдаған.

Осы жылы Ақтөбе облысының құрылғанына 80 жыл толды. Ақтөбе облысы 1932 жылдың 10 наурызында құрылған. Мерейтой тұсында облыс бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрады.

2013 жыл

Бұл жылы елімізде тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өткізілді. Баламалы негізде аудандық маңызы бар қалалардың, селолық округтердің, селолық округ құрамына енбейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланды. Еліміз бойынша барлығы 2454 әкім сайланды.

Осы жылы еліміз ғана емес, мұнай әлемінде үлкен оқиға орын алды, ол — Қашаған кен орнында мұнай өндірудің басталуы. Қашаған — әлемдегі ірі мұнай және газ кен орындарының бірі. Зерттеулер бойынша, мұндағы мұнай қорының көрсеткіші — 9-12 миллиард баррель.

Осы жылы облыс орталығында Әз Наурыз және Әкімжанов көшелерін жалғайтын жаңа көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2013 жылы облыс орталығындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында алғашқы үйлер пайдалануға берілді. Бірінші болып мұнда 69 отбасы қоныс тойын тойлады.

Тағы бір елеулі оқиға — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің Ақтөбе облысы аумағындағы құрылысының аяқталуы болды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізі Батыс пен Шығысты жалғастырған әйгілі Ұлы Жібек жолының қазіргі заманғы баламасы ретінде аталады.

2014 жыл

2014 жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан, Ресей және Белорусь мемлекеттерінің басшылары Еуропалық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды.

Ақпан айының 7-сі мен 23-і аралығында Ресейдің Сочи қаласында ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындары өтті. Олимпиадада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медальға ие болды. Бұл — осы спорт түрінен Қазақстанның Олимпиададағы тұңғыш жүлдесі. Жалпы, Сочи Олимпиадасына 88 ел қатысты. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынға ие болды.

Тамыз айында Жезқазған — Бейнеу және Арқалық — Шұбаркөл теміржолдарының тұсауы кесілді.

Осы жылы Елбасының «Қазақстан — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында Ақтөбе қаласының еліміздегі қазіргі заманғы урбанистік орталықтардың бірі болатыны атап өтілді. Ақтөбені Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен бірге, агломерациялық орталық ретінде дамыту көзделіп отырғаны айтылды.

Осы жыл 2,5 мың тұрғыны бар Қарабұтақ селосы тұрғындарының есінде ерекше қалды. Бұрын аудан орталығы болған елді мекенге Кеңес заманында бұйырмаған көгілдір отын келді. Облыс орталығында 300 орындық көпсалалы жаңа облыстық аурухана іске қосылды және бұл ауруханада еліміздің батыс өңірінде бірінші рет бүйрек ауыстыру үшін ота жасалды.

2015 жыл

2015 жыл да айрықша оқиғаларға толы жыл болды. Бұл жыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының атап өтілуімен есте қалды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде жыл бойы үзбей ұйымдастырылды. Мерейтойлық шаралар қыркүйек айының 11-13 күндері — Астанада, қазан айының басында көне Тараз қаласында ұлан-асыр тойға ұласты. Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды.

2 қыркүйек күні үшінші қазақ ғарышкері — Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты.

27 қыркүйек күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 22 минуттан астам уақытқа созылған баяндамасын қазақ тілінде оқыды. Сөйтіп, ресми алты тілге ғана «есігі ашық» БҰҰ мінберінен барша әлем алғаш рет қазақ тіліне құлақ тосты.

Бұл жылғы 23 қараша да ел тарихында ерекше күн болып қалды: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын іске қосуға арналған салтанатты жиын өтті. Аталмыш құбыр арқылы елдің батысынан оңтүстік облыстарға көгілдір отын тасымалданады. Сол арқылы Қазақстан газ мәселесінде шетелге тәуелділіктен біржола арылды.

Біздің облыста Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы негізгі шаралар қазан айының 1-2 күндерінде өтті. Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымында Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен қазақ халқының бірлігін сипаттайтын үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Осы аудандағы Толыбай ауылында Әбілқайыр хан музейі де ашылды.

Осы жылы ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайберген Белоруссияда өткен «Славян базары» халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алды.

2016 жыл

2016 жыл — ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы атап өтілген дүбірлі жыл.

Елбасы Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланып, бұл мереке елімізде тұңғыш рет атап өтілді. 20 наурызда Қазақстанда Парламент Мәжілісінің сайлауы өтті.

Осы жылы еліміздің жүрегі — Астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Ол — Саида Мұхамедиярова. Осылайша, елімізде халқының саны миллионнан асатын екінші қала пайда болды.

5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарында Тәуелсіздік құрдасы, боксшы Данияр Елеусінов, тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен өрен, жүзгіш Дмитрий Баландин және ауыр атлетші Нижат Рахимов Олимпиада чемпионы атанып, еліміздің даңқын асқақтатты. Сондай-ақ, халқымыздың тарихында тұңғыш рет қазақ қыздары Олимпиада жүлдесін иемденді. Олар — ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл, балуан қызымыз Элмира Сыздықова және боксшы Дариға Шәкімова. Жарыстар қорытындысында қазақстандық спортшылар 3 алтын, 5 күміс және 9 қола, барлығы 17 жүлде иемденді. Жүлде саны жағынан бұл әзірге Қазақстан үшін — ең табысты Олимпиада.

Осы жылы наурыз айында Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумы өтті. Форумға Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Үлкен ел — үлкен отбасы» республикалық жалпыұлттық жобасы да Ақтөбеден бастау алды. Бұл іс-шараға 4 мыңнан астам адам қатысты.

Осы жылы Ойыл, Әйтеке би және Ырғыз, яғни үш бірдей ауданның орталығына көгілдір отын апарылды. Бұл — облыстағы барлық аудандардың орталықтарын газбен қамту ісі аяқталған жыл болды.

2017 жыл

Жылдың басты жаңалығы — 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында ЭКСПО көрмесінің өтуі болды. ЭКСПО — жаһандық ауқымдағы оқиға. 2017 жылы көрме «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтті. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға Астанаға әлемнің бар түкпірінен 3 миллион адам келді. Айта кету керек, Қазақстан — ТМД мен Орталық Азия елдері арасында ЭКСПО көрмесін өткізу үшін таңдап алынған бірінші мемлекет.

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда ХХVІІІ Қысқы Универсиада өтті. Оған 57 елден 1,6 мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте ІІ орынды иемденді.

12 сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада қоғамдық сананы жаңғырту мақсатындағы таяу жылдардағы міндеттер айқындалды. Соған сәйкес, киелі орындар географиясын жасау, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру, т. б. бағыттарда жұмыстар басталды.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer 2017» байқауына қатысып, екінші орынға ие болды. Бұл жеңіс Димаштың әнші ретінде барша әлемге танылуына жол ашты. 16 желтоқсанда әнші әлемдік турнеге аттанды.

2017 жыл біздің өңір үшін де қарыштап даму кезеңі болды. Облыс орталығында 1200 орындық концерт залы бар Өнер орталығы, Жекпе-жек сарайы, басқа да көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді, жаңа саябақтар, гүлзарлар пайда болды.

Осы жылы Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумы — кең ауқымды шара болды. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ әлемнің 21 елінен Ақтөбе топырағының перзенттері, барлығы 300-ден аса адам келді. Олар туған жерді көркейтуге өз үлестерін қосуға деген ниеттерін жеткізді.

2018 жыл

Биылғы жыл да тарих қойнауына еніп барады. Бұл жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуін бастады.

Сондай-ақ биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы кең түрде атап өтілді.

20 жыл уақыт ішінде еліміздің астанасы дүние жүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне айналды. Қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін өсті, ал халқының саны 4 есе көбейді. Астана барша әлемге танылды. Соңғы 20 жыл ішінде мұнда 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшысы және 114 халықаралық ұйым басшысы келген.

Наурыз айында Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялады. Мұнда халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақыны көтеру, газдандыру, т.б. мәселелер алға тартылды. Мемлекет басшысының 5 қазан күнгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру көзделді.

Бұл жылдың шежіресіндегі тағы бір үлкен оқиға — Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары. Олимпиадада қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева қола жүлдеге ие болды. Қазақстан Олимпиадаға қатысқан 92 елдің арасынан 28-орынға ие болды.

2018 жылы Шымкент қаласыҚазақстандағы халқының саны миллионнан асатын үшінші қалаға айналды. Осыған байланысты маусым айында Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусы берілді. Ал бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы болып өзгертіліп, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді.

Биыл, сондай-ақ, 1 шілдеде тұңғыш рет Ұлттық домбыра күні атап өтілді. 12 маусымда Ұлттық домбыра күнін атап өту туралы Елбасы Жарлығы шықты, түпкі мақсат — қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру.

Қараша айында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақала тарихи сананы жаңғырту мақсатында тәуелсіздік жылдарында үзбей жүргізіліп келе жатқан жұмыстарды одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам ретінде қабылданды.

Ақтөбе өңірі үшін де 2018 жыл жаңалықтарға толы болды. Бұл жыл облыста Балалар жылы болып жарияланып, оның шеңберінде «Бақытты бала» ауқымды жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясындағы шаралар барысында облыстағы бірде-бір баланы назардан тыс қалдырмау көзделді.

21 қыркүйекте Ақтөбеде «Анаға тағзым» І республикалық слеті өтті. Слетке Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан делегаттар келді. Олардың қатарында Бибігүл Төлегенова, Ажар Жұбанова, Зейнеп Ахметова сынды белгілі қоғам қайраткерлері болды. Осы оқиғамен тұспа-тұс Ақтөбеде «Анаға тағзым» рухани орталығы ашылды.

Жалпы, облыстағы жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар қатары биыл да толыға түсті. Тек 1 қыркүйек күніғана 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі — көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Сондай-ақ, биыл облыстағы көне басылым — «Актюбинский вестник» газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. «Актюбинский вестник» 1918 жылдың 19 маусымынан бері шығып келеді. Осы мерейтойға орай, Ақтөбеде тұңғыш рет Баспасөз үйі ашылды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері және «Адырна», «Үш таған» журналдары өз тарихында тұңғыш рет жеке баспанаға ие болды.

Әзірлегендер Д.Қазихан. М.Рахатқызы

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button