Әлеумет

200-ден астам тұрғын кеңес алды

Акция

Ақтөбе қаласындағы «Keruen сity» ойын-сауық орталығында «Халықтық заңгер» ауқымды әлеуметтік акциясы өтті. Қала тұрғындары бұл шараға аса қызығушылық танытты. Білікті заңгерлер мен құзырлы мекеме өкілдерімен тікелей тілдесіп, сұрақтарына жауап алу үшін 200-ден астам азамат келді. Тұрғындар, әсіресе, жер, тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты көптеген сауалдар қойды.

Аталған шараны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдері ұйымдастырды.

— Бүгінгі акцияның басты мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заңгерлік көмек ұсыну. Шарада 40-тан астам білікті заңгер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтардың толғандырған сұрақтарына кеңес берді.

Айта кету керек «Халықтық заңгер» акциясы Ақтөбеде ғана емес, бір мезгілде еліміздің 19 қаласында ұйымдастырылды, — деді аталған департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ербол Толыбаев.

Кеңес берушілердің қатарында нотариустар және жеке ұйымдардың заңгерлері, сондай-ақ жылжымайтын мүлік, жұмысқа орналасу, тұрғын үй, денсаулық сақтау, тұтынушылардың құқығын қорғау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру және т.б. салалардан арнайы шақырылған өкілдер болды.

Жалпыреспубликалық шара «Халыққа бір мезгілде тегін құқықтық кеңес беру» аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін өтінім берілген. Қазір арнайы комиссия барлығының да ережеге сәйкес өткенін тексеріп жатыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button