Рухани жаңғыру

Жасампаз идеялар қазынасы

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Елбасы Н.Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» атты семинар-тренинг өтті.

Шараның мақсаты — Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өмірбаяны, еңбек жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту.

Семинарды ашқан Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

— Біз еліміздің әр өңіріне барғанда Назарбаев зияткерлік мектептерін аралаймыз. Бұл жердегі жастардың білімге деген ерекше талпынысын, Отанға деген сүйіспеншілігін көреміз. Олардың оқу деңгейі жоғары. Үш тілді еркін меңгерген. Сондай-ақ оқушыларға жергілікті ұстаздармен бірге, шетелден келген білікті мұғалімдер сабақ береді. Сондықтан мұндағы жастар болашақ еліміздің нағыз мақтан тұтар азаматтары болады деген сенімдемін.

Ақтөбе облысында жиі болмаймын. Алайда, соңғы он жылдың ішінде өңірдің айтарлықтай дамығанын көзбен көрдім. Тек қала көшелерінің көркейіп, зәулім ғимараттардың салынуы ғана емес, жаңа білім ордаларындағы сапалы білім мен медицина саласының  іргерілеуі ерекше қуантады, — деді өз сөзінде.

Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова Президенттің туған жері Қаскелеңде (қазіргі Қарасай ауданы), Шамалғанда (қазіргі Үшқоңыр), Алматы, Теміртау, Қарағанды қалаларында жүргізілген ғылыми-ізденіс экспедицияларын, сондай-ақ архив пен кітапхана қорынан табылған құнды деректердің нәтижесінде жинақталған материалдарды ұсынды.

— «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, еліміздің болашағы саналатын жастарымызды ұлы тұлғалардың өмірімен таныстыруымыз керек. Еліміздің тірегі болған хандар мен ел қорғаған батырлардың, алаш ардақтыларының өмір тарихы жастарға үлгі-өнеге болуы тиіс.

Тәуелсіздік алғалы ерен еңбек етіп келе жатқан Елбасымыздың есімі тарихи тұлғалардың қатарында айтылады. 2011 жылдан бастап Елбасы кітапханасында Ұлт көшбасшысының өмір жолын насихаттау мақсатында Елбасытану курсы ашылды. Ең алғашқы көшпелі дәрістер Елбасының білім алған мектебінің оқушыларына арналып өткізілді. Содан бері әр өңірлерде жалғасын тауып келеді, — деді Л.Омарова.

Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға  сертификаттар табыс етілді.

Елбасы кітапханасының көрмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен семинармен жалғасты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, аталған кітапхана директорының орынбасары Күләйша Ақтаева қатысты.

Шараға музей экспонаттарын жинауға және сақтауға арналған «Музей» автоматтандырылған жүйесін қалай пайдалану керек екендігін талқылау мақсатында облыстың барлық аудандарынан келген музей қызметкерлері жиналды. Кітапхана қызметкерлері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасын зерделеу үшін электрондық дерекқорды қалыптастыру бойынша жұмысының нәтижелерін көрсетті.

Өз кезегінде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали алдағы уақытта ғаламтордағы музейдің сайтына кіру арқылы материалдарға еркін қол жеткізуге болатынын және облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттарымен танысуға мүмкіндік берілетінін, сондай-ақ келушілер көрмені 3 D форматында тамашалай алатынын атап өтті. Елбасы кітапханасының қорытынды шарасы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің А.Досжанова атындағы конференц-холында аяқталды.Алдымен шараға жиналған медицина университетінің оқытушылары мен студенттерінің назарына Мемлекет басшысы туралы деректі фильм ұсынылды.  Бұдан соң Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Елбасы кітапханасының қызметі» тақырыбында дәріс оқыды. Сондай-ақ университетке үш тілде жазылған Елбасының кітаптары және Президенттің өмірбаяны жазылған 200-ге жуық кітап тарту етілді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button