Рухани жаңғыру

Ілгерілеудің нақты кепілі

Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту, өркендеу және қауіпсіздік қай кезде де мемлекетіміздің маңызды үш бірлікті міндеті болып қала береді және мемлекеттің міндеттемесі барлық қазақстандықтар үшін тірек. 

Биылғы жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 27 жыл толады. Тарихи өлшеммен алғанда шағын ғана мерзімде Қазақстан үдемелі дамушы экономикасы бар, саяси тұрақты, этноконфессиалды келісімге ие заманауи әлеуметтік мемлекетке айналды.

Еліміз жиырма жылдан астам уақыт бойы егемендігімізді және саяси беделемізді нығайтуға жұмыс істеді. Республикада өте жоғары қарқында қоғам өмірінің барлық саласын жаңғырту жұмыстары жүргізілді, нарықтық экономикаға ену жүзеге асты, қоғамдық сана қалыптастырылды. Әр қадам басқан сайын біздің қоғамымыз адам құқы мен демократияландыру бағытында ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.

Біз тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Еліміздің жаңа орталығы — Астананы көтердік. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бұрынғы кеңестік кеңістікте бірінші болып төрағалық еткен мемлекет болды, ауқымды шара — ЭКСПО бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізді.

2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, биылғы жылы оған төрағалық тізгінін ұстады.

Күллі Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына жеделдетілген қарқынмен ену жөніндегі белгілеген басты мақсатын қолдайды.

Елбасы өзінің Жолдауларында біз қол жеткен биіктерде тоқтап қалмауға шақырады және ертеңгі күнге деген сенімділікті бойымызға ұялатады. Президенттің әрбір Жолдауы — барлық қазақстандықтарды ынталандырып, іс-әрекетке басшылық ететін құжат.

Біз «Қазақстан-2050», Ұлт жоспары — бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам, «Нұрлы жол», «Рухани жаңғыру», Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары бағдарламалары мен ұлттық стратегиялар аясында өмірдің барлық саласын ауқымды жаңғырту негізінде жаңа табыстарға ұмтылыс үстіндеміз.

Мемлекет басшысының таяудағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы қазақстандықтардың арасында кеңінен қолдау тапты. Білім беру, медицина, құқық қорғау жүйесінде, бизнесте елеулі реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл міндеттердің әрқайсысының айқын әлеуметтік түпқазығы бар.

Ең төменгі еңбекақыны көтеру — мейлінше дер кезінде жасалған қадам. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақы 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өседі. Дәрігерлердің, мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің бірқатарының жалақысы ұлғаяды. Интеллектуалды және әлеуметтік капиталды ұлғайтудың кепілі ретінде білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Алдағы бес жыл ішінде білім беру мен ғылымға, денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін құрайтын болады.

Алдағы уақытта «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылдау туралы жаңалық көпшілік тарапынан қолдауға ие болып отыр. Кәсіпкерлер шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жариялау, экспорттаушыларды қолдау, тікелей инвестиция қорын құру, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының іс-қимылын тағы да бес жылға созуға шешім қабылдау, яғни бизнесті құру және жүргізу үшін жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктерге ризашылықтарын білдіруде.

Алайда мемлекет абатшылық әлеміне абсолютты донор бола алмайды. Оның міндеті — азаматтардың әл-ауқатының өсуі үшін жағдайлар жасау, көмектесу. Ал олар жүзеге аса ма, аспай ма — бұл енді адамның өз жауапкершілігіндегі нәрсе. Қазақстан Республикасында нақ осындай концепция жүзеге асырылады, Мемлекеттің басшысы да нақ осы жолды нұсқап отыр.

Әрбір азамат өз қолынан келетін нәрсені өзі жүзеге асыруы тиіс. Жаңғырту адамды дамытусыз, құқықтық сауаттылыққа, рухани-адамгершілік құндылықтар мен әлеуметтік игіліктерге ие кемелді қоғамды қалыптастырусыз мүмкін емес.

Биліктің барлық бұтақтары үшін ауқымды жұмыстар атқару міндеті күтіп тұр. Сонымен бірге, атқарылып жатқан жұмыстарды сапалық жаңа деңгейге шығаруға қабілетті азаматтық қоғам және оның институттары, бастамашыл топтардың процеске белсенді қатысуынсыз өз мақсатына жете алмайды. Бұл тұрғыдан билікті орталықсыздандыру, орталық пен аймақтар арасындағы өкілеттіктерді шектеу бойынша бастамалар ерекше назар аударуға тұрады.

Еліміздің аймақтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында, Ұлт жоспарында және басқа да мемлекетті дамытуға қатысты маңызды құжаттарда айтылған тапсырмаларын орындау бойынша барынша тиімді шаралар қабылдануда.

«Жүз нақты қадамның» 98-қадамына сәйкес бес президенттік реформаны енгізу бағытында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу бойынша селолық округтер, ауылдар, селолар, поселкелер, аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде жұмыстар басталды, ал облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттер жобаларын талқылауға қатысуының механизмдері енгізілуде.

2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап саны жағынан екі мыңнан астам тұрғыны бар аудандық маңыздағы қалаларда, селолар мен селолық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі мен дербес бюджетті енгізу заңды түрде қарастырылды. Соған байланысты село бюджеттеріне салықтық және басқа салық емес түсімдердің жеті түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты берілді. Осы шаралардың барлығы қазақстандықтарды жергілікті мәні бар мәселелерді шешуге барынша тартуға бағытталды.

Елбасы белгілеген мақсаттың нақты көрінісі қандай екенін Ақтөбе облысының мысалында қарастыруға болады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметтері бойынша, «Ұлт жоспары — бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 98-ші қадамын жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысы бойынша дербес бюджет жеті аудандық маңызы бар қалада және екі мыңнан астам тұрғыны бар 38  селолық округте енгізілді. 2020 жылдан бастап бұл нормалар аймақтағы барлық елді пункттерде іске қосылатын болады.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетінің табыс бөлігі бойынша 2018 жылға жылдық жоспар 6 миллиард 204,4 миллион теңге болып нақтыланды, оның ішінде салықтық түсімдер — 777,7 миллион теңге, салықтық емес түсімдер 128,7 миллион теңге және трансферттер түсімі — 5 миллиард 297,9 миллион теңге.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігі көп жағдайда өзін-өзі басқарудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық негіздерін қамтамасыз ететін қажетті заңдардың барлық кешенінің болуына ғана емес, сондай-ақ тұрғындардың жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуіне, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асырудағы шын мәніндегі қабілеттеріне де қатысты екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Аймақта азаматтық бастамаларды дамытумен шұғылданатын қоғамдық бірлестіктердің бірі — «ЭлитАгро» қоры. Оның негізгі қызметі бастамашыл топтардың қызметін үйлестіру жолы арқылы қоғамдық пікірді қалыптастырумен байланысты. Қор қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен белсенді түрде ынтымақтасып және өзара әрекет етеді, бизнестің, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын нығайтады және үйлестіреді, рационалды табиғат пайдаланудың ұсыныстарын дайындайды, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтау саласында экологиялық сауаттылықты және белсенді ұстанымды дамытады. Қор жанынан «Жергілікті өзін-өзі басқарудың жастар қанаты» жұмыс істейді. Қор мүшелері қауіпсіз қоршаған орта үшін белсенді әрекет етеді.

Екі селолық округтің, сондай-ақ Ақтөбе қаласы тұрғындарының қолайлы тіршілігіне қатысты Жилянка калий кен орнын игерудің кеңінен талқылануы қарапайым азаматтардың маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуға өмірлік мүдделілігі мен мүмкіндіктері туралы білдіреді.

Селодағы жергілікті өзін-өзі басқаруға азаматтық қатысуды жандандыру мысалдарының бірі — Бөгетсай селолық округі тұрғындарының қызметі. Бастамашыл топтардың белсенді қатысуымен аумақтарды көріктендіру, әлеуметтік және мәдени нысандар құрылысын жүргізу, жерлестерге материалдық қолдау көрсету жұмыстарына бағытталған бірқатар шаралар жүргізілді. Кейінгі тұстарда жалпы ауылдық істер  ақсақалдар мен белсенді азаматтардың пікірлері ескеріліп, олар бас қосқан жиналыстарда шешімін табады.

Билікті орталықсыздандыру — әлемнің дамыған отыз елі қатарына ену жолындағы түйінді қадам. Мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейінің енгізілуімен азаматтардың нақты елді мекеннің мәселелерін шешудегі ролі артады. Ең бастысы — селолықтарды өз бюджетіне дұрыс иелік етуге үйрету, қаржыны тиімді пайдаланып, шығындарды жоспарлауда басымдықтарды айқындауға бейімдеу.

Тұрғындар жоспарлау процесіне қатыса отырып, шын мәнінде  селоны дамыту мен оның перспективаларының нақты көрінісін көре алады. Нәтижесінде әкімге селоны дамыту жоспарын орындағаны үшін тұрғындардың алдында есеп беру оңайға түседі, ауыл тұрғындары оның орындалған немесе орындалмағаны туралы әкіммен бірге жауапкершілік көтереді. Елді мекендердің тіршілігіне белсене қатысатын шағын және орта бизнес нысандары да өз ісін дамыту үшін басымдықтарды байқай алады.

Селодағы шағын бизнес — бұл табыс табу көзі ғана емес, сондай-ақ тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мәселесін шешу, елді мекеннің бюджетін толықтыру, бірқатар жағдайда әлеуметтік жобаларға демеушілік көмек, инвестициялар салу. Жергілікті өзін-өзі басқару бүкіл әлемде өңірлік дамудың түпқазығы болып табылады. Нақ сондықтан да дамыған елдердің көпшілігі жергілікті өзін-өзі басқарудың моделдерін жетілдіруге ұмтылады.

Әлемдік тәжірибеде биліктің бұл деңгейі халыққа неғұрлым жақын және тұрғындардың негізгі өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша мәселелерді оңтайлы шешеді. Қазіргі уақытта біздің Мемлекетіміз тарапынан саяси жүйені жаңғырту және қоғамды одан әрі демократияландыру жолы бойынша тағы бір маңызды қадам жасалды. Бұл міндеттерді бірізділікпен шешу Мемлекет басшысының Бес институционалды реформасын жүзеге асыру аясында Ұлт жоспары — 100 нақты қадамда өзінің жалғасын тапты.

Қазақстанда бүгінгі күні жергілікті өзін-өзі басқарудың моделінің құқықтық базасы табысты түрде құрылды, азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға құқығы 1995 жылғы Конституцияда жария етілді. Оны одан әрі қалыптастыру бойынша таяудағы және ұзақ мерзімді міндеттер Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту концепциясында анықталды.

Концепция Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың екі кезеңін анықтады: бірінші кезең (2013-2014 жылдар) — басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту; екінші кезең (2015-2020 жылдар) — жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту.

Концепция негізіне жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық Хартиясында бекітілген мунипиалдық басқару және муниципалдық демократияның жалпы мойындалған құндылықтары алынған.

Еуропалық Хартияға сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару демократиялық құрылыстың негіздерінің бірін құрайды. Өзін-өзі басқарудың мәні мынада: елді мекендердің проблемаларын орталықтан емес, жергілікті жерде тұрғындардың белсенді қимылымен шешкен дұрыс және тиімді.

«Қауымдастық институттары халыққа еркіндікке жол ашады және осы бостандықты пайдалануға, оның бейбітшіл сипатының дәмін татуға үйретеді», — деп жазды осы тақырыпты алғашқы зерттеушілердің бірі, француз саяси қайраткері Алексис Де Токвиль. Ол адамдардың бойында нақ ерікті бірігу жағдайында ақиқат азаматтық өзін-өзі тану, жауапкершілік сезімі, өз мүдделерін бағамдап және оны жақындарының мүдделерімен үйлестіру қабілетін қалыптастыратынын нақтылады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту азаматтық қоғамды қалыптастыру және экономикалық өркендеу, әлеуметтік игіліктерге қол жеткізудің міндетті шарттарының бірі болып табылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару институтының құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі ретіндегі мәні жергілікті билік деңгейінде тұрғындардың билік органдарымен тікелей өзара іс-әрекеті жүзеге асырылатындығымен, өмірлік қажетті талаптары қанағаттандырылатындығымен, жергілікті ерекшеліктер мен мүдделер ескеріліп, міндеттер алға қойылып, шешілуімен анықталады. Осы ауқымда жергілікті маңызы бар түйінді мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейту және азаматтар үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне олардың қатыстыру мүмкіндігін молайту —  бұл орталық деңгейде біздің қоғамымызды демократияландыру мен саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформалардың заңды түрдегі жалғасын табуы.

Марат ТАҒЫМОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button