Мәдениет

Балет артистерінің мерейтойлық кеші

Өткен аптада ақтөбеліктер екі күн бойы үлкен балет кешінің куәсі болды. Қазақстанның халық артисі Болат Аюханов жетекшілік ететін мемлекеттік академиялық би театрының артистері әдеттегідей жаңа бағдарламасымен көпшілікті таңғалдырды.  

Оған дәлел ретінде Т.Ахтанов атындағы драма театрдың сахнасында шымылдығын түрген екі кештің де аншлагпен өткенін айтуға болады.

Биыл 80 жасқа толған қазақ балетіндегі құбылыс, даңқты тұлға Болат Аюхановтың өзі Ақтөбеге келе алмағанымен, шәкірттерін жаңа хореографиялық қойылымдарымен жіберіпті… Атап айтсақ, әйгілі Никколо Паганини, Шарль-Камиль Сен-Санстен бастап,Нұрғиса Тілендиев, Еділ Құсайынов, Бейбіт Оралұлы, Ақтоты Райымқұлова сынды қазақ композиторларының әдемі музыкасына сахналанған туындылар ақсүйек өнерді тамашалауға келгендерді бейжай қалдырмады. «Дон Кихот», «Болеро» балеттерінен үзінділер, сондай-ақ, ұлттық сарындағы «Толғау» мен «Ер-Тұран» билері де көпшіліктің ерекше құрмет-қошеметіне бөленді.

— Болат Ғазизұлының өзі Паганинидің музыкасына бейімдеп қойған «Мәңгілік қозғалыс» композициясы — біздің театрдың «төлқұжаты» іспеттес. Сондықтан кешімізді кезекті рет осы шығармамен бастап, әрі қарай репертуардағы жаңа дүниелерімізді ұсындық. Көрерменнің қабылдауы, өзіңіз көргендей, өте жақсы.

Биыл — біз үшін ерекше жыл. Өйткені  театрымыздың негізін қалаушы Болат Аюханов 80 жасқа толса, ұжымымыздың құрылғанына — 50 жыл. Бұл, сөзсіз, айтулы дата. Сондықтан қыркүйек айында Астана мен Алматы сияқты орталық қалаларда есеп беру кешімізді өткіздік. Ендігі кезек өңірлерге келді, — дейді театрдың бас балетмейстері Гульфида Гафурова.

Труппада еңбек еткеніне он жылға жуықтаған жетекші солист Мәди Қасымовтың есімі, әсіресе, балет сүйер қауымға жақсы таныс. Оның айтуынша, аталған өнер түрімен кәсіби тұрғыда айналысатын қыз-жігіттер Қазақстанда аз емес. Олардың көпшілігі дипломын алған бойда шетелде жұмыс істеуге шақыртылады екен.

— Егер маған сондай ұсыныс түссе, Еуропа елдерінде балеттің жай-күйін көріп, тәжірибе алмасу үшін аз уақытқа барып қайтамын деп ойлаймын. Өйткені шетелдегі жағдай, шыны керек, маған қызық. Бірақ үйдің жалғыз баласы болғандықтан, ата-анамды ұзақ уақытқа тастап кете алмаймын… Бүгінге дейін көптеген спектакльдерде жетекші рөлдерге бекітілдім. Соның арасынан «Гамлетте» басты кейіпкерді сомдау қиынға соқты. Неге десеңіз, драма театрдың актерларының өзі жүрексінетін Гамлеттің образын, жан айқайын қимыл-қозғалыспен көрерменге жеткізу өте ауыр. Осы рөл маған 25 жасымда беріліпті. Сол үшін, бір жағынан, өзімді бақытты сезінемін. Бұл — басшылықтың маған артқан үлкен сенімі, — деп ағынан жарылды талантты балет артисі Мәди.

Айтпақшы, нәзіктің пен сұлулықтың символы саналатын балет өнерімен ақтөбеліктерді 22 қыз-жігіт сусындатты. Толық құрамы ұзын саны 40 артистке жуықтайтын труппа жуырда Петр Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» атты әйгілі туындысына қойылған балетті ұсынбақ. Классикаға айналған композицияны бидің «тілімен» сахналайтын, әрине, биыл мерейлі жасқа толып отырған Болат Аюханов.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button