Әлеумет

Қанат бітірер қадам

Ел көңілінен шыққан Жолдау

Нарқозы ҚАРТЖАН,

ерікті:

— Елбасы халыққа арнаған кезекті Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Бұл ұсынысқа өзіндік ой-пікірімді білдірсем деп едім…

Әр белсенді жас бұл ұсынысты естігенде, оны қуанышпен қабылдағаны сөзсіз. Және өзіне артылған үлкен сенімді сезінді деп ойлаймын. Өйткені бұл бізге артылып отырған зор жауапкершілік. Жастарға ұдайы сенетін, Қазақстанның болашағы солардың қолында екенін ылғи айтатын Елбасы бұны тегіннен-тегін айтқан жоқ. Ол мемлекеттің гүлденуі өскелең ұрпақтың тікелей қолдауымен іске асатынын біліп отыр.

Жақында жаңа Жолдауға байланысты Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте кездесуге қатысып, ол жерге жиналған оқушылар мен студенттер болып өзіндік ой-пікірімізді білдіргеніміз бар. Сондағы көтерілген негізгі мәселе — келер жылы Ақтөбеде еріктілер слетін өткізу. Өйткені Жастар жылы аясында үлкен жүректі қыз-жігіттердің басқосуы осында өтсе, оның игілігі мол болатынына сенімім кәміл. Әрі бұл осы іске қызығушылығы ерекше қатарластарымның бойына қанат бітірер еді…

Жалпы келер жылдан күтер жақсылығым көп. Жастардың бірқатар әлеуметтік мәселелері шешілер уақыт дәл 2019 жылы болады деп үміттенемін. Мәселен, жастарға баспана алуда жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама ұсынылса, түрлі курс, үйірмелердің бағасында да осындай жақсылықтар болса нұр үстіне  нұр болар еді…

Шыны керек, әсіресе, жастар аға буын, мемлекет тарапынан қай жағынан болса да қолдауға зәру. Үлкендер соны түсініп, кезінде өздерінің де жас болғанын ұмытпай, аталған мәселелерде қамқорлық танытады дегенге үмітім зор.

 

Ақтөбе қаласы.

ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ — КӘСІБИ ЖАҢАРУҒА ТАЛПЫНЫС

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  білім беру ісінде 4К — моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылып жатқандығы баса көрсетілген.

Осы ретте «Өрлеу» БА ҰО» АҚ «Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» жоспарына сәйкес жалпы орта білім беретін мектептердің музыка пәні мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйымдардың музыка жетекшілерінің қатысуымен «Креативті педагог: жаңа мүмкіндіктер мен бағыттар» атты облыстық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында креативті педагог туралы ойларын ортаға салған мамандар кең ауқымды мәселелерді қамтып, өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ институт жоспарына сәйкес «КазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясымен бірлесе  «Робототехника: табысты болашақ жолында» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Конференция барысында білім беру үдерісінде робототехниканың ғылыми-педагогикалық негіздерін жүзеге асыру бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланып, Wedo, E-lаb, Lego Mindstorms, RCX, Arduino оқытудың жаңа формаларын, тиімді стратегияларын қолданудан түрлі тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу — біздің қанымызда бар қасиет», — деген Елбасымыздың сөзін қуаттай келе, педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Дамыған елдердің озық технологиялары мен әдістерін меңгере отырып, өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап, сананың тазалығына жол ашып беру педагогтардың жаңғыруға деген кәсіби талпынысын ұштай түсетіні сөзсіз.

К.РАХАТОВА,

Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі.

КәсіпкерлІК САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Елбасының биылғы Жолдауы болашаққа деген сенімімізді бекіте түсті. Жолдау әрбір азаматты жауапкершілікке шақырып, жақсы бастамаларға бастайды.

Елбасы үнемі кәсіпкерлікке аса мән беріп келеді. Ал бұл жолы айтылған «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылғандығы кәсіпкерлерге ерекше серпін берді деп ойлаймын.

Жолдауда айтылғандай, кәсіпкерлер тарапынан төленетін салықтың өсіміне рақымшылықтың жасалуы — кәсіпкерлікті қолдаудың бір нышаны. Сонымен қатар Елбасының жергілікті тауарларды қолдану туралы ұсынысы да кәсіпкерлердің жұмысын арттыра түсетіндігі белгілі.

Елбасымыздың шағын және орта бизнесті қолдауының арқасында біздің ауданымызда да кәсіпкерлік саласы өркендеп келеді. Мәселен, жақында аудан орталығында аяқкиім жөндеу цехы ашылды. Жалпы аудандағы кәсіпкерлік саласында біздің де қосар үлесіміз мол деп ойлаймын. 2005 жылы ашылған «Бизнес инкубатор» қоғамдық қорының арқасында көптеген жастар іс-тәжірибеден өтіп, кәсіпке бет бұрып жатыр.

Қазіргі таңда «Бизнес инкубатор» қоғамдық қоры тұрғындарға компьютерлік қызмет көрсетіп, сондай-ақ ауданды нанмен, тәтті тоқаштармен қамтамасыз етіп отыр. Техникалық құралдарды, ғимаратты өз қаражатымыздан жаңартып отырмыз. Осының өзі кәсібіміздің алға басқаны деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта жастар ауданда ерекше кәсіп түрлерін қолға алып, жұмыс жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ендігі мақсат — Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді ойдағыдай орындап, еліміздің дамуына үлес қосу.

Балдырған Оразмағанбетова,

 кәсіпкер,

 Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button