Мәдениет

Жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан тепті

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді» атты мәдени-сазды кеш өтті.

Ақтөбелік тұрғындар мен қонақтар алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешті тамашалады. 

Ұлттық сипатта өткен шараға өнерпаз жастар қатысып, халық әндері мен жырдан шашу шашты. Сондай-ақ ақсүйек, сақина салу секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын ойнады. Қыз бен жігіт айтысы, жеңге мен қайны арасындағы әзіл-қалжың, мақал-мәтел сайысы, мың бұралған бишілердің «Қара жорға» биі көпшіліктің көңілінен шықты. Алтыбақан тепкен көңілді жастар да кештің көрігін қыздыра түсті.

— «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар циклдық шаралар жоспарланды. Соның алғашқысы «Ауыл кеші көңілді» атты мәдени-сазды кешімен бастау алып отыр. Шараның мақсаты — қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын жаңғырту, халыққа кеңінен насихаттау. Жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда мұның тәрбиелік мәні зор, — дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова.

Екі сағатқа созылған кеш барысында Ақтөбе қаласындағы «Нарғыз» жыр мектебінің жетекшісі  Жаңылсын Қуанышбайқызы өз шәкірттерімен бірге өнер көрсетті. Сонымен қатар «Әлия гүлі» би ансамблінің «Жайлауда» биіне, «Бестау» тобының «Сарыжайлау» әніне, т.б. өнерпаздарға жұртшылық зор қошемет білдірді.

Кеш соңы жастардың орындауындағы «Ауылым» әнімен аяқталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button