Мәдениет

«Сағынды елің үніңді»

Кеудесіне ізгілік пен өнер қатар қонған азамат, әнші Қылышбай Орынбайұлы туралы «Сағынды елің үніңді» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың «Қаламгер» әдеби қонақжайында өткен жиынға мәдениет саласының ардагерлері, өнерсүйер қауым, әнші ғұмыр кешкен Байғанин өңірінен келген қонақтар қатысты.

Кезінде Ахмет Жұбанов қазақ даласының түкпір-түкпірінен өнерлі, талантты жандарды Алматыға жинаған еді. Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза апай да гастрольдік сапарларының бірінде Қылышбай Орынбайұлын көріп, өнеріне сүйсініп, сол кездегі республика астанасы — Алматыға жұмысқа шақырған. Алайда Қылышбай әнші өзінің шығармашылық жолын туған өңірінде жалғастыра беруді жөн көрген екен.

Өзін Геннадий Шульганың ізбасары санаған Қылышбай Орынбайұлы әнші ретінде тек Байғанин өңірі емес, көрші облыстар жұртшылығына да танылды. Сонымен қатар, ол  Жарлы орта мектебінде көптеген жас дарынды тәрбиелеп, өнер әлеміне қанат қақтырды. Жерлестері ерекше ризашылықпен еске алатын бір үлкен ісі — жекешелендіру тұсында Жарлы ауылындағы Мәдениет үйін сақтап қалуға мұрындық болғаны.

Әнші туралы естеліктер топтастырылған «Сағынды елің үніңді» атты кітап Ақтөбе қаласынан жарыққа шыққан. Кітаптың тұсаукесерінде бейнематериалдар арқылы әншінің концерттерінен үзінділер көрсетіліп, Берік Қыдыров бастаған шәкірттері және немересі Марлен Қылышбаев жиналғандарға әнші репетуарындағы туындыларды ұсынды. Әншімен дос, қызметтес, аға-іні болып сыйласқан, оның шығармашылық жолына куәгер болған Бердіхан Кемешов, Еркін Құрманбеков, Ибрагим Ермекбаев сынды еңбек ардагерлері, күйші Жайлау Асылханов, Орал Бәйсеңгір, т.б. естеліктерінде оның шығармашылығы ғана емес, сондай-ақ, адамгершілігі жайлы ғибратқа толы әңгімелер айтылды.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button