Рухани жаңғыру

Гүлімай ырғыздықтармен жүздесті

Ақтөбенің ақындары ауылдағы оқырманымен кездесу үшін атқа қонды. Бұл — Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының бірлескен жобасы.  Осы жоба аясында Ырғыз тұрғындары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлімай Қуанышевамен кездесті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шаралар барысында тұрғындар ақынның шығармашылығымен танысып, өлеңдерін тыңдады.

«Жадымда шегендеулі шер сандығым
əттеңін алакетем сүйікті елдің.
Ырғызым ықылымнан тұнған аңыз
несібең ғасырлардан жиып-тердің.
Ертегі елəу езіне елтиінші
мен бүгін кейіпкермін», — деп Ырғызына басын иіп барған Гүлімай ақынсоңына талантты жастарды ерте барған. Олардың қатарында С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы Г.Қуанышева басқаратын «Рухнама» шығармашылық орталығының мүшелері, болашақ филологтар Бекжан Асанов, Сымбат Арынова, Ізбасар Исатай, жас күйші Қуандық Айладр, жас әнші Ақниет Жеткірбай, жас ақын Дәурен Тілеухан және «Керек инфо» газетінің редакторы, ақын Индира Кереевалар бар. Ақтөбеден барған жастар ақын апаларымен бірге «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резарватымен, аудандық тарихи өлкетану музейімен танысты, Бөкенбай шоқысының тарихына қанық болды. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен Гүлімай Қуанышевамен кездесуге ауылдың үлкен-кішісі жиналды. Ақынға сұрақтар қойып, өлеңдерін оқытты, оның өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. Аудан әншісі Нұргүл ИмантаеваГүлімай Қуанышеваның сөзіне жазылған «Салайын мен де әніме Тілеу-Қабақ» әнін айтып, жұрттың құрметіне бөленді. Жастар көрсеткен мюзикл де көрерменнің көңілінен шықты. Г.Қуанышева сапар соңында резерватқа, аудандық газет редакциясы мен мектепке арнайы сыйлықтарын табыстады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button