Мәдениет

Есімі танымал Ерқосай

Шебер

Ақтөбелік қолөнер шебері Ерқосай Әбілевтің есімі көпшілікке жақсы таныс. Ұлттық өнерімізді насихаттап, осы салаға үлкен үлес қосып жүрген шебер жуырда шығармашылық кешін өткізіп, жасаған бұйымдарынан ерекше көрме ұйымдастырмақ.

Мәртөк ауданының Жаңатаң ауылында туған шебер қолөнерге еліміз егемендік алған тұста бет бұрған. Еңбек жолын Мәртөктегі аудандық шеберханада бастаған ол көп жыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытында суретші болып қызмет еткен. Кішкентайынан өнерге, әдебиетке жақын болған Ерқосай Қожбанұлы бойындағы асыл қасиеттердің бәрі әкесінен дарығанын айтады.

— Негізі менің өмірім кішкентай ауылдан басталған.Тіпті ауыл емес, мен бөлімшенің бригадасында туғанмын. Ауылда малшы болып жүріп, әскерге аттандым. Одан  қатардағы жауынгер болып оралдым. Ал менің айналысқан кәсібімнің бәрі әуесқойлық. Алайда сол әуесқойлығым бүгінде мені кәсіби деңгейге көтеріп отыр. Бұл да әкеден балаға қалған мұра, өнер деп білемін, — дейді ол.

Ерқосай Әбілевтің қолөнерге келгенде ең алғашқы жасаған бұйымы — домбыра. Одан кейін шебер қобыздың түр-түрін, атап айтсақ, музейлік қобыз, қыл қобыз, прима қобыз, шертер, қару-жарақ түрлерін, сондай-ақ дауылпаз, дабыл, контрабас сияқты музыкалық аспаптар, ат әбзелдері, сүйек сапты қамшы мен қылыш жасаған. Ал қазір шебер зергерлікке бет бұрып, күмістен әртүрлі бұйымдар жасауды қолға алған.

— Менің қолөнерге келіп, ең алғаш домбыра жасауыма сол кезде Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның директоры болған, ұзақ жылдар ұстаздық жолда еңбек еткен Мәриям Құрманғалиева апай болатын. Сол жылдары «Елім-ай» бағдарламасы бойынша домбыра жасау ісі қолға алынған. Сол уақыттан бастап мен де домбыра жасауға бет бұрдым. Одан бергі жылдары музыкалық аспаптар, қару-жарақ түрлерін жасадым. Жалпы қолөнерге деген ынта-ықылас бала күннен басталып, жылдармен қалыптасады. Әр бұйымды жасай отырып, тәжірибе жинайсың, қолың жаттығады. Осыдан он шақты жыл бұрын зергерлік бұйымдар жасағанмын, қазір де соны қолға алып жатырмын. Тапсырыс беріп жатса бес қару мен сауыттың көбе, өрме аталатын түрлерін жасаймын. Бүгінгі күні зергерлік бұйымдардан басқа қылыш жасап жатырмын. Оны иіп, соғуға, шыңдауға көп уақыт керек, — дейді шебер.

Ерқосай Әбілевтің осы жылдар ішінде жасаған бұйымдары халықаралық, республикалық байқаулардан жүлде алып, облыстағы 13 музейге қойылған.

Қолөнер шеберінің облыс бойынша ЮНЕСКО-ның сапа белгісі сертификатын иеленген шүмегі мен республикалық «Шебер» байқауында жүлдеге ие болған тұяқ дауылпазы — оның осы салада кәсіби маман екенін дәлелдеген ерекше туындылары. Ал оның өткен жылы көпшілікке ұсынған «Орда» атты киіз үйі — қайталанбас тың жоба.

Өз көзімізбен көргендей, киіз үйдің шағын макетінде арнайы тұғырға қондырылған Орданың айналасына шағын жеті киіз үй орнатылған. Сол киіз үйлер арқылы Ордаға кірудің мүмкіндігі қарастырылған.

Шебер былтыр Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне осы жобасын жүзеге асырып, апаруды ойлапты. Алайда жобаны әзірлеп үлгермеген. Себебі бұл жоба — өте көлемді жұмыс. Сондықтан оны жүзеге асыру үшін көп уақыт және қаржылай қолдау керек.

Бүгінгі күні қолөнер шебері Қазақстан Қолөнершілер одағының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Шебер» республикалық байқауына, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» орталығында өтетін шығармашылық кешіне дайындалып жатыр.

— Биыл «Шебер» республикалық байқауы оныншы рет өткізілгелі отыр. Бұл байқаудың біз үшін маңызы зор. Себебі осы шара аясында әр өңірдегі қолөнершілер өзара тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізеді. Жалпы бұл байқауды қолға алған Қазақстан Қолөнершілер одағының президенті, Бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті Айжан Бекқұлова болатын. Осыдан он шақты жыл бұрын ол Ақтөбеге келіп, облыстағы барлық қолөнершілерді жинап, сондай-ақ алты облыстың шеберлері мен шетелден мамандар әкеліп, бізге тренингтер өткізген еді. Сол басқосудан кейін облыстағы бірқатар қолөнер шебері одаққа мүше болып қабылданып, халықаралық, республикалық байқауларға белсене қатыса бастады. Менің де осы одаққа мүше болғаныма бес жыл болды. Осыдан бес жыл бұрын «Шебер» республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алып, өзге жеңімпаздармен бірге Непал мемлекетіне барып қайттық, — дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, биыл тамыз айында облыс орталығында «Қазақстан Қолөнершілер одағының» Ақтөбе облыстық филиалы республикалық фестиваль ұйымдастырмақ. Оған өзге облыстардан 50-ге жуық шебер шақырылмақ. Байқау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізіледі.

Сондай-ақ мамыр айының ортасында облыс орталығындағы «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде Ерқосай Әбілевтің жеке шығармашылық кеші мен оның туындыларына арналған үлкен көрме ұйымдастырылады.

— Көрмеге осыған дейін жасаған барлық бұйымдарым мен жинақтамаларым, жұмыс жасаған станоктарым қойылады. Сондай-ақ шығармашылық кеште көпшілікке көп жылдан бері жинап жүрген өлеңдерімді оқып беремін. Қазір менің қорымда табиғатқа, өнерге, өз кәсібіме арнаған 100-ге жуық өлеңім бар. Ал ақындық өнер менде бала кезден бар. Себебі мектепте әдебиетті сүйіп оқыдым. Оған себепші болған бір ғана адам бар. Ол — менің сынып жетекшім, ұстазым, абайтанушы Нағашыбай Ердәулетұлы, — дейді қолөнер шебері.

«…Елін сүйген ерлер мұз жастанады,

Қорқыт мұңы кетпепті бастан әлі.

Қасиетті бабымыз күңіренткен,

Менің көрмем қобыздан басталады», — деп жыр арнаған Ерқосай Әбілев өзінің тың жобалары мен ерекше туындылары арқылы әлі де қолөнер саласына зор үлесін қоспақ. Биылғы Наурыз мейрамында оның қолдан жасаған бұйымдары облыстық, аудандық музейлерге қойылып, көпшілікке ұсынылуда.

— Ақтөбеліктер Наурыз мерекесін 1991 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Металлургтер мәдениет үйінде бірінші болып тойлаған болатын. Мен ол кезде сол зауытта жұмыс жасап жүрдім. Мәдениет үйінің алаңына киіз үй тігіп, мал сойып, қазан асқан едік. Сол жылдан бастап облыста осы мерекені жыл сайын тойлап келе жатырмыз. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда бұл мерекенің маңызы зор. Қазақ халқы Наурыз мейрамын «жақсылықтың бастауы» деп ұғады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнінде барлық ақтөбеліктерге, жалпы қазақстандықтарға бақыт, береке, жақсылықтар тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — дейді шебер.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button