Мәдениет

Ұлттық операның раушан гүлі

1936 жылы Мәскеуде табыспен өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Күләш Бәйсейітованың жұлдызы жарқырап, КСРО Халық артисі атағына ие болса, 1958 жылы өткен үшінші онкүндікте тағы бір қазақ қызы осы үлкен жетістікті қайталады. Ол Роза Жаманова еді.

Қазақ операсының тарихында Күләштің ізбасары ретінде қалған белгілі әнші, КСРО халық артисі Роза Жаманова — Ақтөбе топырағының перзенті. Биыл оның туғанына 90 жыл толып отыр. Соған орай, әншінің туған күні — 16 сәуірде, Ақтөбеде «Ұлттық операның раушан гүлі» деген атпен Роза Жаманованы еске алу кеші өтті.

ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков жиналғандар алдында Роза Жаманованың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндама оқыды. Ақтөбеде дүниеге келген болашақ әнші өз туған қаласында 1937 жылға дейін ғана тұрған. Әкесі Үмбет 37-нің дүрбелеңінде үштіктің үкімімен ату жазасына кесіліп, ал жасы онға да толмаған титтей Роза Оралдағы балалар үйін паналапты. Ол 1953 жылы Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін, Абай атындағы опера және балет театрына жұмысқа тұрып, өмір бойы осы өнер ордасында еңбек еткен.

— Шығармашылық жолына көз жүгіртсек, әнші көптеген операның қойылымында сахнаға басты кейіпкерді алып шықты. Ол итальян композиторы Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» операсындағы Баттерфляй партиясын орындауға Мәскеудің Үлкен театрына шақырылған. Шығармашылығымен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында дәріс оқып, шәкірттер тәрбиелеген. Сондай-ақ, қоғамдық өмірге белсене араласқан. Жолдасы Бақытбек те опера әншісі болған, — деді Еркін Құрманбеков.

Жиында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Болат Бекниязов Роза Жаманованың әнін тыңдаған шақтарынан естелік айтты.

Әншіге арналған кеште, әрине, әдемі ән де әуеледі. Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Мәнзура Сапарова, Айбек Қарағұловтар, сонымен қатар, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінде, А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқып жүрген талантты жастар шырқаған әндерге тыңдармандар сүйсіне қол соқты. Концерттік бағдарламаны Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрі (көркемдік жетекшісі әрі дирижерлік еткен — Әли Ермекбаев) сүйемелдеді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button