Әлеумет

Адами капитал — ілгерілеудің алғышарты

Ж О Л Д А У

Биылғы Президент Жолдауы өткен жылғы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы басталғаннан кейін жарияланып отыр. Бұның алдында Президент өзінің Рухани жаңғыруға қатысты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Жалпы Жолдаудың мазмұнында бүгінгі күннің басты талабы аталып өткен. Олар: жаңа технологиялық қалыпқа көшу; индустрияландыру бағдарламасын іске асыру; «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасына көңіл бөлу. Бұның бәрі — Төртінші өнеркәсіптік революцияға бейімделу үшін аса қажет жағдайлар.

Жалпы Жолдаудағы барлық міндеттер де басымдыққа ие және аса қажет. Олардың ішінде ресурстық әлеуетті, «ақылды» технологияларды, «Ақылды қалалар», мемлекетті тиімді басқару мен коррупцияға қарсы күресті ерекше атар едім. Алайда, бізге әлеуметтік сала, білім мен ғылым, медицина саласы қызметкерлеріне Жолдаудағы жетінші міндет аса қажетті деп ойлаймын. Ол «Адами капитал — жаңғыру негізі» деп аталады.

Бұл міндет үш негізгі саланы қамтиды: 1) Білім берудің жаңа сапасы; 2) Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт; 3) Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз ету арқылы адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту. Президент осы Жолдауында «білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін» атады. Бұл өте дұрыс. Өйткені біз сияқты демографиялық тұрғыдан халқы аз, ал жер көлемі үлкен,  байлығы мол мемлекеттерде білім стратегиялық мәнге ие. Қазақта: «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деген бар. Олай болса, біз басқа елдермен білім арқылы ғана теңесе аламыз. Сондықтан бізге бұл саладағы өзгерістерге үнемі бейім болып, жаңа білімді меңгеру қабілетімізді дамытып отыруымыз керек. Сондай-ақ, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, жетілдіру де аса қажет. Біз болашақта азаматтық қоғам құруға, қазақ ұлтының айналасына топтасқан біртұтас ұлтқа айналуды көздейміз. Ендеше, білімді қай тілде беру қанша маңызды болса, қазіргі алфавитті латын қарпіне көшіру жүргізіліп жатуы соншалықты маңызды. Мұнда саяси-әлеуметтік мазмұн мен мән бар. Оқу мазмұнында да заманауилық техниканы қолдану, цифрлы білім беру, техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру аса маңызды.

Президенттің осы Жолдауында жоғары оқу орындарының танымал, белгілі ұстаздарының видеосабақтары мен видеолекцияларын кеңінен пайдалану қажеттігі туралы да айтылған. Ал ондай деңгейдегі оқытушылар қай оқу орындарында да көп емес және олардың біразы егде жастағы адамдар, әрине, жастар арасында да бар. Ендеше, бұндай лекциялар болашақта тарихи-танымдық, тәрбиелік мәнге де ие болмақ. Біз бұған алдағы уақытта көңіл аударатын боламыз.

Сөз жоқ, жоғары оқу орындарының ғылымын дамыту керек. Олай болса, бізге алыс-жақын шетелдердің жоғарғы оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен, практикалық денсаулық сақтау саласымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс аса қажет. Жолдауда айтылғандай, болашақта жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөлінбек, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек. Оқу мен тәрбие процесінде біз ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен дәстүрімізді де дамытуымыз аса қажет. Президенттің Ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытудан «Рухани жаңғырудың мән-маңызын» көруі де бекер емес.

Алдағы уақытта медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Жолдауда денсаулық сақтау ісінің қымбатқа түсетін стационарлық емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған жақтарын жетілдіру айтылған. Сондықтан Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуіміз керек. Медицина ісінің басты мақсаты — дені сау ұлт қалыптастыру. Өйткені тек дені сау адам ғана оқуға, ғылыммен айналысуға, еңбек етуге — бір сөзбен айтқанда, ұлт байлығын еселеуге және ұлтты дамытуға қауқарлы. Осы тұрғыдан алғанда Жолдауда айтылған алдағы уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді іске асырудың маңызы зор.

Жалпы алғанда әлем елдері еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасауды маңызды деп есептейді. Олай болса, болашақта барлық негізгі мамандықтар бойынша заманауи стандарттар әзірленуі қажет. Олар әзірленген жағдайда жұмыс берушілер еңбеккерлердің, мамандардың біліміне, қабілеті мен құзыреттілігіне ерекше қарайтын болады. Ал кәсіби стандарттар белгілі бір талаптарға негізделген, біздің болашақ жас мамандарымыз білім алуы барысында сол талаптарға сәйкестенеді. Сол уақытта олар еңбектерін біліктілікпен атқаратын болады және нәтижелі еңбек етеді. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін олардың біліміне және білігіне деген қажеттілік болуы керек.

Бұлардан басқа елімізде барлық мамандықтарда, оның ішінде медицина саласында да оларды қайта даярлауға, білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінетін болады. Сөйтіп, бұл игілікті істер болашақта өз нәтижесін бермек.

Рухани жаңғыру біздің санамызды, түсінігімізді, танымымызды кеңейту үшін және тереңдету үшін аса қажет. Бұл мәселеге біздің оқу орнымыз да ерекше көңіл бөлуде. Белгілі деңгейде оқу бағдарламаларына қосымша ақпараттар енгізіп, университеттің «Зерде» қоғамдық пікірсайыс клубының отырыстарында, басқа да студенттерді оқыту мен тәрбиелеуге қатысы бар құрылымдық бөлімдерде талқыланып, тәрбие істері жөніндегі орталықтың жоспарында қарастырылуда.

Талғар ӘБІЛОВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button