Рухани жаңғыруТарих

«Алашордадан — 136, контрреволюциялық ұйымнан 47 адам бар» деп шүйліккен…

Алашорда қозғалысына — 100 жыл

ХХ ғасырдың басында өмірге келген Алашорда қозғалысы қазақ елінің, қазақ халқының экономикалық, мәдени, рухани-саяси жаңғыруын ұран етіп, озық жұрттар қатарына қосу мақсатын ұстанды. Оның басында діни қайраткерлер — медресе ұстаздарынан әріп таныған, халықтың ауыз әдебиетімен, шығыстың классикалық шығармаларымен сусындаған, араб, парсы тілдерін еркін меңгерген, Абай тәлімін үлкендер әңгімесінен естіп, Ыбырай ашқанмектептерден орыс тілін үйреніп, нақты ғылымдар әліппесін меңгерген оқыған азаматтар тұрды.

Қазақ оқымаса, заманауи, кәсіп түрлерін меңгермесе,адамзат көшіне ілесе алмайтынынайтып, шарқ ұрғанӘлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновсынды ұлт зиялылары елге үндеу тастап, көзі ашық қазақ жастарын Алаш партиясы туы астына жинады.

Алаш қозғалысының бастапқы орталығы Орынбор қаласы болғаны белгілі. Бір жағынан, Орынборда мұғалімдер семинариясының орналасуы, екінші жағынан, Уфадағы «Ғалия» медресесін оқыған қазақ жастарының көп болуы ұйымдастыру жұмыстарына септігін тигізді. Ресей империясының түкпірінде орналасқан Орынбор қаласында қазақтан өзге, татар, ноғай, башқұрт жастарының да рухани-демократиялық бағыттағы қозғалыстары құрылып, жұмыс қызып жатты.

Алаш партиясының жетекші көсемдерінен өзге, ұланғайыр қазақ жерінің әр өңіріндегі қатардағы қарапайыммүшелері де ортақ мақсат жолында тер төгіп, елді оқу-білімге үндеп, кәсіп ашуға кеңес беріп, қолдарынан келгенше жәрдемдерін тигізді.

Аймақтардағы Алаш қозғалысын жандандырған осы азаматтардың аты-жөндерін, қызметтерін нақтылап, деректер жинау — архив қызметкерлерінің жұмысы. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде толық болмаса да, Алаш партиясының жергілікті бөлімшелеріне қатысты мәліметтер сақталған. Қолдағы құжаттарды сараласақ, Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз, Темір аудандарында Алашорда қозғалысы бөлімшелері қарқынды жұмыс істеген. Орталықтан, Орынбордан алыс жатқан қазақ ауылдарына қарағанда, тұрғындар саны көп,  көлік қозғалысына жақын, ел ішін ұйыстырып отыратын азаматтары және дәулетті байлары, мектеп-медресесі бар өңірлерде жұмысжақсыжүрген. Патшаның пәрменімен Ресейді Түркістан өлкесімен байланыстыратын теміржолдың салынуы, осы жол бойындағы қазақтардың да теміржол көлігін пайдалана бастауы экономикалық байланыстарды жандандырды. Темір — Ақтөбе облысының ертеден дамыған қалаларының бірі, мұнда үлкенжәрмеңке ашылып, Демидовтар тәрізді көпестер кәсіпшілік ашып, ішкі Ресейден сан қилы бұйымдар әкеліп сатып не тері мен жүнге, малға айырбастап,Темірдің сауда-саттық орталығына айналған тұсы еді. Ал Ырғыз бекінісінде Ыбырай ашқанекі кластық орыс-қазақ училищесінен қазақ жастары білім алды, міне, осы және басқа себептер Ырғыз, Шалқар, Темір уездерінде Алаш қозғалысы бөлімшелерінің көптеп құрылып, сондай-ақ, Орынбордағы оқыған қазақ жастарымен тұрақты байланыс орнатуға себеп болды.   Архивтегі Алашорда қозғалысына қатысты мәліметтерге келсек, Кеңес өкіметі орнай салысымен, Алашорда үкіметінің қызметінде, не әскерінде болғандарға әскери мекемеге келіп, тіркеуге тұру міндеттеледі. Бұл жөнінде БКП (б) Ақтөбе облыстық партия комитетінің құжаттарында сақталған. Қырғыз өлкелік әскери-революциялық комитетінің 1920 жылғы 5 мамырдағы №54 бұйрығында былай деп жазылған: «Все сотрудники бывшего правительства «Алашорда» и военнослужащие ныне находящиеся в 1-м Киргизском Красном Советском полку подлежат в 3-х дневный срок  регистрации в Киркрайчека. После чего сотрудники поступают в распоряжение Киркрайвоенревкома, а военнослужащие в распоряжение Киркрайвоенкомата». Құжат Алашорда партиясы таратылғаннан кейін, оның мүшелері мен белсенді жақтаушылары кеңес өкіметі құрылған күннен бастап, үнемі  қатаң бақылауда болғанын, тіпті олардың жүріп-тұруын да ревкомның назарда ұстағанын айғақтайды.

Ақтөбе қалалық атқару комитетінің төрағасы М.Т. Ряховтың естеліктерінде Темір қаласында шоғырланған алашордашылар қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндалады.

Ақтөбе губерниялық комитетінің 1926 жылғы құжаттарында Шалқар уезіне қарайтын Ырғыз болыстығын тексеру барысының қорытындылары баяндалады.  Құжат 1926 жылдың 21 желтоқсанында тапсырылған. Мұнда 1917-1919 жылдар арасындағы Ырғыз жеріндегі ақтар мен қызылдардың тартысы, алашордашылардың қызметі, олардың көзқарастары мәселесіне жете мән берілген. Айта кету керек, 1917 жылы Ырғыз бен Торғай аймағында ақтарды жақтаған алашордашылардың қызылдармен тартысы қатты жүріп жатты. 1917 жылдың көктемінде  РКП (б)-ның арнайы тапсырмасымен Ырғызға Әліби Жангелдин келеді. 1918 жылы Ырғыз совдепі құрылып, Ұзақбай Құлымбетов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Иван Киселев, Сәндібек Тұңғашиндермен бірлесе, Кеңес өкіметі орнатылды. Ырғыз ревкомның тұңғыш төрағасы — Бәймен Алманов. 1918-1921 жылдар арасында Ырғыз өңірінде16 болыстық, 138 ауылдық кеңес ұйымдастырылады. Ырғызда орнаған Кеңес өкіметін құлатуға 1918 жылдың маусымында адмирал Дутовтың әскері келіп, Ырғыз совдепінің бастығы Сәндібек Тұңғашинді кескілеп өлтірген. Ақтар келгенде, Бәймен Алманов пен Темірбек Жүргенов қызылдар отрядымен кетеді. Екінші рет Ырғызды Могилевтің әскері басып алып, қызылдарды қуып жібереді. 1919 жылдың қыркүйегінде Әліби Жангелдиннің көмегімен Ырғызда қызылдар жеңіске жетіп, ақтардың теперішінен құтылады. Албұл уақытта Шалқарда қызылдардан жеңіліс тапқан Колчактың әскері Шалқар — Ырғыз —Торғай арқылы, қазіргі Қостанай аумағымен Сібірге қарай өтіп бара жатты.

Кеңес өкіметі Ырғызда қайта орнағаннан кейін, Ұзақбай Құлымбетов Ырғыз уездік   революциялық комитетіне жұмысқа келді. 1920 жылы ол БКП (б) қатарына алынған. Өз өмірінің осы кезеңі туралы кейін былай деп жазыпты: «Өзге жолдастармен бірге мен  ақтардың қалдықтарын жоюға белсене қатысып,  бандитизмге қарсы күрес жүргіздім. Сол сияқты революциялық комитеттің уәкілі ретінде қару-жарақ жинау мен ауылдарды советтендіру жөнінде көптеген жұмыстар жүргіздім. Осыдан кейін менің тапсырылған іске адал қарайтыныма, совет өкіметінің жауларын құртуға  белсене үлес қосқаныма көз жеткізген жолдастарым мені партия мүшелігіне кандидаттыққа, кейін мүшелікке қабылдады».

Архив деректерінде Ырғыз ревкомын басқарған Ұзақбай Құлымбетов 1921 жылы қарсыластарын қудалады деп көрсетілген. Аудан басшылығындағылар екіге бөлініп, бірінші топ бірыңғай кеңес өкіметі саясатын ұстанса, ал оған қарсы топастыртын түрде Алашорда саясатын қолдаған деп көрсетіледі. Кейін Ұзақбай Құлымбетовті осы екінші топқа басшылық жасады деп кінәлағаны белгілі.

1935 жылғы Ақтөбе облыстық партия комитетінің құжаттарында алашордашылар: Ойыл ауданындағы Батыс Алашорда бөлімінде белсенді қызмет атқарған Еркін Ахметов (мұрағатта Иркен деп жазылған) пен Ақтөбе қаласындағы белсенді мүшесі — Темір Бекмәмбетовке туралы мәліметтер бар. Ал Алашорда тарихын зерттеушілер еңбектерінен бұл азаматтардың кімдер екені, қай жерде оқығаны, Алаш көсемдерімен байланысы қандай дәрежеде болғаны жөнінде деректер таппадық.

Бұрынғы алашордашылардың облыстағы контрреволюциялық қызметі туралы ОГПУ-дің Ақтөбе бөлімінің 1933 жылғы 8 маусымдағы «Ұлтшылдық элементтердің  БКП (б) қатарына контрреволюциялық мақсатпен енуі» атты №2 баяндау жазбасында алашордашы Қажығали Жауымбаевтың 1933 жылдың 3 мамырындағы түсініктемесі тіркелген: «Контрреволюциялық ұйымның мүшесі ретінде партия қатарына өз мақсатымды жүзеге асыру үшін ендім. Партия саясатына, яғни жаппай ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, т.б. шаруашылық саясатына қарсы 1931 жылдың наурыз-сәуір айларында контрреволюциялық жұмыс жүргіздім. 1932 жылы екінші рет партияға өтіп,  контрреволюциялық қызметімді жалғастырдым. Контрреволюциялық ұйымға бұрынғы алашордашылар, партия мүшелері — өлкелік Сыртқы сауда өкілі Наренов,  Ойыл аудандық прокурорыНұрпейісов, Революциялық атқару комитетінің Ойылдағы төрағасы Жұмағалиев, Молдағұлов, Көптілеуов (құжатта солай) кірді. Барлық ұйым жұмысы ауылдағы кеңестік шаруашылық саясатқа, ұжымдастыруға қарсы жаппай көшуді  ұйымдастыруды қамтыды», — делінген.

Баяндау жазбасында контрреволюциялық топ мүшесі Имандосовтың (құжатта солай) жауабы да сақталған: «Ұйымның мақсаты — кеңес өкіметін құлату, осы мақсатқа сай кеңес өкіметінің облыстағы жүргізген саясаты: салық салу, ұжымдастыру, байларды репрессиялауды дұрыс емес деп тауып, қазақ халқының мүддесіне сай келмейді деп шештік».

Сонымен қатар алашордашылар — Еркін Ахметов, Сағымбай Әйімов, Ермек Төлеулиннің қызметтері, ОГПУ-дің Ақтөбе өкілдігінің баяндау жазбасында әшкереленген троцкистер,  алашордашылар, ақ гвардия қатарында болғандардың тізімдері жазылып, жеке мәліметтері де тіркелген.

Құжатта: «1.Ахмедов Иркен (Уильск. р-н), член ВКП (б), служил в Алашорде милиционером.  Дезертировал из Красной Армий. Имел связь с баями.

  1. Бекмамбетов Темир (г. Актюбинск), член ВКП (б) с 1924 г. Работал зам. зав. облпланом. Офицер Алаш-Орды с 1918-1919 г. Имеется сведения, что он сопровождал в качестве адъютанта алашординца Копжасарова к Колчаку, когда он ездил по вопросу признания Алашорды. Как активный алашординец при чистке 1928 г. исключался из партии…» — деп көрсетілген.

Көпжасаров — Мұстафа Шоқайдың ең күрделі тапсырмаларын орындайтын сенімді көмекшісі болған адам. Алашорда әскерін ұйымдастыру жұмыстарымен де айналысқан Көпжасаров туралы мәліметтер де көп кездесе бермейді. Белгілісі,1928 жылы ірі байларды тәркілеу мен буржуазиялық элементтерге қарсы алғашқынауқан кезінен бастап-ақ, Көпжасаров қара тізімге іліккен.

Орталықта алашордашылар және ұлтшылдармен күрес қатты қарқын ала бастағанда, басшылықта отырған бұрынғы алашордалықтардың өткені қазбаланып, қатты қысымға ұшырады. Қанды террордың ең қатыгезденген тұсы 1937-1938 жылдар екені белгілі. Қазақ өкіметінің 19 комиссары троцкийшіл-бухариншіл, ұлтшыл деген айыппен 1938 жылдың ақпанында ату жазасына кесілді. «Социалистическая Алма-Ата» газетінің 1938 жылғы 22 наурыздағы №66 санында мынадай хабар таратылды: «В Военной Коллегии Верховного Суда Союза ССР 6-12 марта 1938 года выездная сессия Военной Коллегии Верховного Суда Союза ССР на закрытом судебном заседании в порядке закона от 1-го декабря 1934 года рассмотрела  дело национал-фашистов, троцкистов и бухаринцев — Кулумбетова У., Сыргабекова Н., Ескараева  С., Молдажанова  И., Нурмухамедова  Х., Иванова  В. И ., Случака  В.Е., Чудочкина  М. А., Берлина Б.М., Михайленко Я.И., Жургенова Т., Садвокасова Ж., Досова А., Курамысова И., Сафарбекова С., Мусина А., Кошанбаева Х., Султанбекова Ж. и Кенжина А. по обвинению в измене Родине, в попытках отторжения  Казахстана от СССР и превращения его в колонию иностранного империализма, в террористической деятельности, вредительской и диверсионной работе и шпионаже в пользу  иностранных государств, т.с. в преступлениях, предусмотренных статьями 58-1А, 58-6, 58-7, 58-8, и 58-9 Уголовного Кодекса РСФСР.

Все вышеперечисленные обвиняемые полностью признали себя виновными в предъявленных им обвинениях.

Выездная сессия Военной Коллегии Верховного Суда приговорила обвиняемых… в высшей мере наказания — расстрелу. Приговор  приведен в исполнение».

Ақтөбе облыстық архивінде сақталған 1937 жылдың 21 қыркүйегінде өткен облыстық партия комитетінің Бюросы қаулысында «ұлтшыл-фашистер, троцкийшілдер мен бухариншілдер» Ж. Сәдуақасов,  Ұ. Құлымбетов, Т. Жүргенов, С. Есқараев, Қапаров, Асқаров, Байкелев, Ормановты (құжатта солай) партия жұмысына тартты деп, обком хатшылары А. Мусин мен Т. Брикульс кадр іріктеуде үлкен қателіктер жіберді» деп айыпталады. Осыдан кейін жоғарыдағы  «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланғандай, А.Мусин Алматыда 19 комиссардың қатарында атылып, денесі Боралдайға жасырын көмілді. Архив қорындағы құжаттарға көз жіберсек, Алаш партиясының бұрынғы мүшелерінің іс-әрекеттеріне түрлі айыптаулар тағылып, партия жиналыстарында, ауыл-ауылдардағы жиындардаүгіт-насихат арқылы оларды жеккөрінішті етіп көрсетіп, елден оқшаулау мақсаты көзделген. Комсомол ұйымының түрлі деңгейдегі басшылары да алашордашыларға қарсы ақпараттық науқанда белсенділік танытқан. БКП (б) облыстық комитетінің нұсқаушысы Ембергенов (құжатта солай) Ойыл ауданындағы «Құмсай», «Бабатай» интернаты мен Мирзоян атындағы ұжымшар мүшелерімен кездесулер жөнінде: «Требовали высшую меру наказания остаткам троцкисто-зиновьевского параллельного центра, тем самым не делать никакой пощады алашординцам и местным националистам, как врагам трудящихся, в связи с этим при выступлении вскрыты активные участники Алашорды в Уильском районе, здесь был главным организатором Алаш-Орды  Досмухамбетов Ж., поэтому мы должны разоблачать остатки  контрреволюционной алашорды» деген мәліметтер берген.Алашорда қозғалысының өкілдерімен қоса, Ақтөбеде негізінен Темір ауданының азаматтарынан құралған «Жекей-Назар» контреволюциялық тобы ұсталды. Жекей, Назар — ру аттары. Кеңес өкіметінің саясатына қарсы жұмыс істеген контрреволюциялық ұйым деп айыпталған осы топта 47 адам жазалауға ұшырады. Атап айтсақ,  Жекей тобынан — 22, Назар тобынан 25 адам ұсталған. Темір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы обком хатшысы Т. Брикульске берген есебінде «Жекей-Назар» тобының «халық жауы» есебінде партиядан шығарылған мүшелерінің тізімін жариялайды. Ақтөбе облыстық партия комитетінің  облыстық архивінде сақталған бюро мәжілісінің құжаттарында облыс аумағында Алашорда партиясынан — 136 адам, «Жекей-Назар» контрреволюциялық ұйымында 47 адам бар деп жазылған.

Иә, алашордалықтар мен ұлттық мүдде жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген қазақ зиялыларына қатысты архивтегі әр жазба өте құнды дерек болып табылады. Оларды хронологиялық жүйелілікпен жинақтап, жазықсыз қудаланғанарыстарымыздың есімдерін, тұрғылықты мекендерін, қызмет еткен жылдарын, т.б. мәліметтерді жүйелер болсақ, халқымызға үлкен қасірет әкелген қанды жылдардың көрінісі шынайылана түсер еді. Мұны зерттеушілер ескереді деп үміттенеміз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихтан толыққынды білім беру жөнінде айтылған. Елбасы мақаласының бүкіл мазмұны Алаш арыстарының идеясымен үндесіп жатыр. Тарих сахнасына арманда кеткен Алаш қайраткерлерінің кеңес өкіметі қабылдамаған мұрат-мақсаттарын жүзеге асырушы жаңа ұрпақ келді…

Бақытгүл ЕШМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік

архивтің құжаттарды пайдалану

және жариялау бөлімінің басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button