Әлеумет

Өркендеу бағытындағы өңірде

Материалға атау болған тақырып, жалпы алғанда, елдегі қай ауылдың да бүгінгі қалпына ортақ мазмұн шығар деп ойлаймын. Оны, әрине, түбегейлі көтеріліп, өркендеп кетті деуге әлі ерте екендігінде сөз жоқ. Бірақ ауыл бұдан он жыл бұрынғы қоғамдық өмір мен әлеуметтік тұрмыста, экономика мен шаруада кенеттен тап болған терең өзгерістерде енді қайта тіктелері неғайбыл көрінген, қаусап қалған ауыл еместігі анық. Ол кездің, әсіресе, ауылға келген қияметтерін түгел қайталап айта берудің қажеті жоқ шығар, енді тарихқа кетіп бара жатқан сол уақыттың бұралаң, шырғалаңы сабақ болуы үшін әлі зерттеліп, зерделенер де. Сонда да оны көргендердің естерінен кетпейтін сүреңсіз тіршілік әлі де ұмытыла қойған жоқ. Сонда жалпақ далада қашанғы қара жолмен қанша жүрсең де көз жетер жан-жағыңнан қыбырлаған қара ұшырап жарытпайтын. Тамақ арсыздықтан ба, имансыздық арсыздықтан ба — бір ауылда бірдей күй кешіп жүріп, бірінің малын екіншісі ұрлау да қалыпты жағдай еді.

Содан бері сол шамада әліге оңы, солын дұрыс айыра қоймаған ұрпақ бүгінде отыздан шығып, жаңа жүйенің әртүрлі жауапты орындарына келді. Енді ұрпақ жаңа, соңғы жиырма жыл бойы ел билігі ішкі де, сыртқы да экономикалық дағдарыстардан жол таба отырып, жалпы өсімде ауыл шаруашылығын да жетілдіруге бағытталған өзекті шаралар алумен келеді, оның нәтижесін Ойыл ауданы жағдайындағы мысалдар да дәлелдесе керек. Ауданның шығыс шеті шағын Тайсойған ауылынан басталады. Өңірдің жай-күйін білмек мақсатындағы менің де алғаш тоқтағаным нақ осы мекен. Бағзы «Саралжын» кеңшарының фермасы ретінде жылдар бойы қоғамдық мал өсірумен айналысқандықтан тұрмысы да тек соған тәуелді, не азаймай, не көбеймей, бірқалыпты тіршілікте кешегі көнерген кеңестік жүйенің өзі секілді бұйығы жатқан ауыл болса да ие боларлықтай өзіне шақталған ферма басқарушысы, партия, кәсіподағы, комсомол ұйымдары жұмыс істейтіні есте. Сол ойға оралып, енді әлгідей ие жоқтағы жұрттың тіршілігі ойлантқандай. Сөйтсек, бригадирдің айқайы мен саяси ұйымның қыспағынсыз еркін тіршіліктің өрісі кең екендігін нақ осы ауылдың мысалы көрсеткендей екен.

Ауыл түбегейлі көтеріліп, өркендеп кеттіге әлгідей әлі ерте десек те, дамуға беталыстың жігерлі бағытының бір мысалы осында. Небәрі жиырма жеті үйден тұратын шағын ғана мекен біршама жайлы тұрмыспен өмір кешуде. Оның сексенге жуық ірі қарасы, 104 жылқысы, жүздеген ұсақ жандығы бар. Әрине, көп емес, бірақ күні кеше «қара нан, қара суға» қарап қалған уақыттың тұрмысымен салыстыруға келмейді. Іргеден бір жағы Қобда өңірі арқылы аудан орталығына қарай асфальт жол өтіп жатыр. Мұнда әр алты үйге бір-бір жеңіл автокөліктен келеді, жұмыссыздық жоқ. Өткен жылы аудан бойынша үлгілі атанған негізгі мектептің 56 оқушысына жиырмадан астам мұғалім сабақ береді, басқа да жұмысшы, қызметшілер еңбек етеді. Бес шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеуде. Ауыл шағын болғанмен, ондағы өмірдің талаптары үлкен. Ол талаптар, ең алдымен әлеуметтік мәселелермен байланысты десек, бұл салада да айта кетерліктей игі істер бар екен. Шағын мекенде балабақша, дәрігерлік қызмет орындарын ұйымдастыру өзге жерлерде де бар болса, бар шығар. Бірақ олар тап мына ауылдағыдай ережеге сай жабдықталып, талапқа сәйкесті қызмет етсе, Елбасының жолдауындағы «Балапан», «Денсаулық» бағдарламаларындағы ірі міндеттер ұсақ мекендерден басталып жалғасқанда табысты шешілетіндігіне дәлел болғандай. Ауылдың он екі бүлдіршіні жақсы өссін деп пайдалануға берілген балабақша да, жүз отыз шамасындағы тұрғындардың денсаулығына қамқор дәрігерлік пункт те осындағы, сірә, ең жылы, жинақы, қажетті құралдармен жабдықталған орындар.

Бұл 2183 тұрғыны бар округтегі бес елді мекеннің біреуі. Ал округ бойынша әлгідей балабақшаларда 131 бүлдіршін тәрбиеленудө. Осындағы бес мектепте 454 оқушы қамтылған. Мектептерде қосалқы шаруашылықпен айналысып, көкөніс егіп, өнімді ішкі мүмкіндіктерге пайдаланудың тәуір мысалдары қалыптасқан. Округте әлеуметтік істерді шаруашылық, экономикалық жұмыстармен қатар жүргізуге ұмтылыс аңғарылады. Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес 14 адам жұмысқа тартылып, ағаш шебері, газбен дәнекерлеуші, оператор, аспазшы сияқты мамандықтарға 12 адам оқытылған.

Округте тұрғындарға тұрмыстық қызмет керсету мақсатында шаштараз, фотосалон, тігін және ұн тартатын, жиһаз жасау цехтары, бес үйде монша қалыпты жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті қолдау үшін үш адам әрқайсысы 400 мың теңгеден несие алып, наубайхана ісімен, бау-бақша салумен айналысады. Жеке меншік пен шаруа қожалықтары есебінде 4260 ірі қара, 15294 қой-ешкі, 652 жылқы бар. Ауылдың осы төңіректегі бүкіл шаруасы төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 38 шаруа қожалықтарының мойнында. «Жол бағдарламасы» бойынша Саралжын орта мектебі күрделі, интернат үйі жеңіл жөндеуден өткізіліп, биология кабинеті уақыт талабына сай жабдықталған. Аудандық бюджеттен «Балдәурен» және Жамбыл мектеп балабақшаларындағы жылу қазандықтары жаңартылып, сұйық отынға ауыстырылып, облыстық бюджеттен оқушылар тасымалына автобус бөлінген.

Шығанақ Берсеев атындағы ауылдық округі орталығындағы орта мектеп былтыр, оқу жылын жөндеуден енді өткен ғимаратта бастаған еді. Қалай дегенде де ауылдық жердің құрылысында, әртүрлі себептермен, тапшылықтардың көп кездесетіні белгілі. Сонда оның есігі, терезесі, едені сызба талаптарына сәйкес келмей, ауыл тұрғындары шеберлерінің өз күштерімен атқарылып, аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлы басқа да барлық нысандар секілді оны да ұдайы назарында ұстаған-ды. Бүгінде сол сапалы жөнделген екі қатарлы жылы, жарық, оқу-тәрбие процестерінің қай түрін де тиімді жүргізуге қолайлы мектепте 110 шәкірт білім алуда.

Сөз арасында айта кетуге керектігі сол, мен жаңылыспасам, ауданның барлық мәдени, ағарту, денсаулық салаларының ғимараттары жақсы жөндеуден өткізілгені соншалық, олар бұған дейін сірә биылғыдай жылы, жайлы болып көрген жоқ. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы 13,7 млн. теңгеге жабдықталып, облыс орталығындағы жоғары білікті мамандармен бірлесіп жұмыс істеу үшін телемедицина орталығы іске қосылды. Сарбие мекенінде дәрігерлік пункт пайдалануға беріліп, Жетікөл ауылдық ауруханасы, Құрманов ауылдық округінің емханасы, Жамбыл, Ақшатау дәрігерлік пункттері жөндеуден өтті. Сонымен бірге Құрмановтағы дәрігерлік емхана қатты отыннан дизель отынына, Жамбыл, Ақшатау пункттері электр қуатымен жылытуға ауыстырылды.

Өткен жыл ауданның мәдениет мекемелерін жақсарту істеріне де елеулі өзгерістер әкелген. Қараой, Қаракемер ауылдық клубтарына, Қаратал селолық кітапханасы мен Көптоғай селолық клубтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, «Шұғыла» жастар орталығының материалдық-техникалық жағдайы 4 млн. теңгеге жаңартылды. Денсаулық сақтау мен мәдениет саласына бөлініп, толық игерілген 146 млн. теңгеге жуық жұмыстың 5 млн. теңгелік үлесі тиген Қаратал селолық кітапханасының қазіргі жайы әлгідей атқарылған өзге де барлық істердің жоғары сапасына мысал болғандай. Өткен күзде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан осы жерге келгенімде аудан әкімінің құрылысшыларға да, округ басшылығы алдына да қатаң міндет қойып, оның қалайда сапалы аяқталуын өзі қадағалайтынын айтқанының куәсі болғанмын. Енді, міне, сыртқы есігін ашқаннан жинақы, сәнділігімен жылы тартып, кілем төселген бөлмелер бір салтанатты жағдайға кезіктіргендей әсер берді. Кітаптың көптігіне, кітапхана жайына таңсықтығым жоқ өзіме, небәрі 1360 тұрғыны бар 239 үйлі мекеннің кітап қоры бай, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген соңғы көркем, тарихи, философиялық әдебиеттермен толықтырылған, соншалықты жайлы, жылы, әр бөлмесі кітаптардың түрі мен мазмұнына қарай бөлінген, интерьері көрнекі, телевизор, мыңның үстінде оқырманы бар кітапхана, әділін айтқанда, әсем таңдандырды. Осында «Жол картасы» бойынша 8 млн. теңге бөлініп, пайдалануға берілген «Балбөбек» балабақшасын жылыту үшін дизельмен жұмыс істейтін бойлер пеші салынған, есік, терезелері пластик материалынан, едендері мұқият жаңартылғандықтан жөндеуден өткен емес, жаңадан пайдалануға берілген ғимарат секілді көз тартады. Жайлы бөлмелердегі бірыңғай түр мен түсті кереуеттерде Ойылдың ертеңі — сәбилер мен бүлдіршіндер жас ерекшеліктеріне қарай орналасқан. Тек осы балабақшаның өзінде ауылдың он төрт адамы жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, ауданда балабақшаларын, жаңадан салуды қажет ететін Ақшатау мен Соркөл елді мекендегілерден өзге, барлық 22 мектепті жөндеу, қажетті құрал-жабдықтармен қамтемелеу, жылуды тұрақты ету міндеттері талапқа сәйкесті шешімін тапқан. Осы жұмыстарға бөлінген 460 млн. теңге қаражат ауданда оқу мен тәрбие ісін жақсартумен бірге шаруаны түзеп, экономиканы көтеруге де елеулі ықпал етті деуге толық негіз бар. Бүгінде ауданның өзекті шаруасы — мал өсіру көрсеткіші кешегі кеңес өкіметі тұсындағының жарты деңгейі шамасында. Алайда, ол уақытта, тек әйтеуір қалайда көбейту бағытын саясат еткен мемлекеттік меншік пен бүгінгі жеке меншік жағдайындағы мал ұстаудың мүмкіндіктерінде де, мақсатында да айырмашылық көп. Кешегі күндері дала түгелдей тұяқ кесті жалпақ жайлауға айналып, шөптесін өсімдіктер әлі піспей тұрып жаппай ораққа түскенде, онсыз да жеңіл топырақты жеріміздің көшкін құмға, қу тақырға ұшырағанын ұмыта қоймаған шығармыз. Яғни, ауылдың күн көрісі мал еді деумен, мысалы, Берсеев атындағы округтегі 343 отбасының әрқайсысы, басқа түлігі өз алдына, тек жүздің үстінде қой малын баққысы келсе, оларды қалай өсірер еді? Қисынды жауап табу қиын. Біріншіден, тұқым сеуіп тастап, жаңбыр күтіп отыратын егіс емес, мал өздігінен өспейді. Екіншіден, ол түліктің тұқымы сапалы, тұрмыстың қандай қажетін де өтеуге қолайлы болуы тиіс. Үшіншіден, мал соңынан жүргесін, содан өзге табыс жоқ, ол пұлды болуға керек. Төртіншіден, жайлы қора, жеткілікті азықты қажет ететіні белгілі. Бесінші…, алтыншы… айта берсе… ең соңында мал да малсаққа бітеді. Сондықтан осы округтегі 13 мың қой, 497 жылқы, 3900 ірі қара, 17 түйе, тап қазіргі тұста ауылдың, әрине, бай емес, бірақ кедей де емес, жаңа экономикалық жүйеде уақытқа, мүмкіндікке сәйкесті қалыпта өмір сүріп жатқандығын көрсететін деңгей. Үкімет ауыл шаруасын көтеруге жыл сайын қомақты қаржы бөлгенмен, қай ауыл жағдайында да әзірге ірі бизнес, инвестиция жоқ. Ауылдағы кәсіпкерлік — сауда, қызмет көрсету, ұсақ өндіріс секілді шағын түрлерден тұрады. Мысалы, Саралжын селолық округінде бір-бірден шаштараз, тігін цехы, фотосалон, жиһаз жасау және ұн тартатын цех, бес үйде жеке монша жұмыс істейді. Үш адам 400 мың теңгеден несие алып, нан пісіру цехын іске қосады, 3 га көлемге бау-бақша екті. Сонда небәрі 366 отбасыдан тұратын бес елді мекен тағы да әлгідей кәсіпкерліктің нешеуін қажет етуі мүмкін? Қай ауылда да қызмет керсетудің шағын кәсіпкерлігі осы шамада. Екінші, сауда түріне келсек, округке бес дүкен жеткілікті. Тұрғындардың тұтыну, сұраныс қабілетіне сәйкес жұмыс істейді. Осындай реттермен және жоғарыда баяндалғандай, денсаулық, мәдениет және ағарту салаларын материалдық жағынан жақсарту бағытындағы елеулі істер арқылы ауданда жұмыссыздық шұғыл азайды. Тілімізде кедейшілік және қайыршылық деген екі сөз бар. Оның біріншісі тұрмыс деңгейін көрсетсе, екіншісі — кәсіптің баламасы. Кәсіп деген адамның туа бітті бейімі екендіктен оны талқыға салудың қажеті жоқ. Ал кедейлік жалқаулықтан, жалқау болудан қысылмайтындықтан пайда болатын жағдай ғана. Ауылда жаппай шұғыл байып кетудің жалпы мүмкіндігі әлі қалыптасқан жоқ, алайда кедей болмаудың жолдары жеткілікті. Қай ауыл да үкіметіміздің қаржылай қамқорлығына қарамастан ел экономикасына үлес қосатындай қуатқа жеткен жоқ. Ұсақ фермерліктің, ұсақ шаруа қожалықтарының қуаты тек өз айналасын қамтумен ғана шектеледі. Бір таңданарлығы — қолынан келгенінше мал ұстап, егіншілікпен айналысқан ауылдық жерлердегі қызғанатын артық ақшасы, қызығатын аса құнды мүлкі жоқ қоңыр тіршілікке дағдарыстың заңдары көп жақындамайтын секілді. Қаладағыдай дүниенің қай түкпірінен қалай жеткізілгені беймәлім, шүбәсі көп азық-түлікті емес, маңдай тері, табан етімен тапқан адал, табиғи тағамын ас етеді. Қаладағыдай қаптаған техниканың улы түтінін жұтпай, салқар даланың мөлдір ауасымен тіршілік етеді.

Әрине, қайда да, соның ішінде «мал баққан, жай жатқан» ауылда да мәселе жетеді. Мен аудан округтерінің бірқатарын аралап, шаруашылық, әлеуметтік тұрмысымен танысқанымда сол мәселелердің кадрдан өзгесін ірі деп есептемедім. Әңгіме өзгерген саяси жүйеде де немесе меншіктің түрінде де емес, әңгіме — басқара білудің кәсіби деңгейінде секілді. Енді уақыт басқа, соған сәйкес адамдар да өзгерді. 1990-2000 жылдар аралығындағы аласапыранда қай шаруада да қиюы кетпеген нәрсе қалған жоқ-ты. Өзге өңірлерді білмеймін, Ойыл ауданы жағдайында сол он, он бес жылда сыртқа көшу көбейіп, әсіресе, кадр жөнінен үлкен тоқырауға ұшыраған. Ал мына барған сайын шапшаң ілгерілеген уақытқа ілесіп, қызмет ету үшін жаңа тұрпатты басқарушылық ауадай қажет болуда. Бүгінгі билік, басқару күні кеше Одақ ыдыраудың алдында ғана өмірге келгендердің қолына көшті. Бұрынғы басқару, біліктілік сабақтастығы үзілген жағдайда сол жаңа буын өздеріне отбасынан бастап, мемлекеттік деңгейдегі міндеттер жүктелгендігін сезінуі тиіс. Ауыл бүгінгідей ұсақ шаруа қожалықтарымен, азын-аулақ шағын кәсіпкерлікпен шектеліп жүре бермейді, дамудың барысы оны алда қалайда шаруаның өте күрделі мәселелерін шешетін, жан-жақты жабдықталған ірі фермаларға жеткізеді. Сондықтан бүгінгі ауыл әкімдері бұрынғы кеңшар директорлары емес, енді нарықтық экономиканың талаптарына жауап берерліктей менеджерлік кәсіпті игеруі қажет болады. Ол келісім бойынша міндет алған, жалданған жетекші ұғымын береді.

Осы кадр жөніндегі өткір мәселенің бірі — ағарту ісімен байланысты секілді. Аудан бойынша жалпы білім беретін 24 мектептің екеуінен өзгесі түгелдей жөндеуден өткізілген, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге қолайлы материалдық жағдайлар жасалған. Соңғы жылдарға дейін мектептің салқындығынан сыртқы киімімен отыратын оқушылар биыл түгелдей дерлік жылы, жайлы сыныптарда оқуда. Алайда аудан мектептеріндегі білім беру деңгейі облыстың төмен көрсеткіші шамасынан көтеріле қоймауы қынжылтады. Соңғы тестілеуде барлық мектептер арасынан жалғыз орыс орта мектебінің озық шығуы осыған айқын дәлел болғандай. Аудандық оқу бөлімі өткен жылдар соңында мектеп жұмыстарын жақсарту мақсатында мектеп директорларын ротациялау тәсілімен қайта орналастырған еді. Бірақ бір орында тапжылмастан жиырма жыл шамасы отырып қалған жетекшілерді екінші жерге басшы еткеннен іс жақсарды деу шүбә келтіреді. Уақыт жетілудің, шапшаң өзгерістерді жіті қабылдап, озық қатарға ілесуді міндеттейтін  кезең. Жетекшілер сондай міндеттерді шешуге лайық па? Мәселе осында. Ауыл мектебі ме, қала мектебі ме, екеуі де елдің ертеңін білімге, білікке, ең бастысы, мына егемен еліміздің әлемдік бәсекеге лайық азамат ұл-қыздарын тәрбиелейтін бірегей қадірлі ұялар. Рас, аудан мектептерінде оқып, шетелдік оқу орындарында білім алып жүрген бірді-екілі мысал жоқ емес. Ондай мысалдар бүгінде қай өңірде де жеткілікті. Ал жалпы мектептік білім берудің деңгейін жалпы үлгерім, қабілет шамасымен есептелетінін ескерсек, Ойыл ауданының ағарту саласының жай-күйіне аудан да, облыс та жіті назар аударуы тиіс, істің тек орын ауыстырумен нәтижелі болуы, сірә, неғайбыл.

Жалпы алғанда, өңірдің қазіргі беталысы ауданда қоғамдық өмірдің қай саласында да елеулі ілгерілеу барын айғақтайды. Материалда баяндалған жетістіктер аудан басшылығының күнделікті қызметімен тығыз байланыста өрбіген игі істер десек, аталған кадр жөніндегі пікірлер — аудан әкімдігі талдап, саралап, оларды түзетудің жолдарын мұқият іздестірген мәселелер болғандықтан нәтижелі шешімдері табылатындығына сендіреді.

Идош АСҚАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button