Әлеумет

№21 бағыттың сызбасы өзгерді

№21 автобустың бағыты өзгерді. Аталған бағыттағы қоғамдық көлік сызбасына өзгеріс енгізу керектігін облыстық «Ақтөбе» газеті мәселе етіп көтерген болатын.

Газетіміздің ақпанның 12-сі күнгі санында «№21 автобустың бағыты өзгере ме?» тақырыбымен жарияланған мақалада Жаңақоныс ауылы тұрғындарының қоғамдық көлікке наразылығы мен құзырлы мекеме өкілдерінің уәждері жазылған-ды.

Материал жарық көрген соң өздерінің ой-пікірлерін білдірген оқырман хаттары келді. Газетіміздің наурыздың 26-сы күнгі санында жарияланған оқырман Әлсейіт Кенжесарыұлының ««Автопарк» бейтарап қалмауы тиіс» атты материалы — соның бір парасы.

Қоғамдық пікір туған соң «Автопарк» ЖШС басшылығы автобустың қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізгенді жөн көріпті. Бұл  жөнінде аталған мекеменің   директоры Қанат Қалиев былай дейді:

Жақында облыстық «Ақтөбе» газетінде №21 бағыттағы көліктердің сызбасына өзгеріс енгізу керектігі жөнінде мақалалар жарық көрді. Жаңақоныс ауылының тұрғындары қалалық әкімшілікке, «Автопарк» ЖШС басшылығына да №21 автобустың Оңтүстік-батыс-1 ауылын араламауы туралы өтініш білдірді. Сондықтан онсыз да жолаушысы көп автобустың Оңтүстік-батыс-1 ауылын араламағанын жөн көрдік.

Шынында, жаңақоныстықтар берекесіздіктен құтылды. Бұрын онсыз да лық толы автобусқа Оңтүстік-батыс-1 ауылының тұрғындары мінетін. Кешкілік «Әлия», «Ұшқыштар училищесі» аялдамаларына автобустар тоқтамай өтіп кететін-ді. Тоқтағанның өзінде жаңақоныстықтардың сыймай қалуы да №21 автобустың Оңтүстік-батыс-1 ауылын аралауынан болатыны рас. Көлікке таласа-тармаса мінген жұрт автобусқа мінгеннен кейін де біраз әбігерге түсетін: бірін-бірі итеріп, бірі-бірінің аяғын басқан жолаушылар сөзге келіп, біраз шу көтеретін-ді. №21 бағыттағы автобустың қозғалыс сызбасы өзгеруінің арқасында жаңақоныстықтар жаңа мүмкіндікке ие болды. Яғни аталған көлік жаңа коммуналдық базар — «Табысқа» да аялдайды.

Сызбаға өзгеріс енгізудің тағы бір себебі туралы «Автопарк» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Айбек Сәрсенғалиев былай дейді:

—  Оңтүстік-батыс-1 ауылындағы №21 бағыттағы автобустар жүретін жерлерде бұрылыс көп. Әсіресе, Тайманов көшесі айтарлықтай қауіпті. Бұл көшемен жүру қыс, күз мезгілдерінде қиын. Онда жаяу жүргіншілер жолы да жоқ.  Жол — тар. Автобус тоқтайтын алаң да жоқ. Оны аз десеңіз, аялдама түгілі, аялдама салатын жер де жоқ. Жалпы, аталған ауылда №21 автобус жүретін көшелерде қиылыс көп. Жүргізушіге көріністі шектейтін бұрылыстар бар. Тарақұлы көшесінен Қобда бағытындағы жолға түсетін бұрылыс, тіпті қауіпті. Өйткені аталған тас жол халықаралық маңызға ие болғандықтан онда жүретін көлік өте көп. Ал №21 бағыттағы көліктер сол тұста сол жаққа бұрылыс жасап жүреді. Ал бұл өте сақтықты қажет етеді, — дейді Айбек Сәрсенғалиев.

«Автопарк» ЖШС өкілдері сызбаның өзгергенінен оңтүстік-батыстықтар үшін қиындық тумайтындығын айтады. Оны қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы былай түсіндірді:

Қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізілгенмен, Оңтүстік-батыс-1 ауылының тұрғындары №21 бағыттағы көліктерге мінулеріне болады. Аталған ауылдағы жолаушылар көп тұратын аялдамалардың бірі — «Жадыра». Оның Қобда тас жолындағы «Табыс» аялдамасына дейінгі қашықтығы — 480 метр. Ал Тайманов көшесіндегі аялдамадан №21 бағыттағы көліктер тоқтайтын «Қиылыс» аялдамасы 500 метр. Сондықтан бұл қашықтық талапқа сай. Жалпы, қоғамдық көлік қозғалысындағы заңдылықтарда аялдамалардың бір-бірінен қашықтығы — 800 метрден артық болмауы керек.

«Автопарк» ЖШС директоры Қанат Қалиев Оңтүстік-батыс-1 ауылына №21 бағыттағы көліктердің жүрмеуі қиындық туғызбайтындығының тағы бір дәлелі аталған ауылға қатынайтын №20 бағыттағы көлік санының көбеюіне байланысты екендігін айтады.

№20 бағытқа 15 жаңа «ПАЗ» маркалы автобус сатып алдық. Оның 12-сі қызмет көрсетеді. Қалған 3-еуі қажет болған жағдайда жүргізіледі. Көліктердің қатынау уақытының аралығы — 6-8 минут. Бұған дейін бұл уақыт 10-12 минут болатын. Бұрын №20 бағыттағы көліктердің саны аз еді. Не бары 6-8 автобус қатынайтын, — дейді Қ.Қалиев.

Ал №21 бағытта күн сайын 10-11 автобус жүреді. Оның 5-еуі — үлкен сыйымдылықтағы, қалғаны орташа сыйымдылықтағы «ПАЗ» көліктері. Жаңақоныстықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық: №21 бағыттағы орташа сыйымдылықтағы автобустардың барлығы да үлкен сыйымдылықтағы көліктерге ауыстырылады.

Сәуірдің15-20-сынан кейін жаңа үлкен сыйымдылықтағы 10 автобус аламыз. Олар №21 бағытта жүретін болады, — дейді «Автопарк» ЖШС директоры Қанат Қалиев.

Сонымен жаңақоныстықтар екі бірдей қуанышқа кенелді: бірі — №21 бағыттағы көліктер қала мен ауыл арасына тура қатынайтын болса, екіншісі — аталған бағыттағы «ПАЗ» маркалы автобустар үлкен сыйымдылықтағы көліктермен ауысатын күн жақын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button