Рухани жаңғыруӘлеумет

Бұл — уақыт талабы

Жаңа әліпби

Педагогтар — қазақстандық қоғамның, әсіресе, жастардың арасында бәсекелестікті қалыптастыратын мамандар. Дәл осы сала өкілдері мемлекетті жаңғырту жолындағы реформалардың басы-қасында жүреді. Содан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латынға көшу бастамасын алғашқылардың бірі боп мұғалімдер қолдады.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақтөбе филиалы — заманауи білім беру ұйымы. Осы орайда орталық еліміздегі бірқатар танымал филолог-ғалымдармен кездесулер өткізіп, олар мұғалімдерді осы жағдайға байланысты толғандырған сауалдарына жауап берді.

Солардың бәрі бірауыздан «Қазақ тілінің латын қарпіне ауысуы арқылы еліміз әлемдік ғылым-білім, технология, экономикалық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады» деген пікір білдірді. Бұл қадам біздегі түлектердің әлемдік еңбек нарығындағы дәрежесін де көтеруге сеп боларын атап өтті.

Бұл ретте латын қарпінің жалпы қазақстандықтарға соншалықты таңсық емес екенін, компьютер мен бағдарламалық қамсыздандыруда оның қолданылатынын айта кеткен жөн.

Шынында, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл реформасы стратегиялық жағынан әбден ойластырылған, болашағы бар бастама.

Біз қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы бастаманы қолдай отырып, оның талапқа сай орындалуына бар күшімізді саламыз дегіміз келеді.

Н.ҚИБАТАЕВА, 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақтөбе филиалы директорының орынбасары.

Ақтөбе қаласы.

Жазуға жеңіл болса деймін…

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елде жүргізілетін маңызды реформалар турасында, соның ішінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру қажеттігін айтқаны мәлім.

Расында да, латын қарпінен құралған жаңа ұлттық әліпбиіміздің жасалуы — заман талабы және де бұл рухани жаңғыруымызға жасалған басты бетбұрыс деп санаймын. Ұлттық  тіліміз — еліміздің, халқымыздың бағасыз құндылығы. Оны сақтап қана қоймай, дамыту, ұрпақтарымыздың кейінгі ғасырларда емін-еркін қолданатын тілі ету — әрбір қазақпын деген адамның міндеті.

Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей,  қазіргі заманда латын қарпі тек шетелде ғана емес, өз еліміздің де телекоммуникациялық салаларында басымдыққа ие болып отыр. Қоғамдағы қолданысқа әлдеқашан еніп кеткен ғаламтордағы поштамыз, автокөлік нөмірі, төлқұжаттағы  аты-жөніміздің латын қарпімен бұрыннан жазылуын оған дәлел ретінде келтіре аламыз. Әсіресе, еліміздің болашағы деп қарайтын жас буын бұл қаріптермен ағылшын тілі, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы таныс.

Латын қарпін  қазақ әліпбиінің негізіне алудың өзіндік артықшылықтарын жасыра алмаймыз, статистикалық деректерге сүйенсек, әлемдегі өркениетті 100 ел, 4,5 млрд адам, соның ішінде шетелде жүрген бес миллион қандасымыз бүгінде латын әліпбиін қолданады екен.

Екіншіден, түрлі саладағы ғылыми термин сөздердің көпшілігі латын тілінде.

Үшіншіден, бұл қаріптің Батыс Еуропаның ғылыми-техникалық прогресіне ілесу, сөйтіп, әлемдік ақпараттық, сандық технология  кеңістігіне ену үшін, өскелең ұрпақтың латын әліпбиіне негізделген ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне ықпал етуде маңызы зор.

Латын әліпбиіне өту — заман талабы. Тәуелсіз еліміздің өзімізге өзге тілді оқуға, өзгеге ана тілімізді меңгертуге тиімді, көпшілікке таныс, меңгеріп кетуге жеңіл әліпбиге негізделген тәуелсіз тілі болуы керек.

Мемлекеттік қазақ тілін түрлі деңгейде оқытушы практик маман ретінде айтарым: жаңа әліпбиіміз қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туғызатындай болсын десек, басы артық шартты белгілерсіз, ықшам, жазуға жеңіл, дыбысты таңбалау жағынан да таныс болғаны дұрыс. Қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының соңғы жобасы бойынша ү, ұ, у, ы  дыбыстарын таңбалау нақты емес  (Үү – U u  , Ұ ұ- U’u’ y- Y’ y’,  ы- Y y ). Менің ойымша, бұл дыбыстардың таңбалануына өзгерістер енгізу қажет, яғни мынадай үлгіде: Үү –Y y, Ұ ұ-Y’ y’, Уу –U u, ы-U’u’ болып таңбаланғанын мақұл көремін. Осы үлгіні ұстанған кезде, компьютер пернетақталарындағы қазақ тіліне тән дыбыс әріптерінің орны сақталып, компьютердегі бар әріптерге қосымша белгілер (апостроф) қойып, өзгерту көп қиындық келтіре қоймайды деп ойлаймын.

Нұрбәтес ТОБАҒАБЫЛОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button