Спорт

Ақтөбе спортшыларының жаңа жеңістері

Жеңісті жандарына жалау еткен дарабоздарымыз әлемдік, халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, Ақтөбе қоржынына бірнеше медальдар салды.

Панкратион спорт түрінен алғаш рет Ресей елінің Сочи қаласында әлем чемпионаты өтті. Оған 20 елден 300-ге жуық спортшы қатысты. «Адлер Арена» спорт кешенінде өткен әлемдік додада ақтөбелік «Еркін күш» клубының спортшылары да сынға түскен болатын. Чемпионаттың қорытындысы бойынша, элиталық панкратион түрінен 84 келі салмақта Дәурен Ермеков және 66 келі салмақта Нұрбек Қабдрахманов Әлем чемпионы атағын жеңіп алды және 62 келі салмақта Азамат Марқабаев, 77 келі салмақта Ерлан Байтин, 92 келі салмақта Інжіл Еркінбек жүлделі 3-орынға ие болды. Ал дәстүрлі панкратион түрінен  84 келі салмақта Дәурен Ермеков 2-орынға,  60 келі салмақта Дастан Амангелді, 62 келі салмақта Азамат Марқабаев, 92 келі салмақта Гойти Дазаевтар жүлделі  3-орынды қанағат тұтты.

Айта кетейік, додада АҚШ, Украина, Грекия, Жапония, Италия, Белоруссия, Үндістан, т.б. елдердің 16-45 жас аралығындағы спортшылары бақ сынасты. Жалпы командалық есепте ҚР командасы 2-орынға табан тіреді.

Теміртау қаласында жүзуден ересектер мен әйелдер арасында ҚР Кубогы өтті. Жарысқа республикамыздан 15  команда қатысып, барлығы 285 спортшы өзара бақ сынасты. Үш күнге созылған жарыс нәтижесі  бойынша ақтөбелік спортшылар Әлібек Қамзенов, Диана Назарова,  Виталий Худяков, Диана Злобина ҚР Кубогы иегерлері атанды. Сонымен қатар, Алмат Сабыр, Диана Тасжанова 2-орынға және Қайрат Нұржанов 3-орынға қол жеткізді.

23-28 қазан аралығында Талдықорған қаласында бокстан 2000-2001 жылдары туған жастар арасында «Жетісу Кубогы» атты XV халықаралық турнир өтті. Турнирге Моңғолия , Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірлерінен 228 спортшы қатысты. 60 келі салмақта ақтөбелік жерлесіміз Рахат Сейтжан бес кездесу өткізіп, чемпион атағын жеңіп алды. Сондай-ақ бокстан ҚР спорт шеберi нормативін орындады.

Қарағанды  қаласында  өткен  шахматтан шапшаң және блиц түрінен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионатында  Гүлзия  Демеуова  І орынды иемденді және жалпы командалық есепте Ақтөбе командасы 3-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар, 25-26 қазан аралығында Шымкент қаласында өткен Конфедерация Кубогының іріктеу кезеңінде ақтөбелік еркін күрес және дзюдо командалары Конфедерация Кубогының ақтық кезеңіне жолдама алды. Финалдық кездесу алдағы уақытта желтоқсан айының 2-3 күндері Алматы  қаласында өтетін болады. Спортшыларымыз бұл бәсекеде де оза шауып, топ жарады деген сенімдеміз!

А.ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button