Басты жаңалықтарЖеңіс

Ерлікке тағзым

Ақтөбеде Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Ең алдымен ақтөбеліктер «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, қарулы күштер, құқық қорғау саласының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Жиында алдымен ақтөбелік жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктер айтылды. Бұдан соң жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жеңіс туралы әндер шырқалып, соғыс ардагерлердің ұрпақтары баба рухына тағзым етті.
Іс-шараға қатысқандар арасында Ұлы Отан соғысының ардагері Лайық Есенамановтың ұрпағы да бар.
— Біз бейбіт өміріміз бен бостандығымыз үшін күрескен ардагерлердің, тыл еңбеккерлерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың, аталарымыз бен бабаларымыздың алдында басымызды иеміз. Менің атам Лайық Есенаманов майданда өліммен бетпе-бет келіп, жеңіске жеткен. Ол ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Өмірін ел қорғауға арнаған ардагерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Еліміздің Тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаларымыздың өмір жолы, адал еңбегі мен қаһарман тұлғасы көпке үлгі. Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын. Майданда ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың есімін ұмытпай, солар секілді ержүрек, батыл болуға шақырамын! — дейді батыр ұрпағы Әділгерей Есенаманов.
Сондай-ақ 76 жастағы Мақсат Дүйісұлы жастарды патриотизмге баулитын іс-шаралар тек мерекеде ғана емес, жиі ұйымдастырылса деген тілегін білдірді.
— Біз әрқашан Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Менің әкем Дүйіс Бақтыбаев 312-атқыштар бригадасының құрамында Польша, Германия қалаларын фашистерден азат етуге қатысты. Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылған бүгінгі қастерлі күні біз соғыста еліміз үшін қыршын өмірін қиып, елге оралмаған боздақтарды еске алып, олардың өшпес рухына бас иеміз, — деді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button