Жеңіс

Ерлік ұмытылмайды

Сәния Уәлиқызы,
Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы.

Соғыс жылдарында жерлестеріміз ерекше ерлік пен табандылық көрсетті. Қазақстаннан майданға аттанған әрбір екінші жауынгер біздің жарқын болашағымыз үшін жанын қиды. Қай соғыста да қарсыластардың жеңіске жетуге ұмтылатыны анық. Бес жылға созылған соғыс жантүршігерлік шайқастарымен, қисапсыз қырғындарымен адамзат санасында мәңгілік орнығып қалды. Менің әкем Уәли Нұрсұлтанұлы Ұлы Отан соғысында алғы шепте шайқасып, барлаушы қызметін атқарды.
Соғыста барлаушы болу ең қауіпті әскери мамандықтардың бірі. Ол ұрыс даласында ерлік көрсетіп, қолбасшылық белгілеген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Әкем соғыстан аман-есен оралып, білім саласында қызмет етті. Анамның бауырлары да соғысқа қатысып, сұрапыл соғыста елін жаудан азат етті. Бірі майдан шебінде қаза тапса, бірі ауыр жарақатпен оралды. Сондықтан да Жеңіс күні аға буынның қайтпас ерік-жігері мен ерлігін, бейбітшілік пен бостандық жолындағы жанқиярлық күресін бейнелей отырып, еліміздің тарихында ерекше орын алады.
Қазақ елінің күрескерлері мен батырларын, тарихтың барлық кезеңдерінде еске ала отырып, құрметтеу бүгінгі және болашақ ұрпақтың міндеті. Біз оларға бостандығымыз бен төбеміздегі бейбіт аспанымыз үшін қарыздармыз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындықты бастау қажеттігін соғысқа қатысушы елдер басшыларының ішінде бірінші болып Қазақстан Президенті айтты. Бұл бастама біздің еліміз үшін батырлардың есімін мәңгі қалдырудың маңыздылығын көрсетеді, олардың фашизмді жеңген Жеңіске қол жеткізуге және тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге қосқан үлесін көрсетеді. Батырларымыз қорғаған бейбітшілік, бостандық, әділдік және Отанға деген риясыз сүйіспеншілік құндылықтары біз үшін Әділетті Қазақстанды құру жолында әрқашан бұлжымас бағдар болып қала бермек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button