Жеңіс

Аманаттықтар соғыс және тыл ардагерлерін жеңіс күнімен құттықтады

Партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Күлпаршын Айдарханова және қалалық мәслихаттағы фракция жетекшісі Әсел Сарманова тыл ардагерлерін Ұлы жеңіс мерекесімен құттықтады.

Аманаттықтар қарияларға ыстық ықыласын білдіріп, тарихи ерліктеріне шынайы құрмет көрсетті.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов аманаттықтар әрқашан ардагерлер қауымына айрықша құрметпен қарайтынын атап өтті.

«Бүгінгі ашық аспан, бейбіт өміріміз үшін ардагерлеріміздің алдында мәңгі қарыздармыз. Сіздердің ерен ерліктеріңізді келер ұрпақ ешқашан ұмытпайды. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді халқымыз. Amanat партиясы аға буынды ардақтап, құрмет көрсету ісіне әрдайым жіті мән береді. Дендеріңізге саулық, елімізге амандық тілеймін», – деді ол.

Қалабай Шүкіров өмірінің 43 жылын медицинаға арнаған адам. Ол Шалқар аудандық туберкулез ауруханысының, кейін Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған. Кең профильді дәрігер, яғни рентгенолог, кардиолог, фтизиатр және иглотерапевт маманы ретінде жұмыс жасады. Қалабай Шүкіров зейнеткерлікке шыққаннан кейін жазушылыққа бет бұрды. Қария қазір төртінші кітабын жазып жатыр.

108 жастан асқан Жәкібай Бисенғалиева бұрынғы Новороссийск ауданы, қазіргі Хромтау ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол осы аудандағы «Қазақ ССР-інің 10 жылдығы» ұжымшарында астық таразышысы, жер жыртушы, тракторшы, ауылдық кітапхананың кітапханашысы, сауыншы болып жұмыс істепті. Оның тыл еңбеккері болып еткен еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Қалиева Батшайы ұзақ жыл теміржолда қызмет жасап, осы жерден зейнеткерлікке шыққан. Соғыс басталғанда анасы дүние салып, ағасы соғысқа аттанады. Қаршадай қыз Орынбор облысы, Ақбұлақ ауылынан ағайындыларын сағалап келген. Бұл кезде небәрі 5 жаста болыпты. 17 жасында Дидар Сақтағановпен отау тігіп, 5 баланы дүниеге әкелген. Жолдасы – соғыс ардагері. Әжей қазір балаларынан 12 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.

Айта кету керек, Amanat партиясының мүшелері облыстағы жалғыз соғыс ардагері мен мыңнан аса тыл еңбеккерлерін құттықтады.

М.БЕКТҰРҒАНОВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button