Жеңіс

Ұмытылмас күн

Жеңіс күнінде ақтөбеліктер соғыста қаза болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, «Даңқ» мемориалына және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне жиналды. Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Олар батырлар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ұлы Отан соғысының майдангерлері 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамаларда шайқасты. Ерлігі үшін жүздеген мың қазақстандық орден-медальдармен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 4 қазақстандық екі рет Батыр атанып, 110-ы үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
— Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл еңбеккерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың батылдығы мен қайтпас қайсарлығының арқасында біз бүгін бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Біз әрбір батырдың қосқан үлесін есте сақтаймыз, бағалаймыз және құрмет тұтамыз. Менің ағам Каман Әбішев Латвияны жаудан азат ету ұрыстарына қатысып ерлікпен қаза тапты. Майдангердің сүйегі 1963 жылы табылды. 1985 жылы анам Латвияға арнайы барып, батыр рухына ас берді, — дейді Үміт Тілегенова.
Сонымен қатар, Жеңіс күнінде Әлия Молдағұлова бюсті, «Зеңбірек» ескерткіші және «Бауырластар зиратында» ақтөбеліктер гүл шоқтарын қойып, Отан үшін жанын пида еткен батырларды еске алды.
Мерекелік іс-шаралар «Мәңгілік Алау» алаңында, Әлия Молдағұлова мемориалдық кешенінде, сондай-ақ Есет батыр, Сазды, Қурайлы және Нокин тұрғын үй алаптарында өтетін концерттік бағдарламалармен жалғасады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button