Әлеумет

Қызылағашта жаңа үйлер салынады

Наурыздың 12-сіне қараған түні Алматы облысының Ақсу ауданы аумағындағы Қызылағаш су қоймасы бұзылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі ақпаратына сәйкес, ауа температурасының көтерілуінен қыс бойғы қалың қар мен мұз күрт еріп, оның үстіне  жаңбыр жаууы себепті Қызылағаш су қоймасының шығыс жағы бұзылды. Апат салдарынан ондаған адамдар қаза тапты, жүздеген адамдар баспанасыз қалды, мал-мүлік шығыны шаш-етектен. Мәліметтерге сай, Қызылағаш ауылындағы 257 үй су ішінде қалды. Бұл — осы елді мекендегі барлық тұрғын үйлердің 70 пайызы.

12 наурыз күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылағаштағы апат салдарынан қайтыс болғандар отбасыларына көңіл айтып жеделхат жолдады.

«Адам өліміне әкеліп соққан Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Қызылағаш» су қоймасында болған апат туралы хабарды қайғыра қабыл алдым. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың туғандары мен жақын-туыстарына, сондай-ақ апат салдарынан зардап шеккендердің барлығына қайғырып көңіл айтамын», — делінген жеделхатта.

Наурыздың 13-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы апат зардаптарын жою мәселесін талқылаған кеңес өткізді.

Кеңеске Премьер-Министр К. Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Мусин, Бас прокурор Қ. Мәми, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша кеңеске қатысушылар апат салдарынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кеңес барысында Елбасы апаттың салдарын жою, зардап шеккен отбасыларға материалдық, қаржылық, медициналық көмектер көрсету жөнінде нақты тапсырма берді. Балаларды оқу орындарына орналастыру, үйсіз қалғандарды тұрақты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін ойластыру қажет.
Сондай-ақ Елбасы барлық өңірдің әкімдеріне алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін барлық су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын тексеруді тапсырды. Құқық қорғау органдарына тыңғылықты тексеріс жүргізіп, егер апаттың болуы тиісті адамдардың өз жұмысына жауапсыз қарауы салдарынан орын алғаны анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді.

Елбасы Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға Қазақстанның барлық өңірлері, сондай-ақ ұлттық компаниялар көмек көрсетуі тиістігін атап өтті.

Сондай-ақ наурыздың 12-сіне қараған түні  Алматы облысы, Қаратал ауданы, Жылыбұлақ ауылы тұрғындары да су тасқынына тап болған.

Бұл ауылдың 140 үйі су астында қалып, 820 адам зардап шеккен.

Елбасы тапсырмасымен төтенше жағдайлар зардаптарын жоюы жұмысын ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов тікелей бақылауына алды. Наурыздың 13-і күні Премьер-Министр Ақсу ауданына ұшып барып, зардап шеккендердің жағдайымен және ол жерде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ал су тасқыны себебін анықтап, салдарын жою мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияны басқару Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке жүктелген.

Бүгінде апат орын алған аймақта республикалық, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармалардан және әскери бөлімдерден жүздеген адам жұмыс істеп жатыр, ондаған техника тартылған. 14 наурыз күнгі дерекке сай, су  тасқынының беті қайтқаннан кейін  ауылға 33 отбасы оралған. Ауылдағы адамдарды  барлық қажетімен,  оның ішінде көмірмен,  баллонды  газбен,  ауыз сумен,   сондай-ақ  жем-шөппен қамтамасыз  ету шаралары  қабылданды. Ауылға оралған  тұрғындарға жалақы беріп,  қалпына келтіру жұмыстарына тарту  туралы да тапсырма  берілді.

Наурыздың 14-інде мектеп пен аман қалған 120 үй электр желісіне    қосылыпты. Телефон байланысымен   қамтамасыз  ету үшін радиоантенна   орнатылған.

Мемлекеттік комиссияның  шешімі  бойынша  Қызылағаш  селосында жаңа үйлер салынатын болады. Зардап шеккен  бірқатар үйлерге  жөндеу  жұмыстары  жүргізіледі.

Жалпы, бірде-бір тұрғын көмексіз қалмайды. Соның ішінде, су  тасқыны кезінде  қаза тапқан  әр адамның  отбасына  500 мың теңгеден материалдық жәрдем  беріледі. Ал су  тасқыны салдарынан  зардап шеккен,  баспанасынан, малынан,  басқа да мүлкінен айырылған  отбасының  әр мүшесіне 121 мың теңге көлемінде   өтемақы төленетін   болады.

Су тасқынынан зардап шеккен жандарға материалдық  қайырымдылық көмек көрсету үшін «Қазақстанның Халық банкі» акционерлік қоғамының №319900 Талдықорған аймақтық филиалында арнайы есепшот  та ашылды.

Банктің   шоты төмендегідей:

ИИК 002700125 KZT

Банк БИК: 194101601

РНН 530200007643

Кбе 18

«Жансүгіров»   қоғамдық қоры.

Бүгінгі күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қадамдар ұйымдастырылуда. Бұл орайда алғашқылардың бірі болып «Нұр Отан» ХДП зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық партия қызметкерлерінің біркүндік еңбекақысын аударуға шешім қабылдады.

Республикалық БАҚ материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button