Спорт

Шалқарда ел чемпионаты өтті

Биыл Шалқар қаласындағы Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына — 50 жыл. Мерейтой құрметіне Шалқар қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде грек-рим күресінен 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті.

Жарыстың өз деңгейінде өткізілуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, республикалық күрес федерациясы қолдау көрсетті.

Ел назарын аударған байрақты додаға олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, ҚР грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Мейірхан Рахметов, облыстағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Қайыржан Бекембаев,  Шалқар спорт мектебінің негізін қалаушы, КСРО спорт шебері, құрметті теміржолшы Владимир Цехановичтің қарындасы Алла Николаевна және қызы Елена Владимировна Цеханович, сондай-ақ спорт ардагерлері мен спорт шеберлері, белгілі жаттықтырушылар, спорт сүйер қауым қатысты.

Жарысқа әр облыстан 22 команда келді.

Францияның Париж қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов —  осы спорт мектебінің түлегі. Еліміздің мерейін биікке көтеріп, жеңісін В.Цеханович атындағы №1 спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойына арнаған М.Айнағұловқа мереке күні облыс әкімі  атынан Алғыс хат пен жеңіл көліктің кілті тарту етілді.

Ю.Мельниченко, Цехановичтер әулетінің мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Ержанов тағы басқа азаматтар жылы лебіздерін білдірді.

Көрермендер үш күн бойы күш сынасқан жас палуандардың өнерін тамашалады. Сайысқа халықаралық дәрежедегі төрешілер — Еркін Телахынов пен Серік Жоламанов төрелік етті. Шалқарлық Дінислам Сағитжанов 42 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық тұғырға көтерілді.

Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button