Білім

Балдырған

Менің ұстазым

Мен алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын ұстатқан, алғаш әріп үйреткен — менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым Ләззат апай еді.

Менің ұстазым — ешкімге ұқсамайтын еңбекқор, білімді, мейірімді жан.

Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны біз үшін қашанда ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол — алғашқы ұстазың.

Мен алғашқы ұстазымды мәңгі-бақи мақтан етемін.

Перизат ЕРБОЛАТОВА,

Жарқамыс орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы.

Х   Х   Х

Мектеп — ыстық ұясың,

Білім нәрін құясың.

Анаңдай жақсы ұстазды,

Шәкірт, қалай қиясың?!

Қимайсың ұстаз анаңды,

Өсірген ой-санаңды.

Құттықтау үшін ұстазды,

Қолыма алдым қаламды.

Нұршат ЖАНҰЗАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Х   Х   Х

Ұстаздар мейірім боп жаратылған,

Оқушы пана тапқан қанатынан.

Бүгінгі мерекеде ардақтаймыз

Аяулы бейнеңізді дара тұрған.

Нұржан ҚАЙЫРОВ,

№32 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Х   Х   Х

Менің анам

Ана…

Ана деген сөздің өзінің мағынасы зор.

Жер-Ана дейміз. Ол да өз анаңдай қамқор, адамға берер байлығы таусылмайды.

Көктемде сол Жер-Ана мейірімін төгеді, шуағына бөлейді, бауырына басады.

Ал сол көктемнің алғашқы күндері аналарға шаттық сыйлаумен басталады.

Ананың перзенті кім?

Батырлар да, ақындар да, ғалымдар да анадан туады.

Дін мен діл не дейді?

Жұмақ ана табанының астында дейді. Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың дейді.

Бір данышпан айтқандай, ең дәмді — ана сүті, ең жұмсақ — ананың алақаны.

Жер жүзіне ортақ мереке қарсаңында біз аналарымызды бұрынғыдан да жақсы көре түсеміз. Аналарымыздың мерекесі құтты болсын.

Әсел ЖҰМАГЕЛДІ,

№ 32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ххх

Айналайын, ақ анам,

Мен өзіңе бағынам.

Бір сәт сені көрмесем,

Сағынам-ау, сағынам!

Санжар ҮМБЕТҚАЛИҰЛЫ,

№ 3 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Менің қарындасым

Менің қарындасым Аягөз ақылды, қылығы тартымды. Есімін «Аягөз» деп мен қойдым. Өзі сондай сүйкімді. Көзі — қара, шашы — сары. Көздері анама, шашы әкеме, түрі Гүлнар апама, ақылы атама, сөйлегені әжеме, «кітап оқығаны» Салтанат тәтеме тартқан.

Қазір жасы үште. Балалар бақшасына барып жүр. Үйге келген соң балалар бақшасындағы тәрбиешілері, досы Мәдина жайында қызықты әңгімелер айтып береді.

Аягөз зерек, ол бәрінің көңілін таба біледі. Теледидардан естігендерін ұмытпай, жаттап алып айтып жүреді. Қуыршақтармен ойнағанды ұнатады.

Өзінің тентектігі де бар. Маған сабақ оқытпайды, кітабымды алып қояды. Қабағын түйіп қорқытады.

Әлихан ШАМУРАТОВ,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Менің әжем

Ақылы дария әжелердің өмір жасы ұзақ болып, немере-шөберелерінің қасында жүргені қандай бақыт. Мен сияқты әжесі бар балалар, дариядан су ішкендей, әже ақылынан нәр алып өседі.

Менің әжемнің аты — Гүлжамал. Әжем қайратты, шыдамды, мейірімді. Маған өзінің басынан өткендерін, оқыған кітаптарынан түйген ойларын, ақылын айтып отырады.

Менің әжем ақылды, өте әдемі. Маған үнемі ертегі, әңгіме, ән-жыр айтудан жалықпайды.

Мен әжемді жақсы көремін. Ылғи әжемді қуантқым келіп тұрады. Сондықтан да сабағымды өте жақсы оқимын, ылғи үй шаруасына көмек беремін.

Ерхан ШАЙХАН,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Х   Х   Х

Мейірімді жүзің бар

Ақ шәліңді көмкерген.

Сақтағанын әрқашан

Бәрімізге тең бөлген.

Құнанбай САПАРБАЕВ,

А.Жұбанов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Менің есімім

Мен дүниеге келместен бұрын бес жастағы жиен әпкем Мәдина түс көріпті. Ол ұйқысынан оянып, «Жеңешем Айгерім деген қыз туыпты, бізді тойға шақырмапты» деп жылап отыр дейді. Одан соң он күннен кейін маусым айының тамылжыған бір кешінде мен өмірдің есігін ашыппын. Содан Әсия әжем періштенің аузына құдай салған шығар деп, менің есімімді Айгерім деп қойыпты.

Адамның есімі бала кезінде де, орта жасқа келгенде де, қария болғанда да өзіне жарасып тұруы керек. Әр адам өз есіміне лайықты болу керек деп ойлаймын. Менің есімім өзіме ұнайды.

Айгерім ӘЖІҒАЛИЕВА,

Қ.Жазықов атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Кемерши ауылы,

Байғанин ауданы.

Менің теңеуім

Қыздың сұлулығы, қыздың әсемдігі гүлге тең емес пе?!

Па, шіркін, қыздың күлкісі күн сәулесіндей емес пе?!

Қыз дегеніміз — жұлдыз ғой, қыз дегеніміз — аққу ғой, жауқазындай жайнаған гүл ғой.

Осының бәрін берген бір Алланың өзі ғой.

Қыз — өмір гүлі, қыз — бақыт құсы. Қыз — құпияда жатқан жүрек. Қыз жүрегінің нәзіктігі — тіл жетпес байлық.

Орынгүл ҚАБЫЛОВА,

Кеңсахара орта мектебінің оқушысы.

Мәртөк ауданы.

Менің досым

Ойларыңа сөйлемей бағынатын,

Алыс кетсең асығып сағынатын —

Досың болған кездерде бақыттысың,

Кеудеңде бір жарқылдап жалын атып.

Ұмытпайды ешкім де осы сәтті,

Достық сезім болады әр кез тәтті.

Айжанат САРИНА,

6-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мүғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button