Рухани жаңғыру

Руханиятқа қосылған үлес

ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр… Нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», — деп атап көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда өз саласы бойынша республикамызға танымал философ, философия және қоғамдық ой тарихы бойынша белгілі маман, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановтың жақында «Отан» баспасынан жарық көрген «Мұхтар Әуезов дүниетанымы» атты ғылыми-танымдық еңбегінің орны ерекше.

Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық тұсы Алтай Тайжанұлы зерттеулерінің негізгі өзегін құрайды. Ол бұл сала бойынша өткен ғасырдың 80-жылдарында «Мұхтар Әуезов как мыслитель» деген тақырыпта кандидаттық және 90-жылдарда «Мұхтар Әуезов шығармашылығының  дүниетанымдық өзектері» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған философ-ғалым. Кітап авторы бұған дейін де ойшыл-жазушы шығармашылығының дүниетанымдық тұстарының сан-салалары бойынша көптеген мақалалар мен кітаптар жазды. Ойшыл шығармашылығының этномәдени аспектілерін бөліп қарастырған еңбегі де жарық көрді. Автор өзінің жаңа еңбегінде осы салаларды бір арнаға тоғыстырып, Мұхтар Әуезов шығармашылығы мен зерттеулеріндегі оқу-тәрбие, жалпы педагогика, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер мәселелерін кең көлемде тұтастыра қарастырған.

М.Әуезов — Ұлттық Ғылым Академиямызды құрушылардың бірі және алғашқы мүшесі, жалпы филология мен фольклортану мәселелерімен терең тұрғыда айналысқан академик, филология ғылымдарының докторы, профессор-ұстаз ретінде де жұртшылыққа танымал тұлға. Осыны ескере отырып автор М.Әуезовтің көркем шығармаларымен бірге ғылыми зерттеулерін де айналымға кіргізген. Нәтижесінде ойшыл-жазушы, ғұлама-ғалым шығармашылығының дүниетанымының қалыптасу кезеңдері мен ерекшеліктері, өзіндік рухани ізденістері, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ топырағында қалыптасқан саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани ойдың алдыңғы қатарлы өкілдерінің оның дүниетанымына әсері жан-жақты көрсетілген.

М.Әуезовтің Қазақстандық қоғамдық ой, әдебиет пен өнер әлемін дамытудағы орны да ерекше. Оның осы салалардағы ерен еңбегін автор ойшылдың Абай дүниетанымының қалыптасу жолдары мен рухани бастауларын, Қорқыт мұрасы мен Түркі руханиятын тұтастыра зерттеулерінің мән-маңызын аша отырып бағалаған. Кітапта М.Әуезовтің қоғамдық ой, әдебиет пен өнер дамуының диалектикасы туралы шығармасы «Әр жылдар ойларына» алғаш рет ғылыми-танымдық талдау жасалған.

М.Әуезов шығармашылығының соңғы жылдарға дейін зерттеу объектісі болмай келген тұсы — оның қоғам дамуындағы этникалық мәселелердің тарихи орны мен мәні туралы көзқарастары болатын. Осыны ескерген автор өз еңбегінде жазушы шығармашылығындағы этномәдени құндылықтардың көріністеріне, ұлттық психология мен таным бірлігіне, халықтық таным мен тәрбиенің маңызына тоқталып, ізгіліктілік, отансүйгіштік пен жалпы адамзаттық диалектикасы жазушы шығармашылығының өзегі деген тұжырымға келеді.

ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  жарық көргеннен бері елімізде ұлттық сана қалыптау, ұлттық-рухани жаңғыру туралы мәселелерге ерекше назар аударыла бастады. Соның бірі мақалада айтылғандай, еліміздің халқымызға «суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде мәңгі сақталған біртуар перзенттерін жас ұрпақтың біліп өсуі» және оның тәлім-тәрбиелік жағын үлгілеу. Мұхтар Әуезов сондай тұлғалардың бірегейлерінің бірі. Осыны терең сезінген кітап авторы М.Әуезовтің Қазақстанның рухани мәдениеті мен ағартушылық-педагогикалық ой дамуына қосқан үлесін жан-жақты зерделеген. Онда ғалым-фольклортанушының халықтың дүниетанымының қалыптасуы мен дамуындағы ауыз әдебиетінің маңызы туралы ойлары, ағартушылық-педагогикалық еңбектерінің дүниетанымдық тұстары және оқу-тәрбие мәселелерінің этникалық жақтары кеңінен сөз болады.

Биылғы жылы ойшыл-жазушы, әлем әдебиетінің классигі, ғалым-ұстаз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл толады. Бұл айтулы күн тек әдебиетшілер мен мәдениет саласының өкілдері үшін ғана емес, барша Қазақстан жұртшылығы үшін де мерейлі тұс. Осындай мерейтой тұсында жарық көрген профессор Алтай Тайжановтың кезекті монографиялық еңбегі әуезовтанушы ғалымдарға, студенттер мен ізденушілерге, әдебиет пен өнер саласының қайраткерлеріне, жалпы оның шығармашылығына қызығушылық танытатын барша жұрт үшін  құнды дүние болмақ.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының   кандидаты, доцент.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button