Рухани жаңғыру

Оқушылар туристік экспедицияға аттанды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында, сондай-ақ «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы аясында Ақтөбе облысының оқушылары Қазақстанның киелі жерлерімен танысу үшін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы және Жамбыл облыстарына туристік экспедицияға жол тартты. Осыған орай Ақтөбе теміржол вокзалында экспедицияны шығарып салу рәсімі өтті.

Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының туризм бөлімінің бас маманы Әуез Арызғұловтың айтуынша, оқушылар үш күн бойы еліміздің тарихи аймақтарымен кеңірек таныспақ. Қатысушылар «Қожа Ахмет Яссауи», «Арыстан Баб», «Айша Бибі», «Карахан» кесенелері мен «Қорқыт ата» кешеніне, Сауран, Тараз қалашықтарына, «Үңгіртас» сәулет ескерткішіне басқа да тарихи орындарға барады.

«Қазақстанның киелі географиясы» жобасы аясында республика бойынша 100 тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі бекітілді. Осы тізімде жылжымайтын тарихи, археологиялық, архитектура және монументалды өнер ескерткіштері бар. Әрбір өңір мәдени-географиялық белдеуді құруға мүмкіндіктері бар киелі жерлерге бай.

Бүгінде еліміздің барлық облыстарында туристік маршруттар әзірленді. Туристік сапарға орта білім беру мектептеріндегі әлеуметтік әлсіз топтарға жататын балалар аттанды. Экспедиция құрамында 20 бала, 2 жетекші және 1 медбике бар.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button