Денсаулық

Әсет Қалиев: …Ауыр күнә жасайтындай, біз дінсіз емеспіз

Тағдырдың жазуымен өмірден қош айтысқан жақының мен өзіңнің донор болуың — екінші бір адамға жаңа өмір сыйлау. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өзгелерге үлгі көрсетті.  Ол — облыстағы мәйіттік донор болуға жазбаша келісімін берген алғашқы адам.

—  «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, кенеттен дүние салсам, өз дене мүшемді өзгелерге беруге қарсы емеспін. Менің дене мүшем  ауру адамға өмір сыйлап жатса, несі айып. Шариғат бойынша да, тіпті христиан мен будда діндерінде де мәйіт донорлығына қарсылық жоқ. Барлығы қолдайды. Біздің мақсатымыз —  мәселенің маңыздылығына халықтың көңілін аудару, бір адам қанша адамның өмірін арашалап қалатынын түсіндіру. Донор болғысы келетін азаматтар көп. Және олар менің осы қадамымды қолдайды деп ойлаймын, — дейді Әсет Қалиев.

Екі бүйрегі істен шығып, бойдағы зәрді тазарту үшін барлық қанды гемодиализ аппараты арқылы сорғызып, оны өзіне қайта құйдырып жүрген немесе бауыры мен жүрегі істен шығып, өлуіне санаулы күндер қалған науқас адам  ғана донордың қадірін жақсы біледі. Қазір облыста осындай күйге түсіп жүрген 300-ге жуық адам бар. Ал 60-тан аса науқас бауырдың кезегінде тұр. Олардың ішінде жастардың қатары көп. Бәрі де өмір сүргісі келеді. Отбасы, бала-шағасының қасында еркін жүруді қалайды. Үйленіп, тұрмыс құруды армандайды. Бірақ біздің елде донор тапшы. Ал  мәселені шешудің бір жолы — мәйіт донорлығын дамыту. Бірақ қоғам санасы бұған әлі де дайын емес. Оны күтіп отыратын да уақыт жоқ. Себебі күн сайын адамдар ауыр науқастан көз жұмып жатыр. Әсет Қалиевтың айтуынша, көп жағдайда  науқастарға тума-туыстары донор болады. Өкінішке қарай, оларды тексере келгенде медициналық қарсы көрсеткіштері кедергі болса, кейде генетикалық тұрғыдан сәйкес келмейді.

Донор күтіп жүрген науқас көп. Бұл проблеманы сәл де болса шешудің жолы — мәйіт донорлығын дамыту. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мәйіт донорлығын дамытуда Испания мемлекеті бірінші орында тұр.  Кеңес үкіметі құрамында болған елдер арасында Белоруссияда мықты дамыған. Мәйіттен қай кезде мүше алынады? Егер науқасқа «ми өлімі» диагнозы қойылса, оның мүшелері донор болуға жарайтын болса ғана алынады.  «Біреуге бүйрек керек екен» деп ала салмайды. Арнайы аппарат арқылы тексеріледі. Қаншама дәрігердің қатысуымен консилиум өтеді. Осыдан кейін барып мәйіттен мүше алынады. Ал көз жұмған адам бес адамның өмірін арашалап қала алады. Екі бүйрегі, бауыры, жүрегі, өкпесі, тіпті қазір көзінің қарашығына дейін алуға болады. Ауру адам аппаратқа байланып қалмайды, донордың арқасында қайта өмірге келгендей болады, — дейді Әсет Қалиев.

Ақтөбеде жасалып жатқан дене мүше трансплантацияларының барлығы кепілдендіріліген медициналық көмек көлемінде тегін жасалады.

Жақында түсініспеушіліктің салдарынан мәйіт донорлығына  қатысты мәселе көтерілді. Оқиғаның ақ-қарасы анықталмай жатып, әлеуметтік желілер мен интернет сайттарда дәрігерлерді қаралайтын түрлі пікірлер жазылды. Бұл жерде айтарым, дәрігер де адам баласы, адам өлтіріп, одан пайда тауып, ауыр күнә жасайтындай, біз дінсіз емеспіз. Біздің де отбасы, бала-шағамыз бар. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз.

Адамның дене мүшесін сатып, одан пайда көру — үлкен қылмыс, заңмен қудаланады. Дәрігерлердің бұндай қадамға баруы мүмкін емес, бармайды да. Бірақ әркім өз деңгейінде ойлайды. Егер осылай күдіктенетіндер болса, құқық қорғау органдары жан-жақты тексерулеріне болады. Мүшелерді алып, салуға қатысты теріс пікір жазып жатқан адамдардың басына немесе тума-туыстарына мүше керек болса, өмір сүрулері трансплантация жасауға байланысты болса, олар осы пікірлерінің қате екенін түсінер еді, — деді басқарма басшысы.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Дұрыс.
    Ауру тарихына жəне амбулаторлық картасына егерде аяқ астынан өліп кетсем донор болуға келісемін деген келісім хат жаздыру қажет. Ақыл есі дұрыс адамдар қолдау көрсетеді деп сенемін.
    Бірақ келісім бермегенге ренжіме!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button