Денсаулық

Өзгелер өмір сыйлаған жандар

Ақтөбеге Астана қаласынан «Өмір сыйы» республикалық қоғамдық бірлестігінің  өкілдері келді. Бірлестік құрамындағы реципиенттер, яғни өзге адамдардың бүйрегі мен бауыры арқылы өмір сүріп жүрген жандар донор болудың маңыздылығын айтып берді.

Қоғамдық бірлестік президенті Сандуғаш Орынбаеваның айтуынша, сапардың мақсаты — жұртшылыққа донор болудың қаншалықты маңызды екенін, донордың науқас адамға жаңа өмір сыйлайтынын түсіндіру. Сандуғаш Орынбаеваның өзі де донордың арқасында өмір сүріп жүр. Осыдан бір-екі жыл бұрын екі бүйрегі істен шығып, донордың көмегіне жүгінеді. Оған мәйіттен бүйрек алынып салынады.

— Маған өмір сыйлаған адам мен оның отбасына алғысым шексіз. Ауырған адам ғана донордың қадірін жақсы түсінеді. Науқастардың барлығына донор табылмайды. Сондықтан мәйіт  донорлығына жүгінеді. Өзгеге өмір сыйлау — сауапты іс, — дейді Сандуғаш Орынбаева.

Ал 2011 жылы 32 жасында екі бүйрегі істен шыққан Салтанат Сұңғатова алты жыл бойы гемодиализ алыпты. Соңғы сәттерде аппаратпен жүру тіпті мүмкін болмаған. Амалы таусылған соң, бауырларынан көмек сұрайды. Олардың ешқайсысы қарсылық танытпайды.

— Ағамның бүйрегі сәйкес келді. Бұған дейін де ол бір бүйрегін бергісі келді. Бірақ «жазылып кетермін» деген үмітпен бас тартып келдім. Соңғы жылы  қатты қиналдым. Бұлай жүру мүмкін болмады. Амалым жоқ, бауырымның бүйрегін алуға тура келді. Аллаға шүкір, қазір өмірге қайта келгендеймін. Болашақ туралы ойлап, өмірге деген құлшынысым артты. Донор болудың қаншалықты сауапты іс екенін көпшілік түсінсе екен. Ақтөбелік дәрігерлерге қатысты соңғы жағымсыз жаңалықты естіп, жүрегім ауырды. Себебі біз бәрін басымыздан өткіздік. Бізден бір тиын да ақша сұраған жоқ, — дейді ағынан жарылған Салтанат.

Ал Атыраудан келген Ринат Сәбиевтің гемодиализ аппаратына таңылғанына төрт жыл болыпты. Ақтөбеге жиі келіп емделеді. Екі рет ақтөбелік дәрігерлер донор табылғанын айтып, хабарласқан. Бірақ жолдың шалғайлығына байланысты дер кезінде келе алмапты. Ринаттың жасы отызға толмаған. Әйелі, екі қызы бар. Алға қойған жоспарлары да көп. Оның айтуынша, айналасында өзі тәрізді науқас жастар көп. Көпшілігі Ақтөбеге келгісі келеді. Осы жерде ем алып, донор табылса операция жасатуды қалайды.

Әкем бүйрегін бергісі келеді. Бірақ үйдегі жалғыз асыраушымыз — сол. Сондықтан әкемді қинағым келмейді. Донор табылар деген үмітім бар, — дейді Ринат.

Бірлестік мүшелері бастарынан кешкен қиындықтары мен донорларға алғысын айтты. Қоғам бұл мәселеге түсіністік танытса деген тілектерін жеткізді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button