Мәдениет

Шіліктіде жазушының мерейтойын атап өтті

Шалқар ауданының Шілікті ауылында белгілі сатирик Төрежан Мәндібайдың 80 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

Төрежан Мәндібайдың мерейтойы бұған дейін Ақтөбе қаласында, Шалқар, Мұғалжар аудандарында атап өтілгені мәлім. Ал Шілікті — жазушының туған ауылы. Шалқар аудандық Мәдениет үйінде өткен кеште ауылдастары қаламгерді кіндік қаны тамған топыраққа бір аунатып алуды ұйғарып отырғандарын жеткізген. Уәделерінде тұрып, берекелі бейсенбіде әдемі кеш өткізді.

Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шілікті — түтіні түзу ұшып отырған ауыл. Баяғы атақты Нағым Қобыландин басқарған тұстағы даңқын былай қойғанда, қазіргі жағдайы да көп ауылдан көш ілгері. Өздері мұны ауыл әкімі Құрышбек Қазыбековтің іскерлігімен байланыстырады. Облыстың әр ауылын аралап,  халықпен жүздесіп жүрген өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі Шіліктінің тіршілігіне риза болып аттаныпты.

Төрежан Мәндібайдың бірқатар кесек шығармаларын осы ауылда тұрып жазған. Кейіпкерлері де өз ауылдастары. Сондықтан Мәдениет үйііне ағылғандарда есеп болған жоқ.

Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жазушының шығармашылығы туралы баяндама жасады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Иса тағылымды әңгіме өрбітті.  Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Құрышбек Қазыбеков  мерейтой иесіне жылы лебізін арнап, ат мінгізіп, шапан жапты. Қаламгерлердің кейіпкерлері де шығып сөйлеп, әдемі естеліктер айтылды. Түрлі сұрақтар қойылып, ән шырқалған кеште  Мәндібай шығармашылығынан қойылымдар қойылды.

Туған ауылының төрінде отырып, жазушы да бір серпіліп, сергіп қайтты. Жалпы шығармашылық адамы үшін елінің елегенінен артық не бар?!

 

                                                                                                   Бек СҰЛТАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button