«Ақтөбе — құтты мекен»

Туған өлке тарихын тану: кеше және бүгін

Биыл облысымыздың құрылғанына 85 жыл толып отыр. Біздің облыстың аумағынан тас дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырға дейінгі аралықтағы мыңдаған археологиялық ескерткіштер табылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деп атап көрсетілгендей, біз өңірдегі археологиялық ескерткіштердің ашылуы, зерттелуі, қорғалуы жайынан сөз қозғағанды жөн көрдік.

Облыс аумағындағы көне археологиялық ескерткіштердің зерттелу тарихын сонау ХVІІІ ғасырдан, көрнекті орыс ғалымы П.Рычковтың еңбектерінен бастауға болады. Сондай-ақ, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы облысымыздың шекаралық аудандарындағы, яғни батыс бөлігіндегі бірнеше қорғандарда зерттеу жүргізген.

Алайда, көне ескерткіштердің көптеп ашылуы қазба байлықтарды игеру мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының белсенді жүргізілуімен, яғни өткен ғасырдың 30-жылдары, нақ облыс құрылған кезеңмен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде Темір және Мұғалжар аудандары аумағында Б.Борнеман, И.Ларин, И.Герасимов және В.Самодуровтардың жетекшілігімен жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, неолиттен бастап ерте темір ғасырына дейінгі аралықты қамтитын ескерткіштер ашылды. Бұл ескерткіштерден табылған қыш, тас құралдарының жинақтары, қоладан жасалған 38 жебе ұшы КСРО ҒА-ның Антропология мұражайына тапсырылған.

1930 жылы Б.Граков басқарған экспедиция Ор өзенін бойлай отырып, өзеннің Жайыққа құяр сағасына дейінгі аумақта барлау жұмыстарын жүргізді. Қорытындысында, В. Родионовтың есебі бойынша, әртүрлі дәуірлерге жататын 78 ескерткіш тіркелген. Сол жылы Шилі өзені бойындағы Құмсай ауылында (қазіргі Мұғалжар ауданының аумағы) көне қорған қазылды. Табылған ыдыстарға, қоладан жасалған жебе ұштарына қарап, қорған б.з.д. V ғасырға жатқызылды.

Археологиялық қазба жұмыстары Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі қиын шақтарда тоқтап, 50-жылдардың орта тұсынан ғана қайта жалғасты. 1955 жылдан бастап облыс аумағында КСРО ҒА-ның материалдық мәдениет тарихы институтының экспедициясы жұмыс істеді. Мақсат — тың игеру үшін берілетін жерлерді тексеру. В.Сорокин басқарған экспедиция бірінші жылы,  негізінен, облыстың солтүстік және орталық аудандарын қамтыған төрт барлау бағыты бойынша жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде әртүрлі дәуірді қамтыған 79 археологиялық ескерткіш тіркелген. Барлау барысында Ақжар, Қарғалы, Өлке-І, Өлке-ІІ, Бөгет-І, Бөгет-ІІ сынды ескерткіштерде аздаған қазба жұмыстары да жүргізіліпті.

1958 жылы Е. Кузмина бастаған шағын отряд Михайловка (қазіргі Қаракөл) қыстағының маңайындағы ескерткіштерді белгілеу жұмысын бастады. Әрмен қарай жұмыстар Ембі өзені бойымен Родники қыстағынан бастап, Құмжарған мен Көкжиде құмдарына қарай жылжи отырып, жүргізілген. Одан соң Шеңгелші қыстағынан солтүстік-шығысқа қарай Жұрынға дейін барып, Ембі өзенінің оң жағалауымен Ащысай (Жарқамыс қыстағының оңтүстік-батысы) жырасына дейін жетті. Нәтижесінде, әр түрлі кезеңдерге жататын 19 ескерткіш тіркелген. Олардың арасында қорған-қорымдар мен жеке қорғандардан басқа, екі тас және бір саз кесектен соғылған мазарлар болды.

Әрине, әрідегі зерттеулер секілді, соғыстан кейінгі жылдардағы археологиялық зерттеулер де жүйесіз, кездейсоқ жүргізілген еді. Араға бірнеше жыл үзіліс те түсіп, 70-жылдары зерттеу жұмыстары қайта жалғасты. Осы тұста өңірде Қазақ КСР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институты қазба жұмыстарын бастады. Мұны Ақтөбе археологиясының даму тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі десек те болады.

Бұл жұмыстар апатты жағдайдағы ескерткіштермен байланысты еді. 1973-1974 және 1976 жылдары өңірде, облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, жоғарыда аталған институтқа қарасты Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясының Қаратау отряды жұмыс істеді. Жұмыс, негізінен, Елек (Сынтас, Бесоба, Жалғызоба, Күміссай, т.б.) өзені алабында жүргізілді. Сәл кейінірек, 1981-1982 жылдары, М.Қыдырбаев бастаған Орталық Қазақстан экспедициясы көне ескерткіштерді қорғау мақсатындағы қазба жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, бұл кезең жергілікті археологиялық мектептің аяққа тұру шағы болды. В. Родионов 1975 жылы облыстық музей жанынан археологиялық жасақ ұйымдастырып, тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша, ескерткіштерді тексеруге жүйелі түрде шығып тұрды. Зерттеу жұмыстары барысында ол апатты жағдайдағы нысандарды басты назарда ұстады. В. Родионов өлкетану музейінде жұмыс істеген жылдары әр кезеңдегі археологиялық жинақтарды өңдеп, тәртіпке келтірді. Жаман Қарғалы-І қорғанды қорымы мен Жаман Қарғалы тұрағындағы зерттеу жұмыстары 1975 жылы басталып, одан кейін де жалғасты. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы маңындағы Иманғазы-Қарасу шатқалындағы қорғанды қорым да зерттелді. Бұл ескерткіштер жер жырту жұмыстары кезінде едәуір бұзылған. В. Родионов сақталып қалған үш қорғанды аршып, бұлардан ерте көшпенділердің жерлеу салттары белгілерін тапты. 1977 жылы Бесоба қорымының бүлінген екі қорғаны аршылды, Иманғазы-Қарасу қорымының үш қорғанында зерттеу жұмыстары жалғасты.

1984 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық жасағын С. Гуцалов басқарды. Ол музейде жұмыс істеген жылдары В. Родионовпен бірлесе Болгарка-І және Болгарка -ІІ, Қызылжар, Жаман Қарғалы-ІІ, Шығыс Қурайлы-ІІ, Шығыс Қурайлы-ІІІ ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізді. Ақтөбе өлкесі тарихын зерттеуде С. Гуцаловтың В. Родионов бастаған істі жалғастырып, жас археологтар тәрбиелеуге үлкен үлес қосқанын айту қажет. Екі зерттеуші де экспедиция құрамына Ақтөбедегі училищелерде оқып жүрген жастарды, сондай-ақ, әсіресе, мектеп оқушыларын көптеп тартты. В. Родионов музей қабырғасындағы «Жас археолог» үйірмесін жүргізді. Кейін оған С. Гуцалов жетекшілік етті.

1985 жылы Ақтөбе педагогикалық институты қабырғасында тарих факультеті ашылды. Бұл жергілікті археологияның дамуына зор серпін берді. Далалық археологиялық тәжірибе Р.Бекназаров, С.Виноградов, В.Ткачев, А.Бисембаев сынды археологтар мен этнографтарды шыңдап шығарды.

Педагогикалық институттың археологиялық экспедициясы өз жұмысын 1986 жылдан бастады. Экспедицияны С. Гуцалов басқарды. Бастапқыда Атпа, Целинный-I, Шығыс Қурайлы-I, Танаберген-II, Орқаш-I қорымдары зерттелді. Кейіннен экспедиция жыл сайын жалғасып, жүздеген ескерткіштерді ашты.

1991 жылдан 1996 жылға дейінгі аралықта Танаберген-ІІ, Орқаш-І, Сарытау-І, Шаншар, Қарғалы-ІІ, Ақжар-ІІ, Ақжар-ІІІ, Садовый-V, Кенжебике-ІІ және басқа қорғандар зерттелді. Ал 1997-2000 жылдары археологиялық жұмыстар Жайық өзені алабында, яғни, солтүстік аудандарда жүргізілді. Бұл жылдар ішінде Салтақ, Кеңсайран сияқты, қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы қорғандардан тұратын ескерткіштер зерттелді. 2001 жылы Мұғалжар ауданы аумағында Басшилі қорымында қазу жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, бұл тұста, қаржы тапшылығына байланысты, зерттеу жұмыстары баяу жүрді, кей жылдары тоқтап та қалды.

2004 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Ж.Смайлов басқарған археологиялық жасағы Ембі өзені алабындағы екі қорымды зерттеді. Жарқамыс қыстағынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан Қаратөбе-І, Қаратөбе-ІІ қорымдарында жеті қорған қазылды. Бұл жерден сармат дәуіріне жататын және орта ғасырлық жерлеу орындары анықталды.

Зерттеудің келесі нысандары — Ембінің жоғары ағысында, Көкжиде құмынан солтүстікке қарай орналасқан Мортық-І, Мортық–ІV қорғанды қорымдары болды. Екі қорымда да түрлі дәуірдің жерлеу ескерткіштері анықталғанмен, негізінен, Прохоров мәдениетіне тән белгілер басым болды. Жерленген мәйіттер, әдетте, арқасынан жатқызылып, басы оңтүстікке беріледі. Мәйітпен бірге жеке заттары да көмілген. Қорғандардан қару-жарақ, тұрмыс бұйымдары, құрбандық шалу кезінде пайдаланылатын заттар, сүйектен жасалған қасықтар, т.б. табылды.

2006 жылы облыстық тарих, этнография және археология орталығының ашылуы айтулы оқиға болды, бұл — біздің өлкені археологиялық жағынан зерттеп-білу ісіндегі жаңа кезеңнің бастауы еді. Орталық өз жұмысын, Жайық өзенінен оңтүстікке қарай орналасқан тауаралық алқаптағы Гүрілдек қорымын зерттеуден бастады. Қорым Қарғалы ауданы, Велихов ауылдық округі аумағында орналасқан.

Облыстық орталық Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен, Германия археологиялық институтымен (Берлин қаласы), РФ ҒА-ның Орал бөлімшесі Челябинск ғылыми орталығымен, Орск гуманитарлық-техникалық институтымен, Орынбор мемлекеттік универститетімен, Башқұртстан Тарих, тіл және әдебиет институтымен бірлескен зерттеулер жүргізді, ондаған археологиялық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырды. Нәтижесінде, Бесоба, Төртоба, Құмсай, Ешкіқырған, Сәпибұлақ, Сегізсай және басқа нысандар зерттелді. Бұл нысандар далалық «пирамидалар» деп те аталады. Яғни, бұлар — Қобда, Елек, Ойыл өзендерін бойлай көшкен көшпенді қоғам ақсүйектерінің қабірі.  Сондай-ақ, орталық тас дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырға дейінгі жүздеген археологиялық ескерткіштер орындарын анықтап, тіркеуге алды.

Сармат әйелдері қолданған салт-жоралғы және әшекей бұйымдары

Облыстық тарих, этнография және археология орталығы жабылғаннан кейін, 2013 жылдан бастап зерттеу жұмыстары облыстық тарихи-өлкетану музейі арқылы жүргізіліп келеді. Музей жанынан құрылған экспедиция, А. Бисембаевтың басшылығымен соңғы жылдары Ешкіқырған-І, Көкжиде-IV, т.б. қорымдарды зерттеді. Сондай-ақ, Ә. Марғұлан атындағы археология институты Астана қаласы филиалының қызметкерлері Қобда ауданы аумағында көшпенді ақсүйектердің жерлеу кешендерінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оларға А. Оңғар жетекшілік етті. Дегенмен, соңғы жылдардағы зерттеулердің нәтижелері — өз алдына бөлек әңгіме…

Ф.ДОСМҰРАТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраларды

қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның

бас инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button