Ақтөбе — әдемі гүлдер қаласы
Гүлдер әлемі
Абай гүлзарында «Гүлдер әлемі» атты дәстүрлі фестиваль-байқау өтті
Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған әдемі шараның басты мақсаты — қатысушылардың флористика саласында шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыру үшін жағдай жасау және адамдардың эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру, қала тұрғындарының шығармашылық әлеуетін анықтау және дамыту.
«Гүлдер әлемі» дәстүрлі фестиваліне Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оқу орындары мен қала мектептері, балабақшалар мен мектептен тыс ұйымдардың ұжымдары, сондай-ақ гүл өсіруші бағбандар мен осы істің жанкүйер тұрғындары қатысты. Былтырғыдай емес, биыл қатысушылар саны да көбейген.
Бұл күні Абай даңғылындағы гүлзар сан алуан гүлге оранды. Хош иісті, әсем гүлдер де, тұрмыстық қалдықтардан жасалған жасанды гүлдер де көздің жауын алды, әдемілігі, ерекшелігі жөнінен бірінен бірі асып түсіп жатты.
Гүлзардағы әсем әлем
Сұлулыққа сүйсінуге үйрететін, шығармашылық қабілетті дамыту мен эстетикалық тәрбиені қалыптастыруға көмектесетін фестивальдің ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысып, мұндай тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі өткізу керектігін айтты.
—Бүгін қаламызда «Гүлдер әлемі» атты әдемі шара өтіп жатыр. Дәстүрге айналған фестивальге былтыр гүл өсірумен, жасыл желекті күтіп ұстаумен айналысатын 150 кәсіпкер қатысқан болатын. Ал биыл 250 ұжым 12 номинация бойынша қатысып жатыр. Осы фестиваль арқылы біз балаларды табиғатты сүюге, қоршаған ортаға қамқор болуға тәрбиелейміз. Сондықтан бұл шараның тәрбиелік маңызы зор.
Қаламызды бүгін нағыз гүлдер әлеміне айналдырған барша қатысушыларға алғысымды білдіремін. Шығармашылық табыс тілеймін. Бұл фестиваль байқау түрінде өтіп жатқандықтан, барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Өмірлеріңіз гүлге толсын! — деді қала әкімі Азамат Бекет. Сондай-ақ қала басшысы алдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаланы жасыл желекке айналдыруға, яғни гүлдерді егуге, талдарды суаруға қатысты арнайы жоба әзірленіп жатқанын, жобаның 5 жылға арналғанын, бес жылдан соң жоба жұмысын қабылдап алатындарын айтты.
Одан соң қала басшысы өңірдің гүл өсіруші бағбандары мен қолына түскен тұрмыстық заттардан түрлі туынды жасаған шығармашыл мұғалімдердің жұмыстарын көріп, көрмеге қойылған бұйымдармен танысты.
Әр қатысушы көптің арасында ерекшеленуге тырысып, гүлмен безендірілген инсталляциялар дайындап, тіпті бірі көлікті алмаға толтырса, тағы бір ұжымның қызметкерлері гүл бейнесінде киініпті.
Мұнда табиғи жасыл әлем тізбегі, емдік қасиетке ие шөптер, гүлдермен көмкерілген күйме, түрлі өсімдіктермен безендірілген пианино, табиғаттың түрлі сыйынан әзірленген ертегі кейіпкерлері, жеміс-жидектер мен көкөністен жасалған күз кереметтері — бәрі Абай гүлзарын бір мезетке гүлдер патшалығына айналдырғандай.
Қала тұрғындары гүлдер әлемін тамашалап, бау-бақша өнімдерін суретке түсіріп, флористерден құнды ақпараттар жазып алып жатты.
Химиясыз таза өнім
Өңірімізге агроном, ветеринар, механик секілді ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық колледжі фестиваль-байқауға оқу орны ауласында өсірілген өнімдерін әкеліпті.
— Бүгінгі шараға колледж ауласындағы өнімдерді әкелдік. Бұл — агрономдар мен студенттердің бірлесе өсірген өнімдері. Біздің колледжде оқушылар теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білім алады. Колледждің 21 гектар ауласы бар. Соның 1 гектарына — қауын-қарбыз, 6 гектарына — астық, бақша дақылдары, 1 гектарына таңқурай өсіріледі. Алма бағымыз бар. Ең бастысы, барлығын химиясыз өсіреміз. Мәселен, осы жерге әкелген қауын-қарбыздың бірнеше сұрпын биыл биогумус тыңайтқышында өсірдік. Әуелі калифорниялық қызыл құртты малдың көңіне жіберіп, биогумус өндірдік, — дейді агрономия пәнінің оқытушысы Гүлнар Есжанова. Аталған колледждеагроном мамандығы бойынша 4 топ бар, оның әрқайсысында 20-25 студент білім алып жүр.
Қалдық та кәдеге жарайды
«Гүлдер әлемін» аралап жүргенімізде қатысушылардың кофе дәндерінен көнбағыс, пластиктен тарам-тарам бұтақ жасап, оны сырлап, жасанды жеміс ағашын жасап қойғанын көрдік. Шырша жаңғақтарын бояп, одан да керемет дүниелер жасап қойыпты. Бұл — қалалық жас туристер стансасы ұжымының жұмыстары.
Қалалық жас туристер стансасының директоры Алена Тілепбергенованың айтуынша, станса спорттық туризм, экология және өлкетану бағытында қызмет атқарады. Сондай-ақ қолөнер және туризм үйірмесі бар. Аталған үйірменің жетекшісі Шолпан Аймағамбетова оқушыларына қалдықты да кәдеге жаратуға болатынын түсіндіреді екен.
— Күзгі бақтардан жапырақтар жинап, гербарий әзірлейміз. Жеміс-жидектерден де түрлі дүние жасап шығарамыз. Мектеп оқушылары жорықтарға, экскурсияға шыққан кезде шырша жаңғақтарын немесе сирек кездесетін ағаш жапырақтарын жинап әкеледі. Үйірме мүшелері пластмасса құтылар, әртүрлі тұрмыстық қалдықтардан түрлі бұйымдар жасауды үйренеді. Бұл балалардың шығармашылығын дамытады, яғни үйірме мүшелері жоқтан бар жасауды, барды үнемдеуді үйренеді. Екінші жыл қатарынан осы фестивальге «Өнердегі гүлдер» номинациясы бойынша сынға түсіп жатырмыз. Былтыр белсене қатысқанымыз үшін марапатталдық. Биыл жақсылап дайындалып келдік, — дейді Шолпан Аймағамбетова.
Автожол колледжінің боз кілемі
Ал Ақтөбе автожол колледжінің фестиваль-байқауға дайындап әкелген туындысы тіпті ерекше.
Бағдаршамның үш түрлі түсін — раушан, қалампыр және пион гүлдерімен безендіріпті. Ал жаяу жүргінші жолағының қапталына бозкілем өсімдігінің «кармен» деп аталатын сұрпын орналастырған. Оның да өзіндік құпиясы бар екен.
— Бозкілем — көпжылдық өсімдік. Биіктігі — 20-40 сантиметр. Сары, ақ не қызыл түсті гүлдері сыпыртқы тәрізді гүлшоғырына топталған. Жаз айларында және қыркүйекте гүлдейді. Бозкілем әсемдік үшін өсіріледі, пайдасы да шаш етектен. Аты айтып тұрғандай, кейбір түрлері бау-бақшаларды көгалдандыру үшін де қолданылады.Қалада бұл өсімдікті жол жиектеріне, жаяу жүргіншілер жолағының тұсына екі жағынан егіп қойса, өте пайдалы. Мысалы, көліктен шыққан газ өте зиян. Ал мына «кармен бозкілемі» 20 градус аязға шыдамды әрі көліктен шыққан зиянды газдың бәрін өзіне жұтып алады. Осылайша ауаны тазартады. Бұл туралы жобаны студенттеріміз бен оқытушыларымыз бірлеседайындап, жолға жауапты мекемелерге ұсынып жатыр, — дейді Ақтөбе автожол колледжі директорының орынбасары Рахметолла Әбуов. Сондай-ақ ол гүл өсірушілер мен шығармашыл мамандардың басын біріктіретін осындай әдемі шараның сүйікті қаламыз — Ақтөбені көріктендіруге, гүлзарларды түрлендіруге ықпал ететінін айтты.
Шынаргүл — гүл бағбаны
Биылғы шараға жеке гүл өсірушілердің де біразы қатысыпты. Солардың бірі —
Ақтөбе қаласының тұрғыны Шынаргүл Сатанғалиева.Сұлулықты сүйетін, әдемілікке жаны құмар ол бала кезінен гүл өсіруді әдетке айналдырған. Бүгінде гүл өсіріп, оны күтіп-баптау — оның тек хоббиі ғана емес, табыс көзі.
— Үйдің іші-сырты түгел гүлге толы. Бүгін көрмеге ауламда өсірген көпжылдық өсімдіктерді, сирек кездесетін бөлме гүлдерін әкелдім. Өзіме бөлме гүлдері арасында «хоста» деп аталатын ірі жапырақты өсімдік ұнайды. Ал аула гүлдері ішінде ұнайтыны — бозкілем. Ол — суыққа төзімді. Сондай-ақ шығыс гүлі саналатын «гортензия»өсімдігін ерекше жақсы көремін. Менде «ақшатыр» деген сұрпы бар. Түріне байланысты қойылған болуы керек, аппақ гүлі ірі, топтасып тұрғанда ақ шатырға ұқсайды. Себебі бұл тал секілді биіктеу боп өседі. Әдемі болғандықтан тұрғындар гүлдің көбіне осы түрін сатып алып жатады. Менің гүлдерімді көрген адамдардың дені: «Осылай әдемі гүлдеу үшін не істеу керек?» деп сұрап жатады. Менде бұған бір ғана жауап бар: «Өз ісіңізге деген сүйіспеншілік керек». Өсімдіктер — тірі органзим. Гүл өсіргіңіз келсе, ең әуелі оларды жақсы көруіңіз қажет, күтім жасау барысындаөсімдік сіздің қамқорлығыңызды, сүйіспеншілігіңізді сезінуге тиіс. Мысалы, мен әр күнімді гүлдеріммен амандасудан бастаймын, — дейді өз ісіне берілген Шынаргүл Сатанғалиева.
Шарада тек гүлдер ғана емес, көпшілік назарына ауладағы бау-бауқшасында өсірген емдік қасиеті бар шөптерін, асқабағы мен кәдісін, таңқурайын да әкеліп ұсынғандар бар.
Қала тұрғындары көрме-жәрмеңкеден көңілі қалаған гүлдерді, емдік шөптер мен балдың түрлі сұрпын, көпжылдық көшеттер, басқа да бақша өнімдерін сатып алып жатты.
Үздіктер мен жеңімпаздар
Колледж, мектеп, балабақшалармен қатар, қаламыздағы бау-бақша және гүл баптайтын бағбандарды да ұмыт қалдырмаған фестиваль-байқау түстен кейін өз мәресіне жетті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, төрешілерге қатысушылардың жұмысын 12 номинация бойынша бағалау, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау қиынға соққан. Біз тек әр номинацияның жеңімпаздарына тоқталуды жөн көрдік.
Өсімдік шаруашылығымен айналысып, көшет көбейтіп, айналасының жасыл желекке айналуына ықпал етіп отырған «Эльмира» тәлімбағы «Ақтөбеде жасалған» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды.
Ал «Керемет көшет» номианциясы бойынша Ш.Берсиев атындағы ауылшаруашылық колледжі жеңімпаз деп танылды.
Қаламыздың тұрғыны Светлана Симоненко күтімі қиын бөлме гүлдерін өсірумен ерекшеленіп, «Үздік бөлме гүлі» сайысында топ жарды.
«Үздік емдік және хош иісті шай» номинациясында емдік қасиетке ие шипалы шайлардың көп түрін ұсынған «Аяла» балабақшасы жеңіске жетті.
«Өнердегі гүлдер» номинациясында қалалық жас туристер стансасының ұжымы І орынға ие болды.
Қалалық жас натуралистер стансасының ұжымы гүлзар безендірудің ерекше үлгісін көрсетіп, «Үздік гүлзар модулі» номинациясын жеңіп алды.
«Мектепке дейінгі ұйымдардың үздік ұжымдық жұмысын» ұсынғандар арасында «Алақай» мектепке дейінгі ұйымы үздік көрінді.
«Қала мектептерінің үздік ұжымдық жұмысы» номинациясында — №70 орта мектебі, «Қаладағы ең үздік колледж жұмысын» ұсынғандар арасында Ақтөбе сервис колледжі жеңімпаз атанды.
«Үздік гүл композициясын» ұйымдастырғандар арасында Балалар шығармашылық үйінің жұмысы ерекшеленіп, І орынға лайық деп танылды.
«Үздік гүл инсталляциясы» номинациясында Ақтөбе автожол колледжінің жұмысы үздік шықты.
Ал қаламыздағы гүлдер салоны мен жеке гүл безендірушілер арасында ұйымдастырылған «Үздік букет» номинациясында Дана Шағыроваға тең келер ешкім болмады. Одан кейінгі жүлделі орындарды «Nazy flowers» пен «Eleganceflowers» өзара бөлісті.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.