Басты жаңалықтарСу тасқыны

Сапалы үйлер мен жаңа көпір салынады

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Темір, Мұғалжар аудандарында болды

Облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Темір, Мұғалжар аудандарына барды. Аталған аудандарда тасқынның салдарынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа үйлер бой көтермек.

51 отбасы баспанамен қамтылады

Көктемгі су тасқынында Темір ауданының Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдары зардап шегіп, 91 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандарының ауласына су кірді. Бүгінгі күні материалдық шығынды анықтайтын комиссия шешімімен, төрт ауылда 29 отбасына дайын баспана сатып алынса, жаңадан 21 үй бой көтереді, 40 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ауданға жасаған сапар барысында өңір басшысы Асхат Шахаров Темір ауданы Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылына барды. Мұнда су басқан үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралады. Облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде су тасқынының салдарын жоюға бағытталған мемлекеттік шараларды жан-жақты түсіндірді.

Суға кеткен үйлерді қарап шықтым. Бұрынғы орнына қайта салу мүмкін емес. Сондықтан анықталған жер учаскелеріне табиғи апаттан зардап шеккендер үшін тұрғын үйлер салынады. Ауылда қалмаймын дейтін жандар болса, дайын пәтерлерді сатып алып береміз. Ал әрбір адамның еңбегімен тапқан дүние-мүлкіне Үкімет бөлек төлем әзірледі.  Оны комиссия анықтайды, қазір мамандар облыс бойынша әлі де жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ешкім де көмексіз қалмайды, барлық қолдау көрсетіледі. Бастысы — ауызбіршілік керек, сонда ғана еңбек өнімді болады,— деген өңір басшысы кездесудегі әр тұрғынның сауалына жауап берді.

Құмсайдың бөгеті

Құмсайлықтар бөгеттің жайын сұрады. Биыл ауылда 2,7 шақырымдық қорғаныс бөгетін салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінбек. Жобалық-сметалық құжат әзірленді, қазіргі күні мемлекеттік сараптамаға жолданды. Бөгет салуды жан-жақты қарайтын комиссия құрамына ауылдың 3 тұрғыны қосылады. Айтып өту керек, қорғаныс бөгеті Шитүбек елді мекенінде де салынады.

Облыс басшысы кездесуден соң жергілікті азаматтармен жаңа үйлер тұрғызылатын учаскелерді қарап шықты. Құмсайда 21 баспана ауылдың шетінде, биік жердегі аумақтарда бой көтермек. Ал 13 отбасы аудан орталығындағы дайын, екінші нарықтағы баспананы сатып алады. Су тасқынынан зардап шеккен 4 үй жөнделеді.

Негізі, су тасқынынан зардап шеккен 39 отбасыға 14 млн теңгеден астам бірреттік әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақҚұмсайнегізгімектебінің 9 оқушысы «Балдәурен-Түркістан» оқусауықтыруорталығына Шымкент қаласынажіберілді.

Темірауданыбойыншатөтеншежағдайларнәтижесіндекелтірілгензияндыбағалаужөніндегікомисияға 91 өтініштүскен. Оның ішінде 15 өтініш иесіне 84 млн 217 теңге қаржы төленді. Сол сияқты өлген малдың иелеріне 27 басқа 8,5 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Ал 369 мың теңгелік біржолғы төлем аудандағы 82 отбасыға аударылды.

Сапалы үйлер салынады

Жұмыс сапары Мұғалжар ауданында жалғасты. Мұнда облыс әкімі Жағабұлақ және Бірлік ауылдарына, Ембі қаласына барып, табиғи апаттан жапа шеккен тұрғындармен кездесті. Өңір басшысы әр ауылда жиналған жергілікті халыққа Президент тапсырмасына сәйкес беріліп жатқан көмек түрлерін, су тасқынына қарсы жасалып жатқан жобалар мен шараларды айтып берді.

«Апат айтып келмейді» деген қазақта сөз бар. Қиын күндер басымыздан өтті. Сын сағатта сабырлылық сақтап, бірліктеріңізді көрсеттіңіздер. Осы көктемгі су тасқыны кезеңінің өтуі мен оның салдарын жою — Мемлекет басшысының қатаң қадағалауында. Өңір бойынша алты аудан мен Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда қиын жағдайға түскен барлық ақтөбелікке әлеуметтік төлем беріліп жатыр. Су шайған үйлер, тұрмыстық техникалардың зақымдалуына тиісті бағасын беретін, өлген малдың шығынын есептейтін комиссия жұмысы жалғасуда. Мемлекет бірде-бір адамын көмексіз қалдырмайды. Баспаналарды салатын компанияларды анықтадық. Жақын күндері құрылысты бастайды. Жоспар бойынша 1 тамызға дейін немесе одан ерте тұрғын үйлерді пайдалануға береміз. Біз үшін сапа маңызды,— деп атап өтті облыс басшысы.

72 отбасыға біржолғы төлемақы төленді

Асхат Шахаров Жағабұлақ пен Бірлікауылдарында тасқыннан зақым келген үйлерді аралады.

Қызылорда қаласынан екі ай бұрын көшіп келдім. Үйімді су басып, дүние-мүлкім жарамсыз болып қалды. Комиссия келді, бағалаушылар тексеріп шықты, әрі қарай бұл үйде тұруға болмайтынын айтып, үйлі болудың бірнеше жолын айтты. Қандыағашқа көшеміз деп отбасымызбен шешім қабылдап, комиссияға өтініш бердік. Күтіп отырмыз,— деді өңір басшысына Бірлік ауылының тұрғыны Ақшагүл Әбдіраманова.

Жалпы, Мұғалжар ауданында су тасқыны 72 тұрғын үйге, 8 шаруа қожалығына, 3 коммерциялық нысанға зақым келтірді. Қазіргі таңда отбасыларды баспанамен қамту мақсатында Жағабұлақ ауылында жаңадан— 14, Бірлікте 5 үй салынатын болады. Ал қалған тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа ауылдан және аудан орталығынан өздері тұратын үйлерін қарастыруда. Су тасқынынан зардап шеккен 72 үйдің иесіне біржолғы төлемақы төленді.

Сондай-ақ бүгінде аудан бойынша бес жеке адамның 7 ірі қара және бір шаруа қожалықтың10 малына барлығы 6 млн 300 мың теңге төленген.

Бірлікке мектеп-балабақша қажет

Тұрғындар кездесу барысында өңір басшысына сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Оларды салынатын үйлердің жобалары, тұрмыстық техникалармен қамту, жарамсыз қалған баспаналардың орнын тазарту, бөгеттер салу, су бұзған көпір мен жолды жөндеу сияқты мәселелер мазалайды. Сонымен қоса Бірлік ауылының тұрғындары жаңа мектеп пен балабақша сұраса, Ембідегі жұрт арықтар мен қатты-тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон мәселесін жуық арада шешіп беруді өтінді.

Облыс әкімі құрылыс басқармасы басшысына Бірлік ауылында жаңа мектеп-балабақша салуға қатысты жоба әзірлеу қажеттігін алға тартты. Бұл ауылдағы көпірдің мәселесі шешімін тапқан. Қазіргі таңда құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленуде.

Жаңа көпірдің жайы

Ембідегі полигонның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамада, ал қала ішіндегі арықтар кеңейтіледі.

Су тасқыны кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған қаладағы Жем арқылы өтетін көпірде қазіргі уақытта көлік қатынасы тоқтаған. «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Айбол Данағұлдың сөзінше, 47 жыл бұрын пайдалануға берілген көпір қайта қалпына келтірілмейді. «Қазжол ҒЗИ» мекемесі мамандарының бұған қатысты шешімі де бар екен. Көпірдің жанынан жаңасы салынады. Асхат Шахаров жауапты басшыларға жолаушылар үшін айналма жол салу жұмыстарын тез арада бастауды тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button