Ауыл

«Бизнес-Кеңесші»: жаңа жоба және мол мүмкіндік

 Темір ауданының 30 тұрғыны «Бизнес-Кеңесші» оқу курсынан өтті.

Курс интерактивті түрде өткізілді. Тренингте тұрғындар кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы мағлұмат алып, кәсіпкерлікті дамыту, бастапқы капиталды табу, табыс көзін арттыру сияқты негізгі ережелермен танысты.

Темір ауданының тұрғыны 55 жастағы Ақсәуле Әкімова осымен үшінші рет бизнес курсына қатысып отыр. Семинар соңында кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында өткізілген қысқа мерзімді курстан өткендігі туралы сертификатқа ие болды.

Ақсәуле Әкімова «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының арқасында жеке кәсібін бастап, аудан орталығынан 2014 жылы «Әсемхан» атты қыз жасауын тігетін тігін шеберханасын ашқан. Шебер мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, «Даму» қоры арқылы 1 млн теңге несие алып, жаңа тігін машиналарын да сатып алыпты.

Аудандағы кәсіпкерлер палатасының филиалына барып, кеңес алдым. Қазір жеке кәсібімді дамыту үшін тігін шеберханасына жеке ғимарат салғым келеді. Сондай-ақ шеберханаға тігіншілерді жұмысқа қабылдамақпын. Қазір ғимаратты жалға алып отырмын. Қызым екеуміз қыз жасауын тігеміз. Үйлену тойына, жасауға қажетті заттардың барлығын дайындаймыз. Тіпті облыс орталығынан да тапсырыстар түседі, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқу курсынан өткен темірліктер сертификат алған соң жеңілдікпен несие алуына болады.

— Аудан тұрғындарының бизнес курсынан өтуге деген белсенділігі жоғары. Алдағы уақытта облыста белсенді, өз кәсібін алып кететін кәсіпкерлер саны көбейеді деп сенеміз, — дейді бизнес-тренері Сәлима Мұқанова.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button