Білім

ҰБТ-ға әзірлік талқыланды

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, тестілеу сынағы қорытынды сараптамасы және облыста мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту. Кеше облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалық етуімен өткен кеңейтілген кеңесте осы мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланды.

Жиынға қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім басқармасының және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысты.

Биыл облыс бойынша 6495 оқушы мектеп бітіреді. Соның 5568-і қаңтар айында өткен тестілеу сынағына қатысқан.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов 2008-2009 оқу жылында түлектердің  ҰБТ-дан жақсы жетістікке қол жеткізгендіктерін айтты. Нақтырақ айтқанда, былтыр 69 үміткердің 26-сы «Үздік аттестат» иесі атанған болатын. «Алтын белгіге» үміткер 149 оқушының  72-сі білімдерін дәлелдеді. Былтырғы түлектердің  10 пайызға  жуығы шектеулі балл (45 ұпай) жинай алмаған. ҰБТ нәтижесі бойынша облыстың орташа балы — 77,6 пайыз. Облыстық білім басқармасының бастығы ҰБТ-дан биыл да көрсеткіштің жақсы болуы үшін еңбектеніп жатқандықтарын жеткізді.

Облыс мектептері ҰБТ-ға дайындықты жаңа оқу жылы басталған сәтте-ақ бастап кетті. Қазан айынан бері барлық мектептерде тестілеу сынағы жүргізіліп жатыр. Балалар ҰБТ-да жақсы баға алуы үшін білім басқармасының қызметкерлері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандары,  мектеп мұғалімдері бірлесіп жұмыс істеуде.

Мектептердің көпшілігі соңғы технологиямен жабдықталған. Соның нәтижесінде ақпанның 4-і күні білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары қаңтар айындағы тестілеу сынағының нәтижесіне байланысты онлайн режимінде семинар-кеңес өткізді.

Облыстық мұғалімдердің біліктілігін көтеру жөніндегі институтпен де бірлесіп жұмыс жасалып жатыр. Тестілеу сынағында желтоқсан айында төмен нәтиже көрсеткен Ойыл мен Ырғыз аудандарына аталған мекеменің мамандарымен бірге «Ақтөбе-Дарын» орталығының методистері біршама жұмыс жасап келді, — деді Аманғали Құдайбергенов.

Аманғали Алхатұлының айтуынша, қазан айында мектеп бітірушілердің  89 пайызы тестілеу сынағына қатысқан. Ал қараша айындағы бұл көрсеткіш — 86,8. Қаңтарда түлектердің 85,7 пайызы тест сұрақтарына жауап берген. Ай өткен сайын оқушылардың тестілеуге аз қатысуының басты себебін білім басқармасының бастығы күннің күрт суытуы салдарынан балалардың  біразы ауырып қалғандығымен түсіндірді.

Тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл —  68,4. Аманғали Алхатұлы бұл көрсеткіш өткен оқу жылының қаңтар айымен салыстырғанда біршама артық екендігін айтты (былтырғы көрсеткіш — 65,5 балл).

Дегенмен орташа көрсеткіш әлі төмен. Әсіресе, Ойыл (58,4 балл), Мұғалжар (61,3 балл) аудандарының оқушылары аз ұпай жинаған. Ал Есет батыр атындағы облыстық мектеп-интернатта ілгері жылу мүлде жоқ (54,3), — деді білім басқармасының бастығы. Оның айтуынша, оқушылар үшін қиын сабақ — математика (орташа балл — 10,1) мен физика (10,5 балл).

Аманғали Құдайбергеновтен соң аудандық білім бөлімдерінің басшылары аудан мектептеріндегі сынақ қорытындысы туралы айтты. Тестілеу сынағында оқушылары ең төменгі нәтиже көрсеткен Мұғалжар мен Ойыл ауданының білім бөлімдерінің бастықтары алда жақсы көрсеткішке жететіндіктеріне сендірді. Әйтеке би аудандық білім бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергенов келесі айда көрсеткішті бірден 10 пайызға арттыратындығына уәде берді.

Ақпан айының қорытындысында орташа балл — 74,9 пайыз болатыны анық. Осы көрсеткішке жету үшін қарқынды жұмыс жасалып жатыр.

Біздің ауданда балаларды даярлайтын орталықтар жоқ. Жақында оқушыларға ақылы түрде дәріс беру үшін білікті мамандарды жұмылдырамыз, — деді Баязит Құдайбергенов.

Есет батыр атындағы облыстық әскери-полициялық мектеп-интернаттың директоры Қадыр Ахметкереев аталған білім шаңырағында тестілеу сынағы қорытындысының төмендігін түлектер білімін жалғастыру үшін ҰБТ сертификаты қажетсіз екендігімен түсіндірді.

Байғанин ауданының оқушылары қаңтарда тестілеу сынағынан 67,2 балл жинаған.

Көрсеткішті бұдан да арттырамыз. Математика пәнінен орташа балл төмендеу. Осыған байланысты келесі аптада математика пәнінің мұғалімдеріне арналған аудандық семинар өткізу жоспарланып отыр. Онда мамандарға практикалық көмек көрсетіледі. Әсіресе, тест кітапшасындағы қиын есептерді шығартамыз.

Менің ойымша, ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жеткізу алдымен мұғалімдердің біліктілігіне байланысты. Мұғалім өз біліміне сенген жағдайда шәкірті де сынақты жақсы тапсырады. Сондықтан мамандардың өздерін оқытуды қолға алып отырмыз. Физика пәнінің мұғалімдеріне арналған аудандық семинар өткізу жоспарда бар, — деді Байғанин аудандық білім бөлімінің бастығы Ерболат Құлжанов.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ҰБТ-дан орташа балды былтырғы көрсеткіштен 5 пайызға арттыру керектігін тапсырды. Және тестілеудің биылғы қорытындысы бойынша біздің облыс республика бойынша 7-орыннан 5-орынға жылжуы керектігін айтты.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе —  облыста мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың балабақшамен қамтылуын назардан тыс қалдырған емес. Бұл мәселе қарашаның 13-і күні өткен Елбасының теледидар арқылы елмен жүздесуі кезінде де айтылды. Биылғы Жолдауда да балабақша мәселесі сөз болды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейтуде құрылыс, ғимараттарды қайтару, қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жандандырылды. Мысалы, өткен жылдың өзінде 53 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Оның 26-сы балабақша, қалғаны — шағын орталық. Ал 2010 жылы 86 мекепке дейінгі мекеме салынады деп жоспарланып отыр.

Жиында аудандық білім бөлімдерінің басшылары жоспарланған жұмыстардың барысы жөнінде баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова шілде айының 1-не дейін әр ауданда 1 балабақша мен 1 шағын орталық ашылуы керектігін қадап айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button