«Ақтөбе — құтты мекен»

Ниетжан БЕРІКОВ: мұғалім мәртебесін төмендетпейік

Ақтөбе облысының 85 жылдығы қарсаңында білім беру саласында түрлі басшылық қызметтерді атқарған абыз ақсақал, ұлағатты ұстаз, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Ниетжан Беріковпен сұхбаттасқан едік.

— Сіз аудандық, облыстық атқару комитеттерінде  қызмет атқарғаныңызды қоспағанда, мектептің директоры, облыстық білім білім басқармасының бастығы, педагогикалық училищенің директоры болдыңыз. Сол кездегі мектептің жайы, мұғалімнің беделі, оқушының үлгерімі туралы еске алсақ.

— Байғанин ауданындағы Жарқамыстағы мектепке 5 жыл басшылық жасадым. Сол 5-6 жылда мектебімізден 179 жас түлеп ұшқан екен. Ол соғыстан кейінгі 1951-1955 жылдар. Халық ашқұрсақ, соған қарамастан балалардың білімге деген ынтасы жоғары, ұстаздардың мәртебесі биік еді. Ол кезде  пешке жағатын отын да тапшы еді. Біздің  сол кездегі түлектеріміздің ішінен 38 математик, 18 экономист-қаржыгер, 16 инженер, 28 ауылшаруашылығының, 60 гуманитарлық саланың жоғары және арнаулы орта білімді маманы шыққан.  Осылардың ішінде Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев секілді талантты ақын-жазушылар қазақ әдебиетіне қосылды. Бүгінде әлемге танымал академик Назарбай Былиев, физика-математика ғылымдарының докторы Ілияс Тәжімұратов сияқты мықтылармен қатар 5 математика ғылымдарының кандидаты  шықты.

Ол кездегі адамдарда бір-біріне деген бауырмалдық қасиет те күшті еді. Осы Тобықтың аулымыздың бір топ жастарын Алматыға ертіп апарып, оқуға түсуіне себепкер болғаны есімде.

— Осыншама талантты шәкірттердің шығуында не сыр бар?

— Бәрі де мектепке, ұстаздарға байланысты. Мықты математиктерді даярлау үшін біз Ойылдан атақты математик Жақия Жүсібәлиевті шақырттық. Ол күндізгі мектептегі сабақтан тыс кешкілік интернатқа барып, оқушыларға қосымша сабақ үйрететін. Ол кезде электр жарығы жоқ, май шаммен отыратын. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Сафиулла Абдулпаттаев кейін ҚазМҰУ-да сабақ берді, тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жетті. Орыс тілі пәнінің мұғалімі болған Зинаида Свердликова кейін Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасын басқарды.

Әдебиетке жақын болған шәкірттерімнің алғашқы жазған өлең-әңгімелерін оқып, бағыт-бағдар сілтеп отырдым. Ұстаз әрбір шәкірттің бойындағы қабілетті, дарынды дер кезінде байқап, тұманың көзін ашқандай талабын ұштай білуі тиіс. Сонда шәкірттің де бағы жанады, ұстаз мерейі де өседі.

— Бүгінде ұстаз мәртебесінің төмендеп кетуіне не себеп?

— Бұл мәселенің де екі жағы бар. Ата-ана да баласына өзіне білім беретін  ұстазды сыйлау туралы үнемі айтып отырмаса, керісінше, баланың сөзін сөйлесе, мұғалімнің қадірі кетпегенде  қайтеді. Екіншіден, педагогикалық деонтология, яғни ұстаз парызы туралы ғылым бар. Мұғалімнің өз кәсібін жетік меңгеруі, өз жұмысына деген адалдығы, іс-әрекетінің саналы, адамгершілік нормаларына сай болуы туралы жазылған.  Ұстаз өзін-өзі ұстауы, киім киісі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі арқылы шәкірттеріне үлгі болуы тиіс. Қазір ішінара болса да ұстаз атына лайықты емес жандар да кездеседі. Ұстаз мәртебесі төмендеп кетті.

Ұлттық бірыңғай тестілеу де оқушылардың үлгеріміне теріс ықпал етті. 10-11 сыныптар сұрақ-жауап жаттаумен өтеді. Ой-өрістері төмен, білімі де жоқ, жазу сауаты төмен түлектер көбейді. Бұрынғыдай түлектер мектеп бағдарламасын толық игергенін көрсететін  емтихан тапсыратын болса, білім сапасы жақсарар еді.

Ауылда бір бастауыш мектеп болса, онда 5-ақ бала оқиды, орталау мектеп болса, 6-7 сынып оқушыларына физика-математиканы, 8-9 сынып оқушыларына биологияны қосып оқытады. Тарих пәні мұғалімі географиядан да сабақ береді. Ауыл мектебін бітірген баланың деңгейі төмен болмағанда қайтеді сосын.

Облыстық білім білім басқармасын басқарып тұрғанда жылдың 185 күнін аудан, ауыл, бөлімшелердегі мектептерді аралап, ондағы білім сапасын тексерумен жолсапарларда өткізетінбіз. Мұғалімдердің сабақтарына қатысып, оларды талқылайтынбыз.  Жалпы сол уақта ауыл мектебін бітірген түлектердің білімі  терең болғаны анық, сол жылдарда еліміздегі санаулы жоғары оқу орындарына барып, өз білімдерімен оқуға түсіп, білім алған ауылдықтардың талайы өз саласында жарқырап көрінді.

— Облыста білім беру саласына қатысты ілгерілеу бар деп ойлайсыз ба?

— Қазақ «Елу жылда ел жаңа» демей ме, 1963-1975 жылдары облыстық білім басқармасында басшылық қызметте жүрген 12 жылда типтік үлгідегі 84 мектеп, 79 балабақша салынған екен. Жаңа ғимараттардың бой көтеруіне сол кезде Байғанин ауданын басқарған Сматолла Беркімбаев, Ырғыз ауданының бірінші хатшысы Сәндіғали Құсайынов, Қобда ауданының басшысы Алтынбек Әкімжанов, Қарабұтақ ауданының бірінші хатшысы Рамазан Нұржанов  сияқты  азаматтардың қосқан үлесі өлшеусіз.

Облыста лауазымды қызметтерде болған Павел Дэлбин, Шәкір Қарсыбаев, Хасан Бектұрғанов тәрізді талай азаматтардың елдің көркеюіне қосқан үлесі мол.

Қазір біздің заманымызбен салыстырғанда білім беру саласының жағдайы жер мен көктей. Мемлекет білім саласынан қаржыны аяп жатқан жоқ. Біздің түсімізге де кірмеген аумағы ат шаптырым, көрсе көз тоймайтындай көрнекті жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, пайдалануға берілуде. Олардың іші де заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.  Ауылдарда қаншама мектептер салынды. Оқушылардың жарық әрі жылы ғимаратта тыңғылықты білім алуына барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер көбейді, балабақшаларға деген сұраныс  жоғары. Бұл да елдің демографиялық жағдайының жақсарғанының,  болашағы жарқын болатынының бір көрінісі.

Соның өзінде апаттық жағдайда тұрған немесе  әлі күнге пеш жағып отырған мектептердің кездесетіні жан ауыртады. Біздің заманымыздағы пешпен жылытылатын мектептің ХХІ ғасырға жеткені ойға сыйымсыз. Сондықтан Ақтөбенің меценаттықпен айналысуға шамасы келетін  азаматтары осындай олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндігінше тырысса жақсы болар еді.«Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеп жіберетін,  өздері өсіп-өнген ауылына жаны ашитын азаматтар да табылатын шығар.

Байғанин ауданының Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты  Жаңатаң ауылындағы мектепті  сол мектепте оқыған бүгінде облысқа белгілі Серік Ботағарин, ақын Жасылық Айжанов сияқты азаматтар бастаған  түлектері күрделі жөндеуден өткізіп, жанынан шағын орталық салып беріпті деп естідім. Ақтөбе қаласындағы №3 мектептің түлегі белгілі кәсіпкер Қайрат Мәйтеков 150 миллион теңгеге өзі түлеп ұшқан ұяның ғимаратын қайта жаңғыртыпты. Бұл да көпке үлгі етуге тұрарлық қадам деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button