Әлеумет

Елбасы Жолдауы — болашақтың бағыты

Дамудың даңғыл жолындамыз

Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауы елдік мәселелерге жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқын көрсетуімен ерекшеленеді.

«Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды» деген Президентіміздің сөзінің ақиқатын халық мемлекетіміздегі өркенді өзгерістер арқылы көріп, сезіп отыр. Халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайы жылма-жыл жақсара түсуде. Бір ғана мысал, ілгеріде Ақтөбе мен Ырғыздың арасындағы жол өте нашар болатын. Халық облыс орталығына бару үшін жөндеусіз жолдың азабын тартып, бір күн уақытын  жоғалтатын еді.  Ал қазір бұрынғыдай емес, жол жөнделіп, қатынас жақсарды. Қазір 3-4 сағатта-ақ қалаға жетеміз. Бұрын жөндеусіз жолда жеңіл көлікпен жүру қиын болса, қазір шетелдік машиналар Ақтөбеге күнде қатынайды. Елбасының биылғы Жолдауында осы мәселелер де айтылмай қалмады. Соңғы он жылда 350 мың отбасы баспаналы болса,  республика жолдарының үштен бір бөлігі, яғни 32 мың шақырымнан астам жол жөндеуден өткен екен.

Сондай-ақ Елбасымыз ауыл шаруашылығы саласына да баса назар аударды.

Агроөнеркәсіп кешенін үш бағытта дамыту керектігін қадап айтты. Яғни, 2014 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кемінде екі есеге көтеруді міндеттеді. Бұл тұрғыда өзгелердің мол тәжірибесін қолдану қажет екенін ескертті. Бұған қоса ішкі нарықтағы азық-түліктің 80 пайызы отандық өнім болу керек.

Жалпы, Елбасының халыққа арнаған Жолдауы біздің келешек күндерімізге деген шынайы сенімімізді орнықтыра түсті.

Ерғашыбай ҰЗАҚОВ,

«Ырғыз-Торғай мемлекеттік

табиғи резерваты»

мекемесінің қызметкері.

***

Жаңа күндерден жақсылық күтеміз

Елбасымыздың биылғы Жолдауында да әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылды. Оның ішінде Елбасымыз дамыған елу елдің қатарына қосылуға бастайтын бір ғана күш – елдің бірлігі мен еңбек, білімге құштарлығы екендігін баса айтты. 2020 жылға қарай қала мен ауылдағы барлық бала мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатынын жеткізді. Осы бағытта тиісті орындарға «Балапан» арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жекеменшік және отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтардың жұмысына да назар аударылады. Демек, алдағы уақытта балабақша мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Жолдауда білім, денсаулық, ауыл шаруашылық салаларына қатысты өзге де мәселелер айтылды. Алдағы онжылдықта атқарылатын шаруалар пысықталды. Әсіресе,

Президентіміз әлемдік дағдарыстан шығу үшін ел бірлігінің мықты болуын тағы бір мәрте ескертті. Сондықтан Елбасының игі бастамаларына қолдау білдіріп, жаңа күндерден тек жақсылықтар күте білсек деймін.

Руслан ҰЗАҚБАЕВ,

Ырғыз гимназиясы интернатының меңгерушісі.

***

Салауаттылықтың бір шарты — спорт

Елбасымыз биылғы Жолдауында әр салаға айрықша тоқталды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына ерекше мән берді. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын маңызды жобаларды айтты. Яғни, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрін дамыту  бағытындағы жұмыстарға баса назар аудару қажет екенін ескертті. Елімізде 2011 жылы Азия ойындары өтпек. Мемлекет басшысы осыған орай дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар бұқаралық спортты дамытуға алғышарт болатынын жеткізді. Ал  өзге аймақтар Астана мен Алматы қаласынан қалып қоймауы шарт. Осы орайда Елбасы Үкіметке  алдағы уақытта қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен қамтылуы керек екенін міндеттеді. Әрине, бұл тұрғыда облысымызда да атқарылған жұмыстар аз емес. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы шаралар белсенді жүргізіліп келеді. Облыстық денсаулық сақтау, білім, ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт, мәдениет басқармалары және ішкі істер департаменті, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып жұмыс жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы  облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге темекі және спирттік ішімдіктердің сатылмауын анықтау мақсатындағы шаралар жүрді. Қалада және аудан орталықтарында жыл сайын денсаулық фестивальдары өтеді. Мемлекеттік қызметкерлер арасында «Жаппай жүгіріс» атты жарыстар ұйымдастырылады. Өткен жылы «Қоныс» спорт сарайында шылым шегуге қарсы  үлкен акция өтті. Шараға қаладағы 23 оқу орнының студенттері қатысты. Жалпы, салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар тоқтаған емес.  Сондай-ақ Елбасы биылғы Жолдауында «денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, салауатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені туберкулезбен ауыруды 20 пайызға қысқартуы тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыда аймақта туберкулездің алдын алуды күшейту мақсатында 2008-2010 жылдарға арналған  арнайы  бағдарлама бойынша жұмыстар жүруде. Яғни, облыс тұрғындарын туберкулез ауруы туралы ақпараттандыру бағытында түрлі акциялар өткізіліп, сауалнама жүргізіледі. Арнайы ақпарат парақтары таратылады. Осы атқарылған жұмыстардың  барлығы  халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыратыны сөзсіз.

Райхан ЫБЫРАЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының директоры.

***

Енді кәсіпкерліктң жаңа тынысы ашылады

«Кәсіпкерлік — жаңа экономиканың қозғаушы күші», — деп атап айтты Президент биылғы Жолдауында. Былтыр елді үрейлендірген дағдарыстан шығудың жол картасын жасадық. Енді Елбасы елдегі кәсіпкерлікті дамыту,  шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бизнестің жол картасын жасауды Үкіметке тапсырды. Осы картаны дайындау арқылы өңірлердегі кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашуды мақсат етті. Бизнестің жол картасы жасалса, кәсіпкерліктің жаңа тынысы ашылады деп ойлаймын.

Сонымен қатар, «Онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуі тиіс», — деп көрсетті Елбасы. Ендігі біздің мақсат — аймақтық ішкі өнімдегі кәсіпкерліктің үлесін де 40 пайызға жеткізу. Қазіргі аймақтық ішкі өнім көрсеткіші — 19 пайыз. Он жылдың соңына дейін межелеген көрсеткішке ірі кәсіпорындарға қызмет ететін шағын және орта кәсіпкерлік жобалары мен қаржылық қолдау көмегі есебінен жету көзделіп отыр. Әлбетте, жаңа жобалар жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына да септігін тигізері анық.

Нұрбол АЙМАҒАНБЕТОВ,

облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп

басқармасының бас маманы.

***

Төртеу түгел болса…

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп ата-бабамыз айтып өткендей, шебер саясаткерлігімен, көсемдігімен әлемге танылған Елбасымыз Қазақстан — 2030 стратегиясында көрсетілген төрт басты қағидамызды басшылыққа алып, жылдың басын дәстүрлі түрде өз халқына Жолдауынан бастап, барыс жылындағы мақсат-міндеттерімізді айқындап көрсетіп өтті.

Өткен жылғы Жолдауында Елбасы әлемді дағдарыс қоршап жатқанда дағдарыстан жаңару мен дамуға жол таба білсе, биылғы Жолдауында тығырыққа тірелмеуде, ең біріншіден, өнеркәсіпті индустрияландыруды дамытуға бағыт-бағдар берді. Ол үшін экономиканы дамыту, капиталды қорландыру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, халықаралық қарым-қатынас және халықтар арасындағы татулық пен ынтымақтастықты берік ұстауға көңіл бөлді. Осы арада біздің еңселі Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына 2020 жылы енуі керек екендігін айтты. Ол үшін Президент үш бағытты айқындап көрсетті: өңдірістік еңбекті дамыту, өз елімізді Отандық тауарларымен қамтамасыз ету, кедендік жұмыстарды одан әрі дамыту. Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін өңдіріске  жаңа инновациялық технологияны көптеп енгізу, кәсіби білікті мамандар дайындау, өнеркәсіптің дамуын қаржымен қамтамасыз ету, қоғамдық ұйымдардың жұмысын одан әрі жетілдіру, денсаулық пен білім саласындағы  жаңа  мақсаттар мен міндеттерді айқын  көрсетті.

Шәкіртке білім нәрін сусындатып отырған біздер, ұстаздар, үшін әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін алға қойып бергені нұр үстіне нұр сепкендей. Сол секілді, «Ақыл — жастан, асыл — тастан» демекші, Елбасы жастардың саясатқа белсене әрі маңызды істері арқылы араласатынына сенім мен мүмкіншілік туғызғанын білдірсе, қариялар мен зейнеткерлеріміз үшін қоғамды әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз ететін біршама көрсеткіштердің өзгергендігі өте маңызды қадам.

Біздер Қазақстан — 2030 стратегиясының алғашқы онжылдығын сәтті аяқтап, жаңа онжылдыққа орасан үміт артамыз. Елбасы Жолдауында  өз халқына зор сенім білдірсе, сол Жолдауды іске асыратын біздер екенін ұмытпасақ, бір отбасының баласындай, ел болып жұмыла кіріссек, тәуелсіз Қазақстан биік  шыңдардан көрінетініне кәміл сенімдімін.

Бейбіт ҚАЛЖІГІТОВА,

Қобда қазақ орта мектебінің мұғалімі .

Қобда ауданы.

***

Жеке балабақшалар көбейсе…

Президент Жолдауынан көзіме ерекше түскені — жеке балабақшалар, шағын орталықтар көбейеді екен. 2020 жылға дейін  бұл мәселе толығымен шешімін табады екен, соған қуандым. Мемлекеттік балабақшаларға да сұраныс жоғары. Ал жекеменшік балабақшаға баласын бергісі келетін ата-аналар да аз емес. Мысалы, мен де тұратын ауданымызға жақын жерден жеке балабақша ашылса, баламды соған беруге дайынмын. Өйткені оның өз артықшылықтары бар, менің бір көршімнің баласы сондай балбақшаға барады, ертеден кешке дейін жұмыста жүретін оның анасы айтады: «Бір жарым жастағы сәбиім әлденеге ұшырап қалмады ма?» деп  алаңдамаймын, топта бала саны аз, тәрбиешінің әр балаға бөлетін уақыты жеткілікті, сенімді қолда болғасын алаңсыз жүремін. Күйеуімнің тапқанымен күн көреміз, менің жалақым баламның балабақшасын өтеуге жетеді», — дейді.  Шынында, ақысын төлегеннен кейін, соған лайық қызмет көрсетіліп жатса,  мүмкіндігі мол  ата-аналарға неге баласын жеке балабақшаға бермеске.

Айнұр ЖҰМАҒҰЛОВА,

сатушы.

Ақтөбе қаласы.

***

Мұғалімдердің мерейі үстем

Білім сапасын көтеріп, мұғалімнің беделін арттыру, жалақыларын еселей түсу соңғы жылдары Елбасы Жолдауында үнемі айтылып келеді. Бұл салада атқарылып жатқан шаруалар да жетерлік.

Ел Президентінің пайымды саясатының арқасында білім қызметкерлерінің кешегіден бүгіні көш ілгері.  Алдағы 2020 жылы еліміздің барлық мектептері толығымен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіп, жаңа технологиямен жүргізілетін жұмыс сапасы жоғарылайды.
Еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуге бағытталған Президент Жолдауында да білім беру мен білікті маман даярлау жүйесін дамытуға байланысты сөз болды. Стратегияның келесі онжылдығына қадам жасауда білім саласы мамандарының еңбектері де ерекше маңызға ие болмақ. Мұғалімдер жалақысын мерзімінен бұрын көтеру біздерге мол жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, ұлт болашағы — шәкірттеріміздің жаңа технологиямен білім алуына да жағдайлар барынша жасалуда. Әрине, экономикасы мен әлеуеті күн сайын дамып келе жатқан еліміздің ертеңін ойлайтындар — білімді жеткіншектеріміз. Данышпан бабамыз Әл-Фараби: “Білімді болу — жаңалық ашуға қабілетті болу” деген екен. Бұл пайымның растығына және бүгінгі ұрпаққа да ой салатынына көз жеткізіп отырғандаймыз. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ғасырлардың сынынан өткен ғұлама сөзінің заңды жалғасындай.  Мұғалімдер мерейін үстем етіп, келешектен зор үміт күттірген Жолдауға қашан да қолдау көрсету — мұғалімдер қауымының үлкен міндеттерінің бірі болмақ.

Балжан АЕТОВА,

№51 гимназияның мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

***

Жоспар құрылды

Ақтөбе қалалық әділет басқармасында өткізілген жиналыста Елбасының биылғы халыққа Жолдауы кеңірек таныстырылды.  Басқарма бастығының міндетін атқарушы Н.Құлжанов Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің қандай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырғаны айтылғандығы тілге тиек болды. Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету миссиясының сеніп тапсырылғандығы тек Үкіметтің ғана емес, барша қазақстандықтардың алдына үлкен талаптар қоятыны жөнінде айтылды.

Басқарма бойынша Елбасы Жолдауын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында іс-шаралар жоспары құрылып, оны жүзеге асыру жұмыстары әділет басқармасы қызметкерлеріне тапсырылды.

Ж.САБЫРБАЕВА,

басқарманың бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button