«Ақтөбе — құтты мекен»

Қасірет пен той…

1937 мен оған жалғас 1938 жыл — қазақ тарихының ең қасіретті тұстарының бірі. Облыстық «Актюбинская правда» газетінің 1938 жылдың 24 наурызында шыққан №68 санында «Банда фашистких наемников уничтожена» деген мақала басылып, Құлымбетов бастаған «халық жауларының» көзі жойылғаны хабарланды. Кеңестік баспасөз осылайша «Жау ордасын тас-талқан еттік» деп, «сүйіншілеп» жатты.

Ол жылдардың қасіретін қазір ашық айтып-жазамыз. Ал өзінің ең асыл перзенттерінен айырылған жұртнақ сол тұста көз жасын ішке жұтты, зар-мұңын іште сақтады, сыртқа шығара алмады. Сыртта… той болып жатты: 1917 жылғы Қазан төңкерісінің 20 жылдық тойы. Баспасөз, радио арқылы 20 жылғы табыстар, алда күтіп тұрған «жарқын» қуаныштар туралы үзбей айтылды.

 42 мың тұрғыны бар қала

1937 жылы облыс орталығында 42 мың адам тұрды. Қалада 460 киловатт қуат өндіретін электрстансасы жұмыс істеген. Әр тұрғынға шаққанда 11 ватт электр қуаты өндірілген және аз жылда осы көрсеткішті 125 ватқа жеткізу көзделіпті.

Қаланың тұрғын үй қорына келсек, әр тұрғынға шаққандағы тұрғын алаңының ауданы… 3,4 шаршы метр болған. Бұл көрсеткішті де көтеру көзделген. Меже 5,1 шаршы метр болыпты. Аз жылда 3 қатарлы (16 пәтерлік) — он, 4 қатарлы бес үй тұрғызу жоспарланған.

Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 72 шақырымға жетті. Ал көшелердегі жолдардың ұзындығы 6,7 шақырым ғана болды…

1938 жылы қалада алғаш рет Мәдениет үйінің құрылысы қолға алынды. Ол үшін 1 миллион рубль қаржы бөлінді. Кинотеатр да, драма театр да, кітапхана да, оқу залы да — бәрі бір ғимаратқа топтастырылды. Ал Карл Либнехт атындағы көшеде екі қатарлы балабақшаның құрылысы жүріп жатты. Мектептер мен емханалар салынды. Сол кез үшін олардың әрқайсысы үлкен жаңалық болды.

Қалааралық телефон байланысы қалай келді?

Облыстық мемлекеттік мұрағатта сақталған «Актюбинская правда» газетінің 1937 жылғы 9 мамыр күнгі санында облыстық байланыс басқармасының бастығы Әбеновтің мақаласы жарыққа шықты. Айтылған басты жаңалық — Мәскеу мен Ташкент арасындағы магистральдық телефон желісі құрылысының аяқталуы. Бұл біздің облыс үшін де маңызды оқиға болды, себебі аталмыш желі облысаумағы арқылы өтті, сөйтіп, Ақтөбе мен Мәскеу, Куйбышев, Орынбор, Ташкент арасында қалааралық телефон байланысы орнатылды.

Сондай-ақ, Қазақстанның астанасы — Алматы қаласымен, өзге облыстар орталықтарымен телефон байланысын орнату мақсатында 1936 жылғы, яғни ең жаңа аппаратура алынып, тораптық пункттер салына бастапты. Оған дейін телефон байланысы арқылы тек облыстың ішінде, аудандармен ғана сөйлесу мүмкін болды. Бұрын Ақтөбе мен Алматы арасында радиобайланыс қолданылған болса, енді жақын жылдарда Алматы мен аудан орталықтары арасында телефон байланысын орнату көзделген.

Алайда басқарма басшысы Ермекқали Әбеновтің өзі көп ұзамай, шілде айының ішінде «халық жауы» ретінде ұсталды. Оған «облыста телефон байланысын дамыту ісін қаскүнемдікпен тежеді» — деген айып тағылды. Мысалы, Жұрын мен Ақкемер арасында телефон байланысын орнату үшін бағаналар қойылғанмен, әрі қарай желі жүргізуге Әбенов «қарсы» болыпты-мыс. Облыстық байланыс басқармасының Баландин, Аксенов, Карин секілді қызметкерлері де оныменбірге ұсталды.

Ермекқали Әбенов 1938 жылғы 15 ақпанда атылған. 1959 жылы ақталды. Ал сүйегі Ақтөбе маңындағы Түйетөбеде болса керек…

62 есе көп…

Сол кездегі деректер бойынша, 1937-38 оқу жылында Қазақстанда 8 мың мектеп болған. Бұл мектептерде 375 мың қазақ баласы білім алыпты. «Бұл 20 жыл бұрынғы, яғни революцияға дейінгі көрсеткіштерден 62 есеге көп» — деп жазыпты «Актюбинская правда» газеті.Жалпы, КСРО-да халықтың 90 пайызы сауатты деп көрсетіліп, бұл Кеңес өкіметінің 20 жыл ішіндегі басты табыстарының бірі саналған.

Сол тұста Ақтөбе облысында 720 мектеп болды. 1938 жылы жалпы құны 1,5 миллион рубль болатын бес мектептің құрылысы жүріп жатты. 1935 жылы ашылған Ақтөбе мұғалімдер институтының 1937 жылғы түлектерінің саны 54 адам еді.

Баспасөзде сауатсыздарды оқыту жоспарының қалай орындалып жатқаны жөнінде жиі жазылды. 1938 жылдың сәуір айында сауатсыздарды 100 пайыз оқумен қамтыған екі ауыл көрсетіліпті: Ойыл ауданының Жетікөл ауылы мен Мәртөк ауданының «Қазақстан» колхозы. Жалпы, 1938 жылы облыс бойынша 29 700 сауатсыз және 22 мың шала сауатты адамды оқыту жоспарланған.

Дегенмен 1938-39 оқу жылында облыс мектептеріне 254 маман жетіспеді.

Ленин атындағы клубта…

7 қараша — КСРО-ның басты мерекесі болғанын аға буын, әрине, жақсы біледі. Ал 1937 жылы Қазан төңкерісінің 20 жылдық мерейтойына орай түрлі салтанатты шаралар жыл бойы ұйымдастырылды. 1-6 қыркүйек аралығында Ақтөбедегі Ленин атындағы клубта І облыстық халық шығармашылығы олимпиадасы өтті. Бұған 200-дей адам қатысып, өнер көрсеткен. «Олардың көпшілігі — қазақтар», — деп жазыпты «Актюбинская правда» газеті. Солардың арасында Шалқардан келген 10 адамнан құралған домбыра үйірмесі ерекше аталған. Үйірме жетекшісі Алманов өз алдына бөлек те өнер көрсеткен. Темір ауданынан келген колхозшы Айтжанов Қазан теңкерісі, қызыл ту туралы жырлар оқыған.

Қорытындысында, үздіктерге 27 жүлде беріліпті. Бірінші жүлдеге шалқарлық домбырашылар ие болды. Екінші жүлде Ленин атындағы клуб жанындағы украин драмалық үйірмесіне берілген. Үшінші жүлдені Алманов алған. Яғни басты үш жүлденің екеуі шалқарлық өнерпаздарға бұйырған. 31 адам республикалық халық шығармашылығы олимпиадасына жолдама алыпты.

Ақтөбенің футболы

Ол кездегі 42 мың ақтөбеліктің арасында да футбол жанкүйерлері көп болған. Ойын өтетін күндері қаладағы «Локомотив» спорт қоғамының стадионы әрдайым лық толған. Ақтөбенің ең мықты командалары ол уақытта «Спартак» пен «Локомотив» аталыпты. 1937 жылғы маусым 2 мамырда осы екі команданың арасындағы ойынмен басталған. Командалар тең ойнап, 2:2 есебімен тарасыпты.

Ал 1938 жылғы маусымда Ақтөбенің командасы «Спартак» қоғамы командалары арасындағы республикалық жарыстың финалына шыққан. Жартылай финал 29 маусымда Ақтөбеде өтіпті. Ақтөбелік футболшылар оралдық әріптестерін қабылдап, 6:3 есебімен жеңіске жеткен.

Бұл туралы 2 шілде күні «Актюбинская правда» газетінде ақпарат берілген. Онда ақтөбеліктер тарапынан соғылған алғашқы голдың ғана авторы аталыпты: Писяцков.

Кемпірсайдан табылған кен

Кеңес өкіметі алғашқы жылдардан-ақ қазақ жерінен пайдалы қазбалар іздеуге және оларды өндіруге белсенді түрде кірісті. 30-жылдары Цыбульчик есімді геолог Ақтөбе облысының Степной ауданы аумағынан никель кенін тапты. Кен Кемпірсай ауылы маңынан табылды. «Басты минерал — гарньерит» деп көрсетілді сол кездегі деректерде.

1937 жылдың жазында зерттеу жұмыстары әлі жүріп жатты. Бұл жылы барлаушылар лагері Бадамша маңында болды. Оған дейін Кемпірсай алқабынан 25 кен орны ашылған. Оның екеуі1936 жылғы барлау жұмыстары нәтижесінде табылғанекен. Осы екі кен орнындағы ғана қордың мөлшері 81 мың тонна шамасында деп бағаланған.

Біздіңжерімізден табылған кеннің құрамында никель үлесі жоғары, ал магний мен марганец тотықтары аз, яғни өте бағалы екені анықталған. Сондықтан қуаттылығы жылына 10 мың тонна болатын никель комбинатын салу жоспарланған.

Кедейге қоныс іздеген «Осан»…

Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы орыс тіліндегі облыстық басылымнан қазақтар туралы жарияланым табу қиын. Сарғайып кеткен тігінділердентүрлі ерліктер жасаған кеңестік ұшқыштар, К.Маркс бастаған төрт «ұлы» көсем, испандық коммунистер туралы көлдей-көлдей мақалалар алдыңыздан шығады да тұрады. Еуропа елдеріндегі, жапон-қытай арасындағы шиеленістер бүге-шүгесіне дейін айтылған. КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі «шат-шадыман» өмірдің «көріністерін» де әр нөмірден көресіз. Жергілікті колхоз-совхоздардың түрлі науқандарға әзірлігі, шаруа жайы үзбей баяндалады. Ал қазақтарға қатысты… тек кейбір лауазымды қызметкер, озат колхозшы және «халық жауларының» аты-жөндерінен басқа ештеңе кезіктірмейсіз.

Сондықтан 1938 жылғы 28 сәуірде шыққан «Актюбинская правда» газеті бетіндегі «Осан Кайгы» деген мақала көзімізге оттай басылды. Авторы — М. Ряднин. Шекесіне «Народный эпос» деген айдар қойылған. «Осан» сөзі тақырыпқа қате түскен бе деп ойлағанбыз. Бірақ мәтінде де Асан жоқ, сол Осан.

Әңгіме «жыршы Бек» дегеннің Осан қайғыға арнап жазған «жыры» жайлы екен.

Бас кейіпкер — үркек, қорқақ, бүкіл тарихында «құлдықтан көз ашпаған» халықтың ішіндегі жалғыз ғана еті тірі жан. Еркіндікті сүйетін Осанның үш жауы бар: Қарабай, Бургон молда және «қолына қамшы ұстаған… урядник». Ал басты жауы — Айжәнібек хан.

Жырдан үзінді:

«Ты весь мир, Осан, исходил,

С ковылем в степях говорил…

А смеяться — нет, не умел,

Никогда ты досыта не ел.

Ты искал такой земли —

Где б кедей жить могли.

Где для них бы и степи цвели,

И реки для них бы текли!»

Немесе:

«Жизнь гнала тебя ко рву,

Как ветер катун-траву.

А кругом чужая земля,

Не твоя, Осан, не твоя…».

Орыс тілінде шыққан дүниені қазақ жерінде тұрып жатқан басқа ұлттар өкілдері оқитыны анық. Олардың санасына қазақтардың ғасырлар бойғы «ауыр халі», «дәрменсіз» жұрт екендігі туралы түсініктер осылайша сіңірілген…

Жырдың соңында Осан Айжәнібек ханнан қашып, түйесіне мініп, Мекке жаққа кетеді. Ал мақала былай аяқталыпты: «Но народы Осан Кайгы все же нашли такую счастливую землю. Они нашли эту землю при помощи русских кедеев, по указанию батыра Ленина и Сталина, у себя на родине, в своих родных казахских степях, в Октябре 1917 года».

Ол тұста халқымыздың тарихы осылай бұрмаланған. Ал шынайы тарихтағы Асан қайғы — ұлы жырау, әз Жәнібек ханның кеңесшісі, мемлекет қайраткері болған тұлға…

 Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button