«Ақтөбе — құтты мекен»

1937.Ақтөбе…

«…Арада күндер өтті. Бір күні бір топ бала Ырғыз әкімшілігі үйінің алаңына бардық. Алаңда мен танитындардан Исаевтың, Мирзоянның портреттері тұр. Ұзекеңнің портреті анадай жерде қоқыста жатты. Екі көзі ойылып, бетіне қара бояу жағылыпты. Ағыл-тегіл жылаған күйім, жүгіріп барып, портретті көйлегімнің етегімен сүрте бастадым. Кенет тиген шапалақтан көзімнің оты жарқ ете қалды.

—Қара мұны қаршадай болып алып! — деп, шапалақпен ұрған кісі білегімнен тас қылып ұстап, мамама қарай жұлқи жөнелді…

Күн сайын көрші-көлем, тума-туыстардан ер адамдарды ұстап, түрмені толтырып жатыр деп естиміз. Қамауға алынып жатқандардың көбісі — Құлымбетовпен бірге оқып, қызметтес болғандар немесе оның қолынан Қазақстанның 15 жылдығына арналған значок алғандар, енді біреулері — әйелінің не өзінің туысы. Бәрінің ұсталуына Құлымбетов Ұзақбай кінәлі. Кейбіреулері ауыздарынан қағылып, Құлымбетовтің үйіне бармаса да, «бардым» деп мақтанғаны үшін ұсталыпты».

Бұл үзінді Орынша Қарабалинаның ғұмырнамалық «Тағдыр» повесінен алынды. Орынша апай — Ұзақбай Құлымбетовтің туған інісі Жолмұраттың қызы. Л.Мирзоян 1937 жылдың 27 шілдесінде Сталинге Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовті «антисоветтік ұлттық-фашистік ұйымдарға қатысы бар» деген айыппен қамауға алу қажеттігі жөнінде құпия телеграмма жіберген. 5 тамызда Құлымбетов қамалды. Содан соң оның туған жері — Ақтөбе өңірінде де қудалаулар басталды.

«Құлымбетовшілдерді» қудалау

Өкінішке қарай, облыстық мемлекеттік архивтен «Социалистік жол» газетінің 1937 жылғы нөмірлері табылмады. Ал орыс тіліндегі облыстық басылым — «Актюбинская правданың» осы жылғы мамыр-желтоқсан аралығындағы сандары сақталыпты. 80 жыл бұрынғы тігіндідегі газеттердіашқанда, Құлымбетов пен оның ниеттес серіктері саналған ақтөбелік азаматтарға қатысты небір сұмдық сөздер, адам нанғысыз айыптар мен сұрқия теңеулер алдыңыздан шығады да тұрады.

Құлымбетов қамалған күннің ертеңіне, 6 тамызда,республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас мақаласы «Беспощадно выкорчевать из всех щелей национал-фашистскую мразь» деген тақырыппен шықты. 9 тамызда оны «Актюбинская правда» газеті көшіріп басыпты. Мақала: «Ленин-Сталин партиясының басшылығы мен орыс пролетариатының көмегі арқасында қазақ халқы көп жетістікке жетті. Коммунизмге қарай сенімді түрде қадам басқан қазақ халқының молшылықтағы бақытты, қуанышты өмірі жапон-германдық империалист мырзалар мен олардың пасық шоқаевтарының («чокаевы» делінген — ред.), жеңімпаз революция құрдымға лақтырған бұрынғы қазақ буржуазиясы, феодалдары мен байларының қызғанышын тудырып отыр» — деп басталған.Ал НКВД органдары «сатқын» деп тапқан жоғары лауазымдағы қазақтар «большевиктік партия қатарына алаш ұйымдарының тапсырмасымен кірген екіжүзділер» деп айыпталады. Сталиндік билік «Өз халқының бақытын көре алмады» деп күстаналаған «жаулардың» арасында, әсіресе, Құлымбетовке қаттышүйлігеді. Мақалада оны… «түлкідей қу шошқа» деп атайды. Жүрекке қанжар сұққандай бұл «теңеу» 1937-де қазақтың бас көтерер тұлғаларының қандайлық шексіз өшпенділікпен бетпе-бет келгенін аңғартады.

Аяусыз өшпенділіктің өрті бүкіл қазақ даласын шарпыды: Ақтөбеде — «құлымбетовшілдерді», Қарағандыда — «асылбековшілдерді», яғни, бар өңірде осы сынды қудалаулар басталды.

26 қазанда Асқаров «жетекшілік еткен»-міс«құлымбетовшілдер» тобына қатысты айыптау қорытындысы шықты («Актюбинская правда», 27 қазан 1937 жыл.)  Айыптау қорытындысына Қазақ КСР прокурорының көмекшісі Ялымов қол қойған. «Ырғыз өңірінде контрреволюциялық-ұлтшыл топ құрып, оған жетекшілік етті» деп айыпталған Үмбетияр АсқаровЫрғызда аудандық атқару комитетініңтөрағасы болып қызмет етіп, кейіннен облыстық халық ағарту бөлімін басқарған. Құжатта ол «жасырын ұлтшылдар ұйымының қатарына 1934 жылы өтті»деп көрсетіледі.

Асқаровпен бірге 8 адам айыпқа тартылған. Олардың арасында Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сүлеймен Тасболатов пен аудандық газеттің редакторы Шотбай Ембергенов бар. Қалған 6 адамның аты-жөндері: Ж.Ақшолақов, Ж.Айзақов, Қ.Алхамбаев, Б.Байкин, А.Шынтеміров, Б.Тоқмағамбетов. Бұлар да аудан көлемінде түрлі жауапты қызметтерде болған.

Айыптау қорытындысында аталғандардың соңғы жетеуі өз кінәларын толықтай мойындайтыны, ал Асқаров пен Тасболатовтың тек ішінара ғана мойындайтыны көрсетілген.

Қарашадағы үкім

Дегенмен, 29 қазанда басталған сот отырысында Асқаров, Тасболатовтармен бірге, Ембергенов те өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартады. Ол өзінің кінәсін мойындайтыны туралы арызын қайтарып алатынын, оған қол қойған кезде есін білмейтін халде болғанын мәлімдейді.

Сот отырыстарында айыптаушылардан басқа, 7 куәгерден жауап алынған.

Асқаров бастаған-мыс «құлымбетовшілдердің» ісі Ырғызда қаралды. Үкім 4 қарашада шығарылды. Осы 29 қазан мен 4 қараша аралығында жан-жақтағы еңбек ұжымдары, жекелеген еңбекшілер тарапынан «ұлтшыл-фашистерге ең жоғары жаза берілуін» «сұраған», «ыза-кекке» толы «пікір-ұсыныстар» да жауған: Ырғыздағы 34 серіктікте еңбекшілер митингісі өтіпті-міс, мұғалімдер қауымы «халық жауларын аямауды» талап етіп жатыр-мыс, «иттерге — ит өлім» керек-міс… Және, газеттің жазуы бойынша, 6 адамды — атуға, 2 адамды — 20 жылға, 1 адамды 15 жылға қамауға алуға кескен сот үкімі оқылғаннан кейін… залдағы «еңбекшілер»«ұзақ қол шапалақтапты» («Актюбинская правда», 6 қараша 1937 жыл.)

Сот үкімі бойынша, «Қазақстанды бөліп алып, Жапония, Германия және Италияның қамқорлығындағы капиталистік елге айналдыруды, кеңес билігін құлатуды көздеген ұйым мүшелері» ретінде Асқаров, Тасболатов, Ембергенов, Айзақов, Байкин, Тоқмағамбетовтер,РСФСР ҚК-нің 58-бабына сәйкес, ату жазасына кесіліп, Алхамбаев пен Ақшолақов — 20 жылға, Шынтеміров 15 жылға сотталған.

Түрмеге қамалған үш адамның өз мерзімдерін өтегеннен кейінгі тағдырлары бізге әзірге белгісіз. Ал ату жазасына кесілген алты адам Сталиннің өлімінен кейін, 1956 жылы ақталды.

Арықовтың ақталуы

1937-де «жапон-герман империалистерінің ақылы (!) тыңшысы», «байлардың құйыршығы», «ақтардың құйыршығы», «революцияның жауы», т.б. толып жатқан жаламен «ұлтшыл» қазақ оқығандары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де көптеп қудаланды.

Қыркүйек айының соңғы күндерінде  Ақтөбе қалалық партия ұйымының активі өтіп, «халық жауларының» соншалықты «еркінсуіне» қалай жол берілгені талқыға салынды. Жиын үш күнге созылған. Жиынға қатысушылар кінәлілерді іздеп, бірін-бірі айыптаумен болған. Бастапқыда Васин жолдас (қызметі белгісіз) төралқаға ұсынылғандар арасында Арықов дегеннің барына қарсы шыққан. Васиннің айтуынша, Арықов өзінің әпкесі арқылы «Құлымбетовпен жақын араласып» жүрген адам екен. Ал Арықов Құлымбетовпен тұрақты байланыс жасамайтынынайтып ақталған. Бірақ, араластығы барын үзілді-кесілді жоққа да шығара алмайды. Ақыры оны жиыннан қуып жіберген.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтмұхамбет Мусин «халық жауларын» әшкерелеу мақсатындағы жұмыстар, жіберілген қателіктер және олардың себептері жөнінде баяндама жасау үшін мінбеге шығады. Бірақ жиналғандар оны соңына дейін сөйлетпей, түрлі айыптармен өзіне тап берген. «Халық жаулары» Асқаровқа, Ормановқа қолдау көрсеткені айтылған. Облыстық сот Мұхамеджанов: «Осыдан екі-үш жыл бұрын Мусин жолдас «халық жауларына» қарсы жиі сөйлейтін. Бірақ соңғы кезде бұл мәселені жылы жауып қойды. Сондай-ақ, ол өзінің оқып жүрген шағында жіберген қателіктері туралы да үндемей отыр. Кезінде сол қателіктері үшін Кабулов жолдас тарапынан сынға ұшыраған еді» — дейді.

Жиында бұрын ақтар қатарында соғысқандар (бұлар, негізінен, өзге ұлт өкілдері) мен алашордашылардың түрлі салаларда басшылық орындарды, жауапты қызметтерді иемденіп алғаны «әшкереленген».

Сондай-ақ, жоғарыда айтылған Асқаровтың тобы төңірегінде де біраз әңгіме болған. Асқаровтың құдасы Наурызбаевтың Ембергеновке туыс болып келетіні, Асқаровтың Тасболатовты жақын дос санайтыны, оған қалта сағатын сыйлағаны, т.с.с. жайттар тізбектеле берген…

Айта кетелік, осы жиыннан кейін көп ұзамай, қазан айында Айтмұхамбет Мусин де қамауға алынды. Оны Алматыға жиналысқа шақыртып алып, сол жақта ұстаған. Мусин 1938 жылдың күзінде атылды.

Жазықсыз жалаға ұшыраған бұл құрбандар теңіздің тамшысы ғана. Тарихшылардың деректері бойынша, 1937-1938 жылдары облысымызда 7 мың адам «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге түскен. Ал олардың соңында зар еңіреп жылап қалған жетім-жесірлердің есебі бір Аллаға ғана аян…

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button