Әлеумет

Жиһаз жасаушы

Кәсіп

Кез келген үйді, кеңсені қазір жиһазсыз елестету мүмкін емес. Ол үйдегі кейбір ұсақ-түйек заттардың бәрін жинап қоюға да ыңғайлы әрі әрбір үйдің сәніне айналды. «Бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінсе де, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару да оңай емес», — дейді осы саланың басы-қасында 10 жылдан астам уақыт жүрген шеберлердің бірі Бекұлан Нұрмағанбетов.

Ол 1999 жылы жұмыс табу қиын кезде газеттегі хабарландыру арқылы сол кезде «Қоныс» спорт сарайындағы «Кеңес» салонына жиһаз жинаушы (сборщик) боп жұмысқа орналасады. Өзіне ұнайтын кәсіптің алғашқы әліппесін осы жерде үйренеді. Кейін шикізатты, яғни ламинат пен оның түрін келтіруге қажет түрлі жапсырмаларды сырттан әкеліп, жиһаз жасаумен айналысатын «Азия Проект Ақтөбе» ЖШС-на жұмысқа тұрады. Сол жылдары серіктестік Жаңажолдағы жұмысшылар жатақханасын жиһазбен толық жабдықтауға тапсырыс алып, Бекұлан басқа да әріптестерімен бірге күндіз-түні екі ауысымда да бір тынбай, кереуеттер мен шкафтар жасайды. Осы жерде ол жиһаз жасауға қажетті ламинатты кесетін, тесіп бұрғылайтын, желімдейтін түрлі станоктарда жұмыс жасауды үйренеді. Сөйтіп, екі-үш жылдай еңбек етіп, жиһаз жасау жұмысының қыр-сырларын тәп-тәуір меңгеріп алады.

Кейін аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарап кетіп, барлық жұмысшы жұмыссыз қалады. Содан екі қолға бір жұмыс деп, аз жылда жинаған әжептәуір тәжірибесіне сеніп, әрқайсысы газетке хабарландыру беріп, тапсырыс ала бастайды.

Әуелгі уақытта тапсырысты бірден орындауға қалтамыз көтермейтіндіктен,  тапсырыс берушіден жарты ақысын келіскен кезде алатынбыз. Өзімізде станок та жоқ болды. Бәріміз бір жолдас жігіттің цехында тапсырыс жұмыстарын жасап жүрдік. Ал жиһаз жасауға қажетті материалды, яғни ламинатты (ЛДСП) Балтық жағалауы елдерінен арнайы алдыртып, саудаға шығаратын дүкендерден сатып алып жүрдік.

2007 жылы бірге жұмыс жасап жүрген Мұхит деген жолдас жігіт екеуміз бірігіп, өзіміз Оңтүстік-Батыс ауданында Арыстан батыр көшесінде цех аштық. Бір жылдан соң, қараша айында жиһаз жасауға қажет бірден-бір құрал — станок сатып алдық. Қазір қасымызға басқа да жігіттер алдық. Содан бері, шүкір, шаруамыз жүріп тұр. Көп жағдайда бізге тапсырыс тұтынушылар арқылы немесе таныстардан түсіп жатады. Өйткені кез келген нәрсе көзбен көрмей, қолмен ұстамай көңілден шықпайды ғой. Сол секілді тұтынушыларымыз бірінің үйінен бірі көріп, ұнаса, тағы бірі тапсырыс беріп жатады. Қазір халықтың талғамы жоғары, нарықта таңдау көп, — дейді Бекұлан.

Ол қазір жиһаз түрлеріне қарай қажет жылтыр (глянцевый) есіктерді Қостанайдан сұраныс жасау арқылы алдыртатындарын айтады. Бекұланның айтуынша, купе-шкафтың жасалу технологиясы — немістердікі. Сөйтіп, осындай жиһаздарды жасаған кезде немістердің бұрандалы шегелерін алуға тура келеді, сондықтан да арнайы жиһаз фурнитураларын сататын дүкендерден бұрандалы шегелердің небір түрін сатып алады екен. Ал жиһаздың қасбетін жасауға арналған материал Түркиядан шығарылады. Ал ұзақ жылғы тәжірибесі бар ақтөбелік өзге жиһаз жасаушылар интернет арқылы сұраныс жіберіп, түріктің материалдарын контейнерлеп, Алматыдан алдыртады екен. Бекұлан бұндай іскерлік байланыс жасау үшін қомақты қаражат қажеттігін тілге тиек етеді.

Байқап қарасақ, ауқатты отбасылар тапсырыс беріп жатпайды, олардың көбі қымбатына шетелдің жиһаздарын сатып алады. Бекұлан да осы уақытқа дейінгі өз тәжірибесінде бай отбасылардың тапсырыс беруі ішінара кездескенін айтады.  Клиенттерінің әлеуеті орташа болғандықтан, баға да алдын ала келісім бойынша жүргізіледі. Негізінен, ас үй мен кіреберіс бөлмелердің жиһаздарына, сондай-ақ компьютер үстеліне, орындықтары бар үстелге тапсырысты көп берсе, балалар бөлмесінің жиһазына өте сирек тапсырыс береді екен. Мәселен, Бекұлан қасындағы жігіттермен бірге ас үй бөлмесіне қажет жиһазды 30-60 мың теңгеге, сондай-ақ сандықты 8-9 мың теңгеге жасап береді. Бір қызығы, қазіргі сандық бұрынғы сандықтан өзгерек. Қай уақыттан бері сандықтың үстіне көрпе-төсек жинайды ғой. Ал оның ішіндегі зат қажет болған жағдайда, барлық жинаулы тұрған төсекті бұзып, қайта жинау қажет болады. Осыны ескерген қазіргі заманның жиһаз жасаушылары сандықты үстіңгі жағынан емес, керісінше, тартпа секілді немесе бір жақ жанынан ашылатындай етіп жасап жүргендерін айтты.

Біз жұмсақ жиһаздар емес, ламинаттан жасалатын қабырғаны бойлап орналасатын жиһаздар, үстелдер, орындықтар жасап жүрген шебермен әңгімелескенде мынаны байқадық: жұмыс орны — цех іші станок шуылынан құлақ тұндырады, ал шеберлерден ең әуелі есептеуге жүйрік болу талап етіледі. Себебі, талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін бөлме кеңістігі мен жасалатын жиһаздың көлемін сан мәрте есептеу қажет. Әрине, әр істің өзіне тән ерекшелігі болады. Кәсіп қой…

***

Аспаз

Қай халықты да той-садақасыз елестету мүмкін емес. Әсіресе, қонақжай қазағымның дастарқаны жиналмайды. Қазір қонаққа бара қалсаң, үстел үстіне жайылған ақ дастарқан үсті әп-әдемі безендірілген тағамның неше түріне толып тұрады. Алайда көпшілік оның қалай немесе кімдер жасап жатқанына бас ауыртып жатпайды. Тіпті, арамызда «Тамақ жасауды кім білмейді?» деп, бұл іске мұрнын шүйіріп қарайтындар да табылады…

Біз тапсырыс арқылы тіл үйірер дәмді тағамдар әзірлеп, отбасылық мерекелерде дастарқан жаю рәсімін атқарып жүрген аспаздың бірімен әңгімелескен едік.

Аспаз Қымбат Қайырханқызын газеттегі хабарландыру арқылы тауып алдым. Ол әуелі ұяңдық танытып: «басқа аспаздарға хабарласпадыңыз ба?» деп барып, сөйлесуге сонан соң келісті.

— Аспаздықты кәсіп еткеніме сегіз жылдай уақыт болыпты. Әу баста үйлену, қыз ұзату тойларына қызмет түрлерін ұсынатын «Серуен» орталығы бастығының үйінде кешенді түскі ас, яғни біріншіге сорпа, екіншіге қою тамақ және салат әзірлеп жүрдім. Сол кезде балам кішкентай болғасын тапсырыс бойынша 2,5-3 сағаттық жұмыстарға ғана баратынмын. Кейін таныстар бірінен-бірі естіп, тапсырыс берушілер де көбейе бастады. Бертін келе кәдімгідей үлкен тапсырыстар алатын болдым. Негізі, мамандығым — аспаз-кондитер. Орал қаласында 3 жыл осы мамандық бойынша оқыдым. Азық-түлік мол болса, көңілдегідей тағам жасауға болады-ақ.  Ас үйде жұмыс жасағанды жақсы көремін. Бұл кәсіп — жан қалауым. Сосын қай тағамды да бар ықыласыңмен, сүйіспеншілікпен жасасаң, әрине, дәмді болары сөзсіз, — деп, әңгіме тиегін ағытты.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   

Қымбат 20-30 адамға арналған отбасылық кештерді бір өзі-ақ атқара береді. Уақытын келіскен соң, тапсырыс берушімен күні бұрын ақылдасып, азық-түліктің қай түрін қанша алу керектігін келіседі. Кейбір тапсырыс берушілер тіпті, азық-түліктің сапалысын дұрыс ажырата алмайтындықтан, сатып аларда қасына аспаз Қымбаттың өзін ертіп кететін көрінеді. Бұндай кішігірім отбасылық кештегі қызметі үшін аспаз 10-12 мың теңге алады.

Қолыңнан шығатын дүниенің әп-әсем болып шығуы үшін пайдаланатын шикізатың тәуір болуы қажет. Сол секілді аспаз өзі жасайтын әрбір тағамының тәбет шақырып, әрі дәмді боп шығуы үшін азық-түліктің сапалы болуы керек екенін айтады.

Қымбат қазір коттедждерде өтетін 150-200 адамға арналған банкеттердің дастарқан мәзірін әзірлеуге де тапсырыстар алып жүр. Бұндай үлкен кешке дайындық кезінде екі қол аздық ететін болғандықтан, қасына таныс қыздарды көмекке шақырады. Қазір ешкім тегін қимылдамайтынын ескерсек, көмекшілерін Қымбат да ренжітпейді, қызметтері үшін оларға ақы төлейді. Осындай отбасылық банкеттерде шикі өнімдердің бір-біріне үйлесімділігін ескеріп, кейде қиялға ерік беріп, одан түрлі тағамдар жасап, ыдыс-аяқтарды дастарқанға әдемілеп қойғанға дейінгі қызметі үшін Қымбат 70 мың теңге алады екен. Сондай-ақ ол белгілі бір бағаға келісерде тапсырыс берушінің қалтасы мен жағдайына да қарайтынын айтады.

— Мәселен, осы секілді ірі кештерде менің құзырыма кіретін шаруалар мыналар: 2 ыстық тамақ. Қазақтар үшін тойда ет желінбесе тіпті ұят. Сондықтан оның біріне міндетті түрде қазан қайнатып, ет асамыз. Сосын бауырсақ пісіреміз. Салаттың 4-5 түрін жасаймыз. Салқын тағамдар әзірлейміз. Ет және балықтарды кесіп, жеміс-жидектерді турап, безендіріп, тарелкелерге саламыз. Ең соңында дастарқан жайып, ыдыс-аяқтарды ретімен, әдемілеп орналастырамыз, — дейді аспаз.

Сондай-ақ ол болгар бұрышының небір сорты мен көкөністердің әр түрін араластырып жасайтын ассорти салатын және құрамына жылқы еті қосылатын, атына заты сай «Жайлау» салатын, корей салаттары мен фунчозаны әзірлегенді ұнатады. Бұларды көпшілік тапсырыс берушілер де құптап, тойларда ас мәзіріне қосады екен. «Көбіне тойға әзірлікті бір күн бұрын бастаймын. Барған жерде ең әуелі жұмыс орнына қараймын. Біздің жұмыс орны — ас бөлмесі. Орыстарда «Пышағы қандай болса, қожайыны да сондай» деген жақсы сөз бар. Көп жағдайда өзімнің құрал-сайманымды — пышағымды, алжапқышымды бірге алып жүремін. Біздің басты құрал — пышақ қой», — дейді Қымбат.

Бірде оған бір қыз бала «қасыңызға ерейін, көмекші етіп алыңыз» депті. Рас, бұл кәсіп кейде көп қолды қажет етеді. Осыны ескерген аспаз оны екі рет үлкен дастарқан әзірлеуге бірге алып кетеді. «Жасағаны аспазға, үйренгені өзіне жақсы болған» ол қазір «екі банкетке еріп барғанда-ақ, дастарқан жайып, қонақ атқарудың қыр-сырын біраз үйрендім» деп ағынан жарылып, аспазға алғыс айтатын көрінеді. Осылайша аспаз жанына ерем деген ниеті бар жандарды да аспаздық кәсіпке баулып, шәкірттер даярлап жүр.

Тойға тапсырыс алу — Қымбаттың тағы бір табыс көзі. Өзі негізінен қаладағы бір құрылыс мекемесінің 10 жұмысшысына түскі ас әзірлеп, жеткізіп береді. Бұл жұмыстың кестесі тойға баруына да ыңғайлы, әрі жұмысқа шықпайтын күндері бастығына ғана ескертеді.

Қолынан пышақ түспейтін кәсіп иелері үнемі түрегеліп жұмыс істейтін болғандықтан, аяқтарынан аяқ қалмайды. Оның үстіне ірі банкетті атқаратын Қымбат секілді аспаздардың той болатын күндері қанша шақырымды жүріп тастайтынын кім білсін. Сондай-ақ олар көп уақыттарын көгілдір оттың қасында өткізеді, әсіресе, жаз күндері тіпті ыстықта жұмыс істейді. Осындай өзіндік қиындығы бар кәсіптің иесі болғанын Қымбат мақтанышпен әңгімелейді. Әрі осы арқылы нәпақасын да тауып жүр, Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұрады. №24 Ақтөбе орта мектебінде оқып жатқан ұлы Досанды да ешкімнен кем қылмай өсіріп жатыр.

P.S. Жанына жақын кәсіптің кәнігі маманы боп жүрген Қымбат өз күнін өзі көріп жүргені рас. Алайда еңбек нарығының талабын әлі де түсінбей жүргендер де баршылық арамызда. Осы тектес кәсіп иелерін іздеп газет хабарландырулары бойынша телефон аппараты арқылы біраз нөмірді терген едім. Сондағы байқағаным, сантехник, кафель төсеуші, теледидар антеннасын немесе компьютер программаларын орнатушы, сағат немесе тұрмыстық техникаларды жөндейтін шеберлердің көбі қазақтар емес, басқа ұлт өкілдері екен. Заңгер немесе экономист мамандығының табақтай дипломын алып, түкке асырмағаннан гөрі, кейде жастардың пайдасы бар бір кәсіпті меңгеруге асыққаны жөн секілді…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button