Әлеумет

Бұқара

  • Сұмдық

Тиын үшін төгілген ұят

Адамдардан мейірім кетіп, қатыгез бола бастауының куәсі болып, соған қаным қайнап, басым ауырды. Қоғамдық көлікте болған мұндай сұмдық  менің басыма тап келер деп ойламаппын. Жасым — 59-да. Осы уақытқа дейін біреудің ала жібін аттап, қарғысын алған жоқ едім. Өтірікке жаным қас. Алланың алдында да адал болуды ойлап жүрген мені №11 автобустың ақша жинаушы жап-жас жігіті  «өтірікші» деп сөгіп салғанда, кірерге тесік таппадым.

Басынан бастайыншы. Үлкен қызымның туған күніне барып қайтайын деп үйден шығып, автобусқа міндім. Күні бойғы тірліктерді ойлап, баратын аялдамаға жетем дегенше, қалтамдағы әмиянымның қалып кеткенін білгенім де жоқ. Әйтеуір, етігімді киіп жатқанда, қолыма ұстап тұрғанымды білемін. Бір уақытта, автобустан түсуге ыңғайланып, қалтама қолымды салсам, сұмдық, әмиян жоқ. Қол сөмкемді сапырылыстырып қарап, састым да қалдым. Тағы маңайымдағылар естісін деп, «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп, «ойбуу, ақшам қалып кетіпті,» — деп күліп қоямын. Ал жаңағы ақша жинаушы жас жігіт менің аласұрып жатқанымды біліп тұрып, жүргізушіге, «жүре бер, түспейді, ақшасы жоқ», — деп қарап тұр. Сонымен автобус қозғалып кетті. «Айналайын, осы жасымда сені алдап неғылайын, шынымен қалып кетіпті», — деп шырылдап жатырмын. Сөйтсем, ана бәтшағар: «Осындай жақсы сылтау тапқан екенсіңдер. Манадан бері не ойлап отырдыңыз? Енді кешке дейін түспейсіз», — деп безеріп алсын. Мұндай сұмдықты кім көрген? Сонда мені 45 теңге үшін дәп–дәу басымен өтірік айтады деп ойлайды ма екен? Жан-жағымнан ұялғаным-ай. Ең сорақысы, маңайымдағы қазақтардың ешқайсысы «мен төлей қояйын» — деген жоқ қой. Бәрі мені «алаяқ» санап алайып қарап тұр. «Қазір нөміріңді көріп алып, түстен кейін 45 теңгеңді 450 қылып әкеп берейін», — дедім де. Осылай салғыласып келе жатып, келесі аялдамаға жеттік. Қайта жүргізушінің иманы бар екен. «Жібер, түссін!» — деді. Ал, түсіп алып балаша жылайын. Не деген қорлық бұл? Шамалы тиын үшін түгімді қалдырмағаны несі екен? Сол автобусқа мінгендердің ешқайсысының қалтасында артық 45 теңге болмауы да мүмкін емес еді ғой. Сонда безірейіп, күл болмасаң, бүл бол деп қарап тұрған қазақтардың да қаперлерінде қайырымдылық, мейірімділік ұшқындары жоқ болғаны ма?  Аналарындай кісіге қаршадай бала бәле жауып, болмашы тиын үшін балағаттап жатқанда, арашалап алатын бірде-бір адамның табылмағанына күйіндім.Тіпті ызаланып жылап бара жатып, автобустың нөмірін де жазып алуды ұмытыппын. Сол күйі 45 теңгем қалтамда қалды. Бірақ сол тиын үшін сол күні ұяттың бәрі әлгі автобусқа төгіліп кеткендей көрінеді.

Шарапат МАЙҒАЗИЕВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Мерей

Жанашыр достардың жарқын істері

1995  жылы мектеп бітірген,  Қазақстан қарулы күштері қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан Алтынбек 2005 жылы кездейсоқ апатқа ұшырап, I топтағы мүгедек болып қалды. Тепсе, темір үзетін жігіт сөйтіп мүгедектер арбасына таңылды. Содан бері Алтынбектің өмірі мүлдем басқа арнаға ойысты.  Шүкірлігі сол, бүгін халін біліп, көмек қолын созып отырған жерлестері жетерлік.

Облыстық мүгедектер қоғамының бастамасымен,  «Диапазон» газетінің қолдауымен «Алтынбекке пәтер кілті» облыстық акциясын өткізу өткен жылдан бері қолға алынды. Бір айта кетерлігі,  бұл игілікті шара бірден көпшіліктің қолдауына ие болды.

Жуырда Ырғыздағы «Арай» мәдениет үйінде Алтынбектің сыныптас, құрдастарының ұйымдастыруымен «Алтын жүрек, адал достар, қайдасың?» атты қайырымдылық концерті өтті. Бүгінде отызға толып, орда бұзар шаққа жеткен Алтынбектің құрдастары ауданның әр түрлі саласында қызмет етіп жүр. Сахна төріне жиі шығып, ән айтып жүрмесе де, дос көңілін аулаған олардың концерттері шындығында әсерлі өтті. Жанашыр достар А.Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін хор түрінде қалықтатса, «Құрдастар» триосы «Армандастар» әнін нақышына келтіре орындады. Тіпті, концерт алдында «сахнаға алғаш шығуым» — деген Алтынбектің тағы бір досы Нұрлан Ержанов ән айтып, «Қаражорға» биін биледі. Ерлі-зайыпты дуэттер Мұрат пен Бибісараның, Руслан мен Ақгүлдің өнерлеріне көрермен қауым шапалақтарын аямады.

Концерт арасында аудан әкімі М.Дуанбеков адал достардың ақ жүректеріне ризашылығын білдірсе,  М.Өтемұратов, Ж.Сәрсенов, Л. Итеғұлова, М.Әлдешов, К.Тұрманбетова, М.Мырзалы, т.б. тілектерін жеткізді. Кеш аяқталар тұста Алтынбектің өзі де осы шараны ұйымдастырып жатқан 1978 жылы туған құрдастарына, қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғыс сезімін білдірді. Арбада отырып, өз ризашылығын қоңыр даусымен салған әсем әнмен жеткізді. Замандастары мен Ырғыздағы ағаларына арнап «Достарым», «Қазақ жігіттері» деген ән жолдаған Алтынбекті көрермендер гүлге көмді.

Осы бір күнгі акциядан барлығы 201 мың теңге қаржы жиналды.

—  Әрине, маған облыс басшысы да, аудан басшысы да көмектерін аяған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын мен сияқты мүгедектерді емдейтін Украинадағы сауықтыру кешеніне де осы азаматтар берген қаражатпен барып қайттым. Дегенмен, маған жанашырлық танытып туған жерімнің азаматтары өткізіп жатқан бұл акцияның жөні бөлек. Алдағы уақытта Ақтөбеде тұратын ырғыздық өнерпаз жігіттер де облыс орталығында осындай концерттік бағдарламаларын қоймақшы. Барлығына еңбектеріңіз Алладан қайтсын деймін. Бәріне ризамын, — дейді Алтынбектің өзі.

Ал  «Мен достарыммен баймын» — дейтін кейіпкеріміздің замандастары туралы әңгіме басқа. Қыстың көзі қырауда Алтынбекті сонау Ақтөбеден Ырғызға алып келіп, кәсіби әншілер болмаса да, өз өнерлерін көрсетіп, акция ұйымдастырып жатқан олардың бұл  істері шындығында үлгі етуге тұрарлық.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

  • Замана

Ғаламтор табыстырады

Ақпараттық кеңістік заманы көпке қол ұшын созып тұр. Мектеп оқушылары мен студенттер дайын мәнжазбаға тер төкпей-ақ қол жеткізсе, журналистер мен түрлі ғылымның мамандары қажетті ақпаратын іріктеп алып отыр. Ал электронды пошталар мен түрлі сайттар қасыңдағыны айтпағанда ескі тамыр-таныстарыңды табуға да мүмкіндік ашты.

«Ақтөбе» газеті мен «Рика ТВ-ның» сайтын ашу таңертең жұмысқа келгеннен кейінгі — басты ісім. Сыртта жүрген соң, туған өңірдің тұрмыс-тірлігін осы екі электронды сайттан көріп, оқып отырамын. Әсіресе, Ырғыз ауданы туралы мақалалар жарқ етсе, мәз болып қаламын. Өткен жылдың 8 қазанында жарық көрген «Ақтөбе» газетіне Марат Мырзалының ырғыздық азамат Нұрқасым Сәрсенбайұлы туралы «Саналы соқпақтар» атты мақаласы жарыққа шықты. Оқып шықтым. Қасындағы жолдасы алға озса, етектен тартатын қазақпыз ғой, әркім сан түрлі пікір білдіргенін байқадым. Бірақ мен үшін жылы жазылған бір дүние екен, ерекше әсер етті. Мақаланы оқи келе, соңғы жағына таман Нұрқасым ағамыздың бір топтағы курстастары туралы аз-мұз жазылған жерге келгенде, Өтепберген Әлімгереев деген есімге көзім түсті. Қайта-қайта оқып шықтым. Кәдімгі өзім қызмет етіп жатқан «Қазақстан-Атырау» телеарнасының бас редакторы болған Өтепберген Әлімгереев пе? Бұл сұрағымның жауабы бірден ойыма оралды. Себебі, осыдан екі жыл бұрын осы телеарнаға қызметке қабылданып жатқанымда Өтепберген ағай «Ырғыздың қызы екенсің, Нұрқасым ағаңды танисың ба?» деп сұраған болатын. Мен: «Ата-анамның аузынан ғана естуім бар, танымаймын», — деген едім. Міне, сол кісіні «Ақтөбе» газетінің бетінен көріп отырмын. Күндегі әдетімше мақаланың астына пікірімді, Өтепберген ағайдың телефондарын қалдырдым. Бірнеше күннен кейін ағайым маған келіп Нұрқасым ағайдың ту-у Ырғыздан телефон шалғанын айтып мәз болды. Ұзақ жылдардан бері үзіліп қалған байланыстың қайта орнағанына рахметін жаудырды. Курстастардың Алматыдан институт бітіріп, жан-жаққа тарағаннан кейін араға сан жылдар салып хабарласқаны екен. «Нұрқасым ағаңның арқасында Ырғыздың тарысы мен жентін талай жегенбіз», — дейді Өтепберген ағай. Міне, қазіргі айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ғаламтордың құдіреті осындай.

Ләззат ӨТЕПОВА.

Атырау қаласы.

  • Түйін

Кінә — өздеріңізде!

«Ақтөбе» газетінің өткен бір нөмірінде Зияда Әліпбаеваның «Ұялылардағы «ұятсыздықтан» қалай арыламыз?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда ана 13 жастағы қызына қымбат телефон әпергенін, ал қызы сол телефоннан қайдағы бір «сұмдықтарды» тамашалап жүргендігін, одан қалай құтылуға болатындығын оқырманнан сұрап, хат жазған. Соған өзімше пікір қоссам деп едім.

Қазақта «Баланы — жастан» деген қанатты сөз бар. Қаршадай қызға  қолақпандай дүниені ұстата салыпсыздар. Кінә — ондай сұмдықты тамашалап жүрген қызыңызда емес, өздеріңізде. Осы уақытқа дейін қымбат «соткалардың» ішінде «сорақы» нәрселер болатынын қалай білмегенсіздер?

Менің жолдасым айына 100 мың теңге жалақы алады, өзімнің айлығым — 50 мың теңгеге жуықтайды. Сонда да балалар тұрмақ, ақша тауып отырған  екеуіміз әлі күнге дейін сіздің қызыңыз ұстағандай телефон ұстап көрмеппіз. Ол бір ақшаның жетіспеушілігінен емес. Телефонды тек байланыс құралы деп қана қарау керек. Тағы да «қарызданып жүріп алып бердік» депсіз. Не көрінді сонша? Қызымыз ауырады екен деп, айтқанын жасай беретін болсаңыздар, екі саусақтарыңызды танауларыңызға тығып, дымсыз қаласыздар ғой бір күні. Сіздерді мұқату емес — мақсатым. Дегенмен, өз әрекеттеріңіздің дұрыс емес екенін өздеріңіз де ұғынған сияқтысыздар.

Үлкен студент ұлымыз кейде қолындағы ойыннан басқа түгі жоқ арзан телефонына үңіліп, ойын ойнап қалғанын көрсек, әкесі екеуіміз екі жақтан тыйып, қаратпай тастаймыз. Себебі, ұялы телефондардың адам денсаулығына тигізер зияны шаш етектен. Соған сіздердің миларыңыз жетпесе, қыздарыңызды кінәлап қайтесіздер? Ол — бала. Ал балаға бәрі де қызық. Әпер деген затын әперіп, мойындарыңызға мінгізгендегі тапқан пайдаларыңыз сол ма? Еркелетудің де жөні болады. Қалағанын алып беріп жатқанда, балаларыңыздың жас ерекшелігін ескермедіңіздер ме? Сіздер тек ұялылардағы ұятсыздықтың шетін ғана көріпсіздер. Ондайлар «соткаларда» қаптап жүр. Сіз «көшірме» дегенмен, ешкім тыңдайын деп жатқан жоқ. Сосын, ол қымбат дүниені мектепке беріп жіберу дұрыс емес екенін білесіздер ме? Біріншіден, ол сабақта қымбат дүниесіне қарағыштап, қасындағылардан қорғаштап, сабақтан басқа нәрсе ойлап отыратын болса, екіншіден, жан-жағындағы өзі құралыптас жасөспірімдердің санасын да улайды. Олар да «Менде неге осындай дүние жоқ» деген уайымға батып, өмірден түңіле бастауы мүмкін. Соның барлығын ойлаған есті ата-ана мектеп оқушысына қымбат телефон алып бермесе керек-ті. Ал сіздің бәрін бүлдіріп алып барып, байбалам салғаныңызға жөн болсын.

Жайнагүл ОМАРОВА,

Шалқар ауданы.

  • Пікір

Тіл тамыры — ауылда

«Қазақ тіліне бір қазақтың жаны ауырса, мендей-ақ ауырсын!»

Бұл біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі.

Алайда әрбір қазақ тілі үшін жаны ауырып, қаны қайнап жүр дегенге сенер ме едіңіз? Біз әлі күнге дейін қазақ жастарының бойына қазақи намыс пен тілге, елге құрмет жайлы құйып келеміз. Неге әрбір қазақ біреудің сүйрелеуінсіз, біреудің ықпалынсыз өз ана тілін меңгермеске?

Бұл басқа тілді, әсіресе, орыс, ағылшын, т.б. еш кемсіту емес. Қайта біздің ел аталған екі тілді өз ұлттық тілімізбен қатар қойып, өркениетті ел болу үшін қажеттілікке жаратып келеді. Ақиқатында ұлы орыс тілінің біздің ғылыми дамуымызға көмегі көп болды, оны әлі де құрметтеп, екінші ана тілі деп қолданыста кең пайдаланып та жүрміз.

Құдайға шүкір, тәуелсіз еліміздің халқы өзінің ұлттық тілі, діні, мәдениеті, тарихы мен болашағы туралы еркін әңгімелеуге қол жеткізді. «Қазақ тілінің болашағы — еліміздің тәуелсіздігінде», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылғы бір сұхбатында.

Дегенмен, еліміздегі қазақтардың елеулі пайызы әлі күнге дейін қазақша білмейді. Өткен жылы Мемлекет басшысы республикалық телеарналарда берген сұхбатында 20 жыл жыр болған тіл туралы әңгіменің әлі де түзу жолға түсе қоймағанын айтқан болатын.

Әрине, жасалып жатқан жұмыстар, іс-шаралар да жетерлік. Әсіресе, тіл мәртебесін асқақтатуға ауылдық жерлер білек сыбана кіріскен.

17 мыңнан аса тұрғыны бар Қарғалы ауданында бұдан 10 жыл бұрын өзге ұлт өкілдері басым болғаны шындық. Бүгінгі таңда тұрғындардың 60 пайызы — қазақтар. Өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тіліне деген қызығушылығы әлдеқайда жоғарылаған. Жылда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі іс-шаралар өткізіп, жеңімпаздар облыстық деңгейдегі тіл байқауында жүлделі орындарды иеленіп жүр, ономастикалық комиссия жұмысы да айтарлықтай қазақылануда. Жылдын-жылға жылжу бар, оны аудан тұрғындары да сезініп келеді.

Сөзіме бір дәлел, өткен жылдың ақпан айында аудан әкімі Мұқтар Жұмағазиев халқаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Мейрамбек Мысаевтың тіл, салт-дәстүрді дәріптеудегі озық жұмысын, аудандағы №12 кәсіптік лицейдегі мемлекеттік тілдегі ұстаздық еңбегін елеп, оған аудан орталығы Бадамшадан үш бөлмелі мемлекеттік тапсырыста салынған үйдің кілтін табыстады. Бұл да тілді құрметтеудегі өзгеге үлгі боларлық аудан әкімінің өнегесі.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қарғалы ауданы

  • Ойтүрткі

Ән тыңдасаң, әдеміленесің…

Атамыз қазақ тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтаған. Жан азығы дегеніміз — адамның рухани демалуына ықпал етуші күш. Түптеп келгенде, жан азығын ертеден жандарына серік еткен халқымыз жаңа туған нәрестеге бесік жыры арқылы осындай азық сыйлап отырған. Демек, әуенді тыңдай білу де, түсіне білу де — өнер.

Өкінішке орай, көпшілігіміз жақсы әуенді тыңдай, ести білмейміз. Әннің өзі адам жанына, денсаулығына, көңіл күйіне оң әсер етіп қана қоймай, күніңнің көңілді өтуіне мол септігін тигізеді. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, адам музыка тыңдаған сайын жасара түсетіні дәлелденген. Ал біздер күйбең тіршілікте кейде апталап, айлап ән тыңдамай жүре береміз. Рухани демалыс сыйлай келген концерттерге уақыт тауып бармаймыз.

Жақында ауылымызға Байғанин аудандық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен мерекелік концерт келді. Концерттік бағдарлама үлкен дайындықпен, ауыл адамдарының көңілін көтеру үшін аса бір үлкен дайындықпен келген-ақ. Б.Тәжібаев атындағы саз мектебінің, мәдениет үйінің өнерпаздары, «Шаттық» бишілер тобы, «Ақ тілекті әжелер», «Құрбы қыздар» ансамбльдері сыйлаған әсем әндер мен билер көрермен мен тыңдарманды жадыратып тастады. Рас, концерттен бірнеше жасқа жасарып шыққандай болдық. Бірақ бір өкініштісі, залда отырған көрермендердің аздығы еді. Әр жерде тарыдай шашылып, азғана адам отырғанын көргенде, еңсең түседі екен. Өзімізді өзіміздің сыйламайтынымыз осындайдан белгілі болады. Әркімнің тіршілігі бар, дегенмен рухани дүниені де естен шығармай, концерттерге барып тұру керек емес пе? Жақсы әуен — жан дауасы. Ендеше, әсем ән тыңдап, әрленуді, әдемілене түсуді ұмытпайық.

Толғанай БӨЛЕГЕНОВА,

№3 Қарауылкелді орта мектебінің психологы,

Байғанин ауданы.

  • Ошақ

Әкем — асқар тауым емес

Жасым 25- те, тұрмыстамын. Жолдасымның жаман әдеттерден аулақтығы қуантады. Айтайын дегенім — отбасылық жағдайым емес, туған әкем жайлы.

Біз ес білгелі көргеніміз — әкеміздің ішіп, былапыт сөздер айтуы, анамызды сабауы, бізге де қол көтеретіні, өз шаңырағына масыл болғаны ғана. Ал әкелік жылы сөз, ыстық құшақ дегенді мүлдем білмейміз де. Кейде анамның мықтылығына таң қалам. Әлі күнге дейін сол әрекетінен арылмаған әкеммен  тұрып, оны асырап келеді. Өзінің мамандығы аспазшы болса да, алыс жерлерге барып, жұмыс істей алмайды. Себебі, әкеміз ішіп, үйге неше түрлі адамдарды жинап, үйдің заттарын сатып жіберуден тайынбайды. Анам тек  мекемелерді аралап,  үйден пісірген ыстық тағамдарды сатады.  Туған әкем болса да, анама онымен ажырасуға талай кеңес бердім. «Осынша жасқа келгенде қайда барам?» дейді. Әкем ішпеген күннің өзінде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын жан. Жамандайын демейсің ғой. Тіпті қаның қарайып кетеді екен. Ішіп келген күндері есіктің алдына шығып алып, небір лас сөздерді анама жаудыратынын қайтерсің. Ешкім естімейді-ау дегенмен, бөлек те үй емес, кәдімгі көп қабатты үйде тұрып, бәріне ақысыз «концерт» қояды.

Осыдан 5-6 жыл бұрын әкем арақтың салдарынан жүре алмай қалды, сөйлеуге де мұршасы болмады. Анам безілдеп жүріп, барлық ем-домын жасады. Енді араққа жоламайтын болар дегенбіз. Бірақ, тағы да бұрынғы әуеніне басқанда, арақпен айырылмас дос екенін түсіндік. Үйде екі қызбыз. Сіңлім — студент. Ол тұрмысқа шықса, анамның күні не болатынын білмеймін? Әкеміз біз үйге барғанда да, қабағы ашылмай, аузына келгенін айтады: «Қата қал, өле қал… Сенің өлігіңе де бармаймын. Үйіңе де аттап баспаймын. Келме! Сені үйттім, бүйткенім бар…». Ал бұл сау адамның сөзі ме? Бұл әкесінің баласына деген риясыз көңілі ме? Шынымды айтсам,  әкеме еркелеп, мойнына да асылып көрмеппін. Әр күніміз қорқумен, «қазір ішіп келіп, тиіседі- ау» деген үреймен өтті.

Бөлек тұрсам да, анамның жағдайы қатты ойландырады. Себебі, анамыздың бізге  сіңірген еңбегі зор! Бізге ана керек! Ерге тигелі әйелдің де, еркектің де жұмысын істеген анамыздың денсаулығы да мәз емес. Жолдасым: «Ауламыздан бөлек үй салып берейін. Сонда тұрсын»,— деп бәйек қағады. Бірақ анам: «Келмеймін»— дейді. Алыстан қатысқысы келетін болар?

Осы газеттің оқырмандары, көпті көрген адамдар өз ойын білдіріп, ақылын айтып, кеңес беріп жатады ғой,  ал бұл жағдайға байланысты не айтасыздар?

Мира,

Мұғалжар ауданы.

***

  • Мерей

Америкамен амандасып отырмыз

«Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз». Иә, гүлдендік, түрлендік, Шүкір, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ауылдар ажарланып, тұрғындар бақытты күн кешуде. Сондай көңілді күйге еніп отырған ауылдардың бірі — Жабасақ ауылы.

Бір кездері «Әріге көз жіберіп қарасақ тым, тарихы ұшан-теңіз Жабасақтың», — деп жырға қосқан осы ауыл ертеректе Ырғыз ауданына қарасты еді. Ауданның солтүстігіндегі бірнеше ұсақ ұжымшарлардың басын біріктірген ірі орталық болатын. Кейін олар біріктіріліп, «Жабасақ» кеңшары болып құрылды. Сол уақытта мал шаруашылығын жандандырып отырған іргелі өңір еді. Ауылымызда 45-48 мың қой, 5 мыңдай ірі қара, 3 мыңдай жылқы басы болды. Кеңес өкіметі тараған уақытта кеңшар да тарады. Ауыл малы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ел жұмыссыздықтан жан-жаққа бытырап көше бастады. Менің айтпағым — бұл емес-ті.

Елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында бүгінде ес жиып, етек жаптық. Қазіргі Жабасақтың жағдайы өте жақсы деуге болады. Бірнеше шаруа қожалықтары құрылды. Ауылдықтардың әрқайсысының үйінде бір-бір жеңіл көліктен бар. Әрбіріміздің үйімізде телефон желісі орнатылған. Тіпті, ауыл тұрғыны Сапа Кәрібаев сонау Америка Құрама Штатында тұратын тумасымен апта сайын телефон арқылы  хабарласып отырады. Округ орталығы — Жабасақтан қашықта орналасқан елді мекендердің өздері де теледидар, телефондардың рахатын көруде. Орталықтан 50 шақырым қашықтықтағы Аққұм ауылы жоғары кернеулі электр желісіне қосылды. Бұл ізгілікті істердің басында, әрине, облыс басшысы Елеусін Сағындықов отыр. «Жол картасы» аясында ауылда 25 орындық балабақша ашылды. Ауылдық амбулатория, орта мектеп, мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір оқушылар мектепте, үлкендер мәдениет үйінде жеңіл киіммен отыра береді. Бұрынғыдай электр жарығы өшпейтін де болған. Бұл жетістіктерге жетуде аудан әкімі Е. Есенбаев пен ауыл әкімі Т.Жүсіповтың жасаған еңбектері де жетерлік. Ауылымызда бұлардан өзге де ауыз толтырып айтатын жаңалықтарымыз жетерлік. Алдағы уақытта ауылымызда типтік жобамен жаңа мектеп салынбақшы.

Бір өкініштісі, Құмқұдық пен біздің ауылдың ортасындағы 45 шақырымдық жолдың күрделілігі. Екі ортаға қатынау тіпті қиын. Ойдым-ойдым жолдарда көліктер тұрмақ жаяу жүргінші әрең жүреді. Оның да бір реті келер деген үмітіміз бар. Одан қиын шаруалар жүзеге асып жатқанда, жолдың кішкене ақаулығы да реттелер. Әйтеуір, Жабасақтағы жұртшылықтың жағдайлары жаман емес қой.

Қуаныш АЛТЫНБАЕВ,

ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер-ұстаз.

Әйтеке би ауданы ауданы.

  • Айтайын дегенім…

Өзен-көлді сақтау — өз қолымызда

Өткен жылы республикалық, облыстық газеттерде Ырғыздағы өзендер мен көлдер туралы мақалалар жарық көрген болатын.  Сол Ырғыз өзенінің бойында тұрып жатқандықтан, ойға ой қосқым келіп еді.

Сол мақалалардың бірінде «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Нұрқасым Сәрсенбайұлы аталмыш көлдердің тартылуы мен кеуіп қалуының басты себептерін өте түсінікті етіп жеткізген.  Екінші Арал пайда болайын деп тұрғаны да шындық.  Жаз басталып, екі апта жаңбыр жаумаған жағдайдағы біздің ауылдың түрін сіз көрмей-ақ қойыңыз, мен айтпай-ақ қояйын. Жер кеуіп кеткендіктен, кішкентай жел тұрса, ауыл ішінде құм борап, көкшаңдақ күйге түсеміз.

Ырғыз өзені бастауын көршілес Әйтеке би ауданынан алады. Қарабұтақ селосынан өткен соң, арнасы кеңейе бастайды.

60-жылдардың соңы, 70-жылдардың басында Ырғыз өзені бойында, біздің  Қарасай ауылының тұсында  ну тоғай болатын.  Сол тоғайдың ішіне кіргенде адасып кететін едік.  Бүгінгі күні оның жұрнағы да қалмаған. Өзеннің жағасы мен айналасы да өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай еді. Киік, қабан, су құстарының түрлері, балықтар қоры көп болатын. Осыларды қазіргі жастарға айтсақ ертегідей көрінеді.

Ырғыз өзенінің тартылып, кеуіп қалуына себеп болған бірнеше факторлар бар. Өтпелі кезең уақытында кәріс ағайындар келіп, өзен бойына су тартатын насостарды қойып, бақша салды. Нәтижесінде терең сулар тартылып қалды. Бақша еккен жердің топырағы бүлінді. Жекешелендіру басталған уақытта ауыл тұрғындары отын тапшылығынан өзен жағасындағы ну талдарды жаппай қырқып, отынға пайдаланды. Ауыл тұрғындары отынды қыс бойы шауып, ат-шанамен тасып алатын. Өзен бойын мекендеген жануарлар қоры азайып, қабандар жойылды. Қояндар азайды. Міне, осылардың салдарынан табиғаттағы байлығымыздан қол үзе бастадық.

Ал ендігі жерде қалған байлығымызды уысымыздан шығарып, жоғалтып алмау өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек.

Ахметжан ДӘУЛЕТОВ,

Құмтоғай орта мектебінің мұғалімі.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ахметжан агамыздын айтып отырганы ащы да болса шындык. Жаз бойы Ыргыз озені жагасына бау-бакша егіп, ал кыс бойы ат шанамен тал, агаш тасыган кундер али коз алдымда. Мен билетин барша Кумтогайлыктар бирнеше жылдар бойы  осы озен жагасындагы тогаймен кун корди гой. Амал жоктыктан болган ис екенин де тусингу болады. Енді халыктын жагдайы жаксарып келеди, укимет тарапынан алеуметтик комектер де бар.  Ендігі максат – бюджеттен каржы болип сол курыган тогайды калыпына келтіру жумыстарын колга алу керек. Казир  бірнеше мындап тал терек отыргызу тажирибеси барлык жерде колга алынып келеді. Коктемде ауыл-ауыл болып осы жумыстарды колга алса,  келесі бір он жылда тал-терек гулдеп жайкалып турмай ма?  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button